Еліміздегі жаңа кадрлық тағайындаулар

Апта барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы өкімімен 2 тағайындау жасалды. Сонымен қатар, еліміздің жергілікті атқарушы органдарында бірқатар кадрлық ауысулар жасалып, «Нұр медиа» холдингіне жаңа басшы келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. images Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Өкімімен Рашид Тауфикұлы Жақыпов Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары қызметіне тағайындалды. Полиция генерал-майоры Рашид Жақыпов 1959 жылдың 7 қазанында Шығыс Қазақстан облысының Самар ауылында дүниеге келген. С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде білім алған. 1981 жылдың қазаны мен 1995 жылдың қарашасында прокуратура органдарында қызмет атқарған. Мемлекеттік тергеу комитетінде жұмыс жасаған. 1997 жылы ішкі істер органдарына қызметке ауысып, ШҚО ІІБ Өзіндік қауіпсіздік басқармасының бастығы болып тағайындалды. Ал, 1998 жылдан Шығыс Қазақстан, Ақмола облыстары ІІБ, Көліктегі Оңтүстік-Шығыс ІІД бастықтарының орынбасары қызметтерін атқарды. 2006 жылдан бастап ШҚО ІІД бастығының орынбасары лауазымында болды. Қазіргі қызметіне тағайындалғанға дейін ШҚО ІІД бастығы лауазымында болған.«Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Астананың 10 жылдығы», «Ерекше қызметі үшін» медальдарымен марапатталған. Елбасы Н.Назарбаевтың Өкімімен Бибігүл Нұрғалиқызы Нүсіпжанова Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры қызметіне тағайындалды. Б.Нүсіпжанова 1963 жылы дүниеге келген. Жаңа қызметке тағайындалғанға дейін Елебеков атындағы Республикалық эстрада-цирк колледжінің директоры қызметін атқарған. Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібековтың бұйрығымен өңірде бірқатар тағайындаулар жасалды. Атап айтқанда, «А» корпусының кадрлық резервінен Серік Әкенов Қарағанды облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы болып тағайындалды. Ал конкурстық іріктеуден өткен Эльдар Дүйсетаев облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары қызметіне кірісті. 50 жастағы С.Әкеновтің «өндірістік көлік инженері» және «экономист» мамандықтары бойынша 2 жоғары білімі бар. 2000 жылдан - мемлекеттік қызметте. 2007 жылы Қарағанды облысының Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар департаменті директорының орынбасары болған. Кейін Қарағанды қаласының ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімін басқарды, Теміртау қаласы әкімінің орынбасары, облыс әкімі аппаратының әлеуметтiк-экономикалық даму бөлiмінің меңгерушiсi болып жұмыс iстедi. 2011 жылдың қаңтарынан осы күнге дейін Қарағанды қаласының Октябрь ауданы әкімінің аппарат басшысы болды. 33 жастағы Э.Дүйсетаевтың «елтанушы-тарихшы» және «менеджмент бакалавры» мамандықтары бойынша екі жоғары білімі бар. 2004 жылдан мемлекеттік қызметте. Қарағанды қаласындағы Қазыбек би ауданы әкімінің аппаратында, облыс әкімінің аппаратында қызмет еткен. ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігі энергетика саласын реттеу бойынша департаментінің тарифтік, техникалық реттеу және методология басқармасын басқарды. Кейін Қарағанды облысы бойынша осы агенттіктің департамент директорының орынбасары болды. 2012 жылдың қыркүйегінен жаңа тағайындауға дейін ол ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігі стратегиялық жоспарлау және жиынтық талдау департаменті директорының орынбасары қызметін атқарған. Негізгі құрылтайшы «Нұр Отан» партиясының шешімімен Жанай Омаров «Нұр Медиа» Холдингінің Бас директоры болып тағайындалды. Ж.Омаров 1955 жылы Алматы қаласында туған, ұлты қазақ, білімі жоғары, философия ғылымдарының кандидаты. 1977 жылы М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін философия мамандығы бойынша бітірген. 1980-1997 жылдар аралығында еліміздің жоғарғы оқу орындарында оқытушылық және ғылыми қызметтермен айналысты. 1998 - 1999 жылдары Алматы қалалық ақпарат және қоғамдық келісім басқармасының бастығы, «Имидж-Успех» ақпараттық-талдау орталығының бас директоры, ҚР Президентіне үміткер Н.Ә. Назарбаевты қолдау қоғамдық штабының үгіт-насихат тобының жетекшісі - Баспасөз хатшысы қызметтерін атқарды. 1999 - 2001 жылдары Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Бұқаралық ақпарат құралдары департаментінің директоры, 2001-2004 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Президентінің Баспасөз хатшысы, ҚР Президенті Әкімшілігі Ақпараттық-талдау орталығының меңгерушісі, ішкі саясат басқармасының қоғаммен және баспасөзбен байланыс бөлімінің меңгерушісі лауазымдарында қызмет етті. 2004-2007 жылдары «ҚазАқпарат» ҰК» АҚ президенті, 2007-2008 жылдары «Қазақстан Тудэй» агенттігі» АҚ баспа үйінің бас директоры, «Караван» газетінің бас редакторы болды. 2008-2011 жылдары «Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрағасы болып жұмыс істеді. 2011 жылғы шілде айынан бастап «Казахстанская правда» республикалық газеті» АҚ басқарма төрағасы болып қызмет етті. 2014 жылдың қаңтарынан 25 тамызға дейін ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрінің қызметін атқарды. Алматы облысының бокс федерациясының президенті Бауыржан Оспанов Қазақстан бокс федерациясының облыстық федерациялармен жұмыс істеу бойынша вице-президенті лауазымына тағайындалды. Бауыржан Кеңесбекұлы Оспанов 1968 жылы 12 наурызда Алматы облысы Андреев ауданының (қазіргі Алакөл ауданының құрамына енгізілген бұрынғы Үйгентас ауданы) Жыланды ауылында туған. Алматы энергетика институтын тәмамдаған. Техника ғылымдарының кандидаты. Белгілі қоғам қайраткері, меценат. Бірқатар үкіметтік марапаттарға ие болған.