Ата-анасынан безінгендер қылмыстық жауапкершілікке тартылады

Ата-анасын көкірегінен итергендер енді қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 2 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін.

 Елімізде ата-анасынан безінгендер қылмыстық жауапкершілікке тартылады Бұл туралы Baq.kz хабарлайды.

Жаңа Қылмыстық кодексте осындай жаза қарастырылғанын Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Асқар Шәкіров мәлім етті.

Аталған бастама еліміздегі ардагерлер үйі санының азаюына негіз болмақ. Астана қаласындағы қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекемесінің тыныс-тіршігімен танысқан уәкіл оларды мазалайтын бірқатар сауалдарға жауап берді.

Бүгінде аталған мекемеде 316 қарт пен мүгедек жандар тұрады. Оның әрқайсысын асырауға ел қазынасынан жылына 1 млн. 300 мың теңге бөлінеді.

Бұған қоса, барлығы зейнетақы және әлеуметтік төлемдермен қамтылады. Ал ата-анасынан бас тартқандар арасында арланбай олардың зейнетақысын алып жүргендер де бар.

"Бұл мекемеде медициналық және әлеуметтік қызмет тиісті деңгейде көрсетілуде. Дегенмен, мұндай орындардың санының артуына жол бермеуіміз керек. Балаларының ата-анасынан бас тартуы қоғамда ұят, ауыр қылмыс деп қаралуы керек", - деді Қазақстан Республикасы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Асқар Шәкіров.

Источник: NUR.KZ