Динара Сәдуақасова әлемнің үш дүркін чемпионы атанды

Динара Сәдуақасова әлемнің үш дүркін чемпионы атанды

Динара Сәдуақасова. Фото әлеуметтік желіден алынды

Қазақстандық гроссмейстер Динара Сәдуақасова ОАР-да өтіп жатқан шахматтан әлем біріншілігінде 18 жасқа дейінгі спортшылар арасында топ жарды, - деп хабарлайды Vesti.kz. Бұл - Динараның спорттық мансанбағы үшінші жеңісі. Бұған дейін отандасымыз 14 және 17 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионы атанған болатын.

Оңтүстік Африка Республикасының Дурбан қаласында өтіп жатқан әлім біріншілігінде қазақстандық спортшы мүмкін болған 11 ұпайдың 10-ын еншіледі. Сондықтан да ол әлем біріншілігінің аяқталуына бір тур қалғанда чемпион атанып қойды. Бұл жеңісінен кейін Динара Сәдуақасова FIDE TOP 100 Women рейтингінің қазан айындағы тізімінде 11 сатыға жоғарылады. Қазір ол - 53-орында. Бұл көрсеткіш - Қазақстан үшін әзірше ең жоғарғы нәтиже. Тізімнің бірінші сатысына венгриялық Юдит Полгар орналасқан. Айта кетейік, Дурбанда өткен әлем біріншілігінде қазақстандық тағы бір спортшы Бибісара Асаубаева күміс медаль олжалады. Толығырақ мына сілтемеден оқи аласыздар.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстан құрамасы Бүкіләлемдік шахмат Олимпиадасында алтыншы орын алған еді. Мұндай жетістікті көптеген БАҚ зор табыс деп жазды. Норвегияның Тромсе қаласында өткен доданың соңғы турында Қазақстан құрамасы Чехия құрамасын 3:1 есебімен ұтты. Бүкіләлемдік шахмат олимпиадасы барысында Динара Сәдуақасова әлемнің мықты шахматшыларымен кездесіп, 2488 ұпай жинады. Мұндай көрсеткіш негізі ерлердің орташа ұпайы болып саналады. Ал Қазақстан құрамасының тағы бір спортшысы, халықаралық деңгейдегі гроссмейстер Гүлмира Дәулетова жасөспірімдер арасындағы олимпиаданың қола жүлдегері атанды.   tengrinews.kz