Семейдің туған күні

Қазақстан Республикасы Президентінің

Шығыс Қазақстан облысының

Семипалатинск қаласын қайта атау туралы

 

Жарлығы

«Қазақстан Республикасының әкімшілік- аумақтық құрылысы туралы» 1993 жылғы 8 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабына сәйкес және Шығыс Қазақстан облысы атқарушы және өкілді органдарының пікірін ескере отырып ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

1.Шығыс Қазақстан облысының Семипалатинск қаласы Семей қаласы болып қайта аталсын.                                2.Осы жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев. 

Астана,Ақорда,2007 жылғы 21 маусым №351.

         2007 жылғы 21 маусым қала тұрғындарының есінде өшпес із қалдырып, орасан зор рух пен жігерлілікке даңғыл жол ашты. Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың Шығыс Қазақстан облысына сапары кезінде қаланы екі тілде бірдей Семей деп атауды ұсынғаны және оның атын бірегей ету туралы Жарлығы шыққаны көпшіліктің көкейіндегісін дөп басты. Тегінде мұны халық ниеті мен Елбасы ойының бірдей боп үндесіп шыққанының белгісі деу керек.Тарихи қалыптасқан, әрі халықтық сипат алған қала атауының мемлекеттік тілде Семей тұлғасында аталып,   жазылуы лайықты да, заңды құбылыс.

e5bd5f39ca934280f74705d87002ba3221 маусым – Семей қаласының шежіресінен ойып тұрып орын алатынына күмән жоқ. Өйткені, қаламыздың дүр сілкініп, түлеп сала берген жаңа кезеңі басталды, Семейліктердің асқақ арманының бейнесі көрінді. Енді, қала тұрғындарының осы күнді тұмардай қасиет тұтатыны ақиқат.

21 маусым – Семейдің туған күні ретінде қаламыздың тарихында мәңгі қалады. Осы күнді ресми түрде орнықтырып, жалпыхалықтық сүйікті мерекелердің біріне айналдырса, әрбір Семейлік отбасында, әрбір үйде атап өтілетіні айтпаса да түсінікті жайт. Ал, біздің бәріміз үшін ең маңыздысы, Семейдің жаңа тарихының қастерлі беттерінің ашылғаны, тегеурінді серпінмен қарыштап, өскелең дамуына сенімді ірге тасының қаланғаны. Өйткені, тоғыз жолдың торабындағы көшпенділер шежіресінің тереңінен тамыр тартқан, қанатты тұлпардай ұлттық рухымызды асқақтатқан Семей, ерте замандардан бері қарай, асқан дарынды тұлғалардың қалың легі тұтаса шыққан, биікке көтерілген киелі мекені болғандықтан, еліміздің рухани-мәдени орталықтарының бірі саналады.Сондықтан да , XXI ғасырдың Семейі күшті де, өркенді болуы, біздің перзенттік және азаматтық мақсат-мұратымыздың, ұтымды ұстанымыздың мүддесі. Қаламыздың көркеюіне бағытталған кез келген игі бастамаға үлкен жанашырлық пен қамқорлық көрсету, белсене қатысу, бәрінен бұрын шынайы патриоттық терең сүйіспеншілігіміздің қажет екендігі бесенеден белгілі. 21 маусым - Семей қаласының туған күні болып бекітілсе, бұл туған қаламызға көрсетілген зор құрмет болар еді. Осы ұсынысты мәслихат депутаттары сөзбұйдаға салмай,         зерделеп, шұғыл шешім шығарса, бұл орындалмайтындай соншалықты қиын мәселе емес. Сындарлы саяси бетбұрыс жасаған Елбасының ел тарихын терең білетін және қадірлей алатын кемеңгерлігі баршамызға аян. Бұл жолы да, ұлт тағдырын ойлаған елеулі іс жасады, жасампаздық шешім қабылдады, халық жүрегінен орын алды, келешегімізге сенім нұрын ұялатты. Ендігі біздің өмірбаянымыз бүгінгі, ертеңгі болашағымыз Семей атауымен тығыз байланысты болмақ. Мұндай жауапты тарихи кезеңде саналылық танытып, қаламызда бастау алған, түбегейлі жаңару үрдісінің, сапалы кезеңіне көшетін қолайлы мүмкіндік туды. Оң өзгерісті құптау, қорғап, сақтау, оның қарқынды дамуына ниеттестік білдіру, сергек қарау күн тәртібіндегі кезек күттірмейтін ең өзекті мәселеге айналды. Халықтың жадына әбден сіңіп, санасына баяғыда бекіген, көкейінде көптен бері жүрген және бәріне алтын арқау болған бір пікірдің, әрі кеңінен тараған табиғи Семей атауының сәтті енгізілуі, қаламыздың мәртебесін арттырған тарихи маңызы зор оқиға болды. Семей қаласының қоғамдағы орнын айқындап, уақыт талабына сай, жаңа деңгейге көтерудің алғашқы батыл қадамын, нақты тұжырымын жасаған Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың даналығының тағы бір көрінісі паш етілді. Бүкіл ел азаматтарын бір-бірінен сүйінші сұратып, ұлан-асыр қуаныш сезіміне бөлеген, қуаттандырып, жігерлендірген осы күн-21 маусым Семейдің туған күні болып ресми аталса, бұл тарихи міндет абыроймен атқарылса, ұлы Жібек жолының көне сүрлеуіндегі, қара Ертістің орта ағысында орналасқан қарт Семейге, ұлыларымыздың рухы қайта оралар ма еді?

 

               Айдын ЫРЫСБЕКҰЛЫ

«Туған қалам-Семейім» ҚҚ президенті