«ҚАРАШАҢЫРАҚТЫҢ» ТҰСАУЫ КЕСІЛДІ

1471
0
Бөлісу:

 

IMG_9916

 

 

 

 

 

 

 

Таяуда еліміздің Ұлттық академиялық кітапханасында «Шалқар» радиосының Бас редакторы, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің 1-дәрежелі лауреаты, Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың иегері, ақын Серік Сейітманның «Қарашаңырақ» атты жаңа кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.

Тұсаукесерге бұқаралық ақпарат құралдары мен қазақтың сөз ұстаған саңлақтары – Әшірбек Сығай, Несіпбек Айтұлы, Серік Тұрғынбекұлы, Амангелді Кеңшілікұлы, Омар Жәлел, Сағымбай Жұмағұлов, Махат Садық, Болатбек Төлепберген сынды зиялы қауым өкілдері мен Серіктің қанаттас ақын достары Қалқаман Сарин, Ұларбек Нұрғалым, Олжас Қасым және ерікті оқырмандар қатысты.
Жинал­ған жұртшы­лықты жалық­тырмай, делебесін қоздыр­ған айтулы кешті ақын, сатирик Көпен Әмірбек жүргізді. Сондай-ақ, Шолпан Қорғанбекова жетекшілік ететін «Көк түріктер» этнофольклорлық ансамблі, Халықаралық «Азия дауысы» фестивалінің бас жүлдегері, әнші Бауыржан Исаев, дәстүрлі әнші Жасұлан Базарбеков, күйшілер Сәрсенғали Жүзбай мен Ардаби Мәулет, әнші-композитор Ғалия Өзбекбайқызы сынды өнер тарландары өз өнерлерін ортаға салды.
Салтанатты шараның соңында залдағы барша көрермен Серік Сейіт­манның сөзіне жазылған әндерді бірге шырқап, әсерлі кешті қимай тарады.
12 баспа табақтық «Қарашаңырақ» «Абди Компани» АҚ-тың қолдауымен шығарылды. Ақынның бұл жинағына азаматтық лирикалары мен өлең тақырыптарына сай «Шумақталмаған ойлары», «Отырардағы оқиға» поэмасы, сондай-ақ, қосымша ретінде «Қырсық қызға қолтаңба» балладасы енген. Жинақ автордың бұған дейін жарық көрген «Қазақтың қаны» кітабының жүгін арқаласып, тілеуін тілескен мақсатты жалғасы.
Кітапты іздегендер «Абди Компани» АҚ дүкен­дер желісінен және «Меломан», «Эврика» кітап дүкендерінен таба алады.

Әшірбек Сығай, профессор:
– Серік Сейітман – менің жақсы көріп оқитын ақында­рым­ның бірі. Себебі, Серіктің жырларында табиғилық, ұлттық құндылық басым. Қазіргі қазақ поэзиясында ақынмын деп жүргендердің көбісі төрт жол құрап, ән шығарғанына мәз болып жүргендер.
Серік, сен тумысыңнан, жөр­гегіңнен ақынсың. Жасай бер! Сенің поэзияң алысқа шабуы тиіс.

Несіпбек Айтұлы, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:
– Бүгін Серік бауырымның кітабын оқығаннан кейін әдейі сөйлейін деп келдім. Серік «Түркістан» деген өлеңінде:
Төбеңе кеп тоқтап қалған Арай Күн,
Арай Күнге көз аша алмай қараймын.
Қасиетіңді мансұқтаған
Қасиетсіз
Діншілдерді мен де мойындамаймын, –
дейді. Міне, бүгінгі күннің сөзі. Осылай сөйлеу керек ақын. Кейінгі ақындарға жетпей жатқан олқылық – Тәуелсіз елдің сөзін айта білу, адамның жігерін жанитын, намысын оятатын сөздерді айта білу жоғалып кетіп еді. Соны айтуды Серік Сейітманнан көріп, қатты қуанып отырмын.
Ұлттың сөзін айта білетін үлкен ақын екенсің. Осы бағытыңнан тайма.

Серік Тұрғынбекұлы, ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты:
– Бүгінгі жиынға жастардың өз жүрек құштарымен келіп, өлең-жырларын сүйсініп тыңдауы Серік Сейітманның болашағы бар ақын екендігін көрсетеді. Бұл ақын ұзаққа шабады, алысқа тартатын ақын деп түсінемін. Өлеңдерінде ой, мұң, сыр, ар жағында қуаныштың қылаң берген иірімдері, өмірге деген құштарлық – осылардың бәрі бар екен. Астарында терең тебіреністер бар екен. Соны сезіп, өзінің бағытын бағамдадым, стилін, ерекшелігін аңғардым. Қазақта Серік деген мықты-мықты ақындар бар еді. Солардың тобына тегеурінді, мықты тағы да бір Серік қосылды қазақ әдебиетіне. Кітабының аты – «Қарашаңырақ» екен, табалдырықтан именбей аттап, төріне қарай беттеп келе жатыр екен, сол орны құтты болсын деп батамды бердім.

Көпен Әмірбек, «Парасат» орденінің иегері:
– Серік Сейітман – жас ақын емес. Ол қазақ поэзиясының есігін еркін ашып келген, қазақ поэзиясына қалыптасып келген және қанаты қатайып, қабырғасы бекіп, буыны босамай келген мықты ақын. Оның мықтылығы – өзінің сол алғашқы «Қазақтың қаны» кітабы, екінші мықтылығы – «Қарашаңырақ». Екеуінде үлкен үндестік бар. Ол біздің қазақ деген қарапайым халықтың ұлағаттылығы, ұлылығы, жылылығы және шуақты да қуатты мінездерін осы кітаптары арқылы өте жақсы бейнелеп, кейінгі жастарға жақсы жеткізіп жүргендігі қуантады.

Өз тілшімізден

Бөлісу:

Пікір немесе жауап жазу

16 + алты =