АЛАБҰҒА ТҮСКЕ ЕНСЕ...

еска           Халық артисі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ескендір Хасанғалиев бала кезден балық аулауға құмар көрінеді. Орал өлкесіндегі Қалдығайты өзені маңында туып-өскен ол сонау ескі күннің сиқырлы елесіне рахаттана сүңгиді. Шіркін, бейкүнә балғын шақ кім-кімге де ыстық-ау. Бейғам балдәуренін еске түсірген Есағаң ерекше балбырап, анда-санда бас шайқап қойып, риясыз күледі. – Ауылдың бір-бір топ қарасирағы қалт етсе, іркесе-тіркесе, ауыл іргесіндегі Қоскөлге қарай тартып бара жатушы ек. Қармақ саламыз. Қармағы жоқтар, балықты, тіпті, сыпырып алып, қос балағын буып тастап, бұттағы іш киіммен сүзуге кіріседі. Ай, мың бояулы қайран, балалық-ай!.. Сәл есейген соң Шыңғырлау мен Қаратөбе төсін тіліп аққан Қалдығайтының сазаны мен шортанын жалғыз барып та аулауға кіріскен секілді. – Бірде, қамыс арасында сарғайып кеш батқанша отырсам да, қармағым қаппады. Үшінші кластағы кезім болар. Содан қой деп қайтуды ойлай бастаған сәтте, кенеттен бір алапат күштің жұлқи тартып, сүйрей жөнелгені. Сөйтсем, алып алабұға іліккен екен. Есім шығып, белден су кеше жүріп, недәуір арпалысып, тайдай тулаған пәтшағарды зорға шығардым жағаға. Сұмдық ауыр екен. Кемі он келідей бар. Үйге әрең жеткіздім... Ел сүйіктісіне айналған дарынды композитордың балықшылық әуестігі күні бүгінге дейін қалмапты. – Облыстарда іссапарда жүргенде де аңсарым ауып, өзен жағасына асығамын. Күтіп алушы азаматтардың көбі біліп алған. Ау-құралдарын сайлап отырады. Ағамыз келеді деп. Қармақ түрлері көп қой қазір. Кейде өзім де жасап ала саламын қолдан. Баяғы бала кездегідей... Қарап отырсақ, Орал мен Атыраудың, Қызылорда мен Шымкенттің, Көкшетау мен Қостанайдың, Астана мен Қарағандының, Кереку мен Өскемен аймағының... Ескендір Хасанғалиев қармақ салмаған айдын көлі мен өзен арнасы аз сияқты. – О несі екенін білмеймін, қашаннан лебі бет желпитін су алабына құштармын. Ауаның тазалығы баурай ма әлде бір мезгіл көңіл сергітуге ұмтылатын шығарсың, әйтеуір, кезекті концерттерден кейін еліктіріп, тартып-ақ тұрады. Балықты да бір пісіріп жей қояйын деп ауламайсың ғой. Кейде ірірегі, кейде майда шабағы ілігіп жатады. Қайсысы түссе де мәзбіз... Есақамыз жеткіншек кезде кеңес өкіметінің көптеген оқушыла­рындай марка жинапты. – Ғарышкерлер мен белгілі ғалымдардың кескіндері, ғылыми-техникалық прогресс жетістіктері бейнеленген марканың әр алуанын жиыстырып бағыппын. Кейін бұл ермек ұлым Біржанға ауысты. Енді альбомға қатталған соларды немерелерім аударыстырып қойып жүреді. Бірақ, байқауымша, баяғы біз қызыққандай құмарлық жоқ-ау. Соған қарағанда, әр кезеңнің өз әуестігі болады білем... Сыр тарта келе аңдағанымыз, Ескең жас шақтан күшік, ит асырауға да үйір екен. – Қазір де бір ит бар. Аты – Қарагөз. Бір күні, қарасам, қаңғып жүрген екі күшік тыпырлап, шарбақтың тесігінен кіріп жатыр. Аяп, асырап алдық. Бұлар да жанға жылу дарытып, көңіл алдарқатады. Бірақ кейін біреуін әлдекімдер ұрлап кетті... Әйгілі сазгердің бір «әлсіздігі»–галстук болып шықты. – Дүкенге кіре қалсам, айналшықтап көп жүрем. Галстук таңдаймын. Ақыры, біреуін алмай шықпаймын. Шет елдерге барғанда, боса-бомаса да аласың. Жиырмаға тарта сырт мемлекетке жол түскен екен. Бәрінен де әкелдім. Естелікке дейсің немесе өзгеше сапасы қызықтырады. Осындай құмарлықты білген ағайын-туыс та көбіне галстук сыйлап жатады. Өте көп. Санаған емеспін. Жүзден асады-ау. Негізінен, қызыл түсті жақсы көрем. Гүлмен көмкерген түрлерін де ұнатам... Әсерінің күшті болғандығынан шығар, ано-о-у жас шақтағы алабұға әлі күнге естен шықпайды дейді. Тіпті, бертінге дейін баяғыша өрге сүйреп, түсіне де кірсе керек. Алтын балық болмаса да, алғашқы үлкен олжасы да сол ғой, кейін кілең сәттілікке бастағандай. Құт болғандай. Өзге бір кеңістіктерге жол ашып, табысқа жетелегендей. Әлбетте, ол да әшейін бір ырым көрінісі. Әйтпесе, әрбір атақ-абыройдың азғантай талант пен зор еңбектің арқасында келетінін өзі де жиі айтады. Қалай болғанда да, Қаратөбенің қарапайым қара баласы, осылайша, біртіндеп қанатын шыңдап, жан тербейтін әнімен сусындатып, қазақтың міне дейтін көрнекті ұлына айналғанын елдің бәрі біледі. Құлтөлеу МҰҚАШ