«ШАХМАТ БЕЗГЕГІ» Стефан Цвейг

1697
0
Бөлісу:

cvejgАвстриялық классик – жазушы Стефан Цвейгтің (1881-1942) новеллалары күтпеген оқыс оқиғаларға, адам жанының терең құпияларына толы болып келеді. Бұл – қазақшаға сирек аударылған қаламгер. Белгілі әдебиетші, ақын Мырзатай Болат осы олқылықтың орнын, аз да болса, толтыруға талаптаныпты. Аударманың тілі жатық, тартымды оқылады.

ШАХМАТ  БЕЗГЕГІ

(Новелла)

                                

         Түн ортасында Нью-Йорктен Буэнос – Айреске аттануға тиісті айлапат кеменің үсті абыр-сабыр еді… Сапарлас жолдасым, қарап тұрмай, бір әңгімені бастады…

         – Бұл кемемен ғажап шахматшы Чентович мырза да жолға шығады ғой!

         – «Ғажап» деймісің?..

         – Ол әлем чемпионы болған мықты емес пе?.. Осының алдында ғана Американың барлық атақты шахматшыларын күйрете жеңіп, тасы өрге домалаған ол – енді Аргентинаны бағындырмақ!..

         – Есіме түсті. Аздап білем екен!..

         Газет-журнал жаңалықтарын құр жібермейтін жолдасымның көп білетіні рас… Бұдан бір жыл бұрын Чентовичтің аты: Алехин, Капабланка, Тартаковер, Ласкер, Боголюбов секілді шахмат «әулиелерімен» қатар атала бастапты. Өзі – югославиялық жарлы қайықшының баласы көрінеді. Бір сапарында қайығына үлкен кеме соғып, әкесінің ажалы судан болыпты. Содан, жетімекті деревняның құдайына қараған бір пасторы панасына алады. Ақымақтау, жайбасар Мирконы білімді қылып шығармақ болған дін адамы көп жұмыстанады. Бірақ, ол еңбегінің жемісі көрінбейді!..

         Пастордың күн сайын кешкілік полицияның кіші офицерімен үш партия шахмат ойнайтын дағдысы бар еді. Ойынды жас Мирко да сырттай қызықтап тұратын. Бір күні ол екеуінің ойынының үстіне жергілікті шаруа тап келіп, пасторға өз анасының хал үстінде жатқан жайын хабарлайды. Амалы қалмаған дін қызметкері шахматты тастап, әлгі шаруамен бірге аттанып кетеді. Сырасын аяқтап ішіп, темекісін тартып болып, кетпек ниетпен отырған кіші офицердің көзі аяқталмай қалған партияның тастарына қадалып қарап тұрған Миркоға түседі!..

         – Мүмкін, партияны екеуіміз аяқтармыз?..

         Мұны әңгі санайтын офицер: «Бұл – шахмат тастарының қалай қозғалатынын да білмейтін шығар!..»,- деп ойлайтын. Бала, «мұның ұсынысы шын ба екен?..»,-дегендей, полиция қызметкеріне күмәнмен қарап сәл тұрды да, пастордың орнына отыра кетті!.. Бір қызығы, он төртінші жүрісте офицер мырза жеңіліп қалғанын мойындап та үлгерді! Екінші партия да тап осының кебін киді! Келесі күні есесін қайтарғысы келген тәртіп сақшысы да, өзінің қамқоршы-пасторы да Миркоға төтеп бере алмай, қайта-қайта ұтылды!

         Өз шәкіртінің түйсігіне күмәндана қарайтын пастор: «Мұны үлкенірек жарысқа қоссам қайтеді?»- деп ойлайды. Селолық шаштараздың көмегімен оның үсті-басын ретке келтіреді де, көрші қалашыққа шанамен алып жүреді. Ондағы шахмат әуесқойлары кафеге жиналып алып, жарыстың көрігін қыздырып жатыр екен! Пастордың қасындағы ақ сары шашты, қызыл шырайлы жасөспірімге жұрт назары ауады. Оны шахмат үстеліне шақырғанша – Мирко үстіндегі тақыр тонын да, аяғындағы бұзаубас етігін де шешпестен, еденге қарап мелшиіп тұрады да қояды. Бірінші ойында Мирко жеңіледі. Өйткені, өзінің пастор – ұстазының ойын тәжірибесінде «сицилия қорғанысы» қолданылмайтын!.. Қаланың таңдаулы шахматшысымен өткен партия тең аяқталады. Мирко үшінші, төртінші… қалған ойындардың бәрінде де қарсыластарын бірінен кейін бірін қирата ұтып шығады!

         Қай қалаға сапарлап барса да – ол ең арзан қонақ үйге түсетін. Егер, ақысын төлесе – кез-келген клуб үшін сайысқа шығудан қашпайтын. Оның сабын өндіретін фабрика иесімен, жарнамалық хабарландыруға қоса, өзінің портретін шығаруға келіскені де бар. Мирко екі сөздің басын құрап жаза алмайтын сауатсыз еді! Соған қарамастан, өз атынан «Шахмат ойынының философиясы» деген кітап та шығарады! Кітапты тісқаққан баспагердің тапсырмасымен жарлы студент жазып еді!.. Чентовичтің уақтықтары әріптестерінің кекесінін туғызатын.

         Мұндай адамдар, өзінің табиғатында болмағасын, көңілді әзіл-қалжыңнан аулақ жүреді. Ол чемпион болғасын-ақ өзін жер жүзіндегі ең маңызды адам деп санады! Небір ақылды да мәдениетті тұлғаларды, керемет шешендер мен жазушыларды жеңгені, олардан да көп табыс табатыны – оның бойындағы өзіне деген сенімсіздігін-тәкаппарлыққа айналдырды! «Міне, мен елден ерек талант пен ұлылық ауруын қатар көтеріп жүрген сондай мықтымен бір кемеде келе жатырмын!..» «Онымен – қалай тіл табыссақ екен?.., «Одан – қалай сұхбат алсақ екен?..» «Шахмат ойынына қалай шақырсақ екен?..». Осындай сауалдар менің басымды қатырды. Чентовичпен кездесудің сәті зорға дегенде түсті! Бізбен бірге шотландиялық тау-кен инженері Мак Коннор да келе жатқан… Ол екеуіміз  бірнеше рет шахмат үстелінде сынасып, әбден сыралғы болып алғанбыз!  Қызуқанды, өзімшіл жан еді! Ұтылса, қарымтасын қайтармай –  жаны жай таппайтын! Бір күні, асылы, иллюминатордан байқап қалса керек, чемпион біздің ойынымыздың үстінен түсті!.. Жүріс кезегі – Мак Коннордікі болатын. Оның тасын қозғағаны сол – Чентович біздің жай әуесқой екенімізді біле қойды!.. Сосын, жалт бұрылды да, шыға жөнелді!

         Оның соңынан кеткен Мак Коннор он минуттың шамасында қайтып келді. Өзі көңілсіз.

         – Ал, қалай болды?..

         – Иә, сіз дұрыс айтыпсыз. Ол менімен қол беріп амандасқан да жоқ! Сонда да, қорлығына шыдап, кемедегі әуесқойларға сеанс беруін сұрадым. Сонда ол беті шімірікпестен:

         – Ондай ойынның бір партиясы – екі жүз елу доллар тұрады,-деді. Мен қарқылдап күлдім. Мак Коннор күлген жоқ!

         – Не де болса, келістім!.. Шығынын өзім көтеретін болдым!..-деді.

Ертесіне белгіленген уақытта көп адам жиналып, чемпионды тосып тұрдық. Он минуттай күттірді. Ақыры, келді! Амандаспады да! Орталық орын осы кездесудің  келісімін жасаған, ақысын төлейтін Мак Коннордың өзіне бұйырды. Ойын – бір тақтада өтетін болды. Әр жүрісті бірге талқылайтын болдық. Ойлануға, көп дегенде, он минут!.. Чемпион фигурасын қалаған шаршысына қояды да, бізге кедергі жасамас үшін, салонның екінші басына кетеді. Кезекті жүрісті жасағасын, арнаулы қоңырау жоқтықтан, шайқасықпен стаканды шыңылдатамыз. Партия, «солай болар-ау» деп күткендей, жиырма төртінші жүрісте Чентовичтің ұтысымен аяқталды! Көпшілікті, оның ұтысы емес, өздерін адамға санамағаны күйдірді! Ол бізді тақтада тізіліп тұрған ағаш фигуралардан артық көрген жоқ!

         Мак Коннордың қалтасы – оған алтынның таусылмас кені сияқты көрінді! Буэнос-Айреске жеткенше – оның неше мың доллар табатынын құдайым білсін!..

         Мырзалар! Сіздер енді қара тастармен ойнайсыздар!-деді Чентович. Қатарымыз өскесін – бұл партия бұрынғыдан қызулау сипат алды. Он жетінші жүріске шейін жағдайымыз тәуір болған… Содан бастап қиындады. Он минуттай ақылдасып, қай тасты қалай жүретінімізге келістік. Мак Коннор фигураны көтере бергенде – арт жағымыздан үңіліп тұрған біреу:

         – Құдай үшін!.. Олай етпеңіз!..-деп қалды. Жалт қарастық!.. Оны жоғарғы палубадағы серуендерде көретін едім! Жасы қырық бестер шамасында шығар… Оның келісті келбеті, аурудан тұрғандай боп-боз жүзі назар аудартатын…Оған алғаш тіл қатқан Мак Коннор болды…

         – Сонда, сіз не кеңес бересіз?!-деді ол қызуланып!

         – Әзір пешканы қозғамаңыз! Жалтарма жүріс жасап, корольді қауіпті аймақтан шығарыңыз! Сонда, екі жақ та өтпелі пешкаларға ие болды! Ең ұтымды жол осы! Біз мелшидік те қалдық!.. Оның есептеулерінің дәлдігі мен жылдамдығы жұртты таң қалдырды! Ұсыныс дереу қабылданды! Іле стақан да шың етті!.. Чентович, әдетінше, сылбыр басып келді де, қандай жүріс жасалғанын көрді… Бір кереметі, ол біздің құпия көмекшіміз жаңа ғана болжап қойған жүрісті жасады! Өз ұсынысын өткізген адам – ойынға тағы араласты!..

         – Алдымен, пілді алға бастырыңыз!.. Сонда чемпион, амал жоқ, пешканы қорғайды! Бірақ, мұндай жүріс оған пайда бермейді! «Өтпелі екен» деп қарап қалмай, сіз оның пешкасын – атпен алыңыз! Шабуылға жол ашылғаны деген осы!..

         Оның не деп тұрғанын біз пәлендей ұқпадық. Мак Коннор да жарытып ештеңе түсінбеді. Сиқырланып қалғандай, әлгі нұсқауды орындай берді. Шайқасық-стақанды тағы да шыңылдатты… Чентович бұл сапар терең ойланып, тұрып қалды!.. Сөйтті де, фигурасын қозғады. Бұл да – бейтаныс мырза жап – жаңа болжап қойған жүріс еді! Чемпион басын көтерді де: «Ойынды ширықтырған қайсың?»- дегендей, біздің қатарымызды шолып өтті. Оның іздеп тұрған адамы, бір минут та кідірмей, бізге келесі жүрісті нұсқады! Дереу оның айтқаны орындалды! Қолым қалтырап стақанды және қақтым!.. Чентович бұл жолы кідірмей келіп, тақтаға үңілді. Ол түрегеліп тұрып ойнайтын дағдысынан – бірінші рет жаңылды! Отырды! Тіпті, қозғалмай қалды! Ауыр кірпіктері – көздерін жауып кетуге айналды! Қинала ойланғаннан – аузы да ашылып қалыпты!.. Бұл түрі – аздап күлкі де шақырды!.. Чентович біраз кідіріп барып, ақыры, жүрісін жасады. Біздің дос кідірмеді, бірден пікірін білдірді.

         – Бұл – қарсылас тарапынан жақсы ойластырылған пат!.. Мұның аты – алдау! Оған елігіп қалмаңыз! Айырбас жасаңыз!.. Айырбас!.. Міндетті түрде!.. Сөйтсеңіз – партия тең аяқталады! Чемпион ештеңе де жасай алмайды!..

         Мұнан кейін, бар болғаны, жеті жүріс жасалды. Чентович, көп ойланбай-ақ, тең ойынға келісті! Мұндай нәтиже, әрине, оның қытығына тиді! Чемпион шыдай алмады!..

         – Мырзалар! Үшінші партияға қалайсыңдар?-деп, өзі ұсыныс жасағандай түр көрсетті. Бәріміз де қуанып, желпініп тұр едік!.. Мак Коннор бірден:

         – Әрине!.. Сеанс жалғасады!.. Бұл сапар чемпионға қарсы мына мырзаның өзі жалғыз ойнайтын болады!..

         – Ол мүмкін емес!..-деді бізді бірінші рет тең ойынға жеткізген бейтаныс жолаушы. –  Себебі, менің шахмат үстеліне отырмағаныма – ширек ғасыр өтті!.. Тағы да айтам!.. Ол мүмкін емес!..

         Оның үстіне, ойынға қапталдан қосылып, ұят жасадым! Кешіріңіз!.. Енді сендерге кедергі болмайын!..

Біз бұл сөздердің мән-мағынасын түсініп болғанша – ол салоннан тездетіп шығып та кетті!.. Мен оны іздеп, ұзамай, тауып алдым!.. Жоғарғы палубада екен. Жылжымалы төсекте кітап оқып жатыр… Орнынан тұрып, менімен қол алысып амандасты. Қатты шаршаған адамның түрі… Самай тұсы аппақ. Жасына жетпей егдергендей. Кім екенін айтты. Ол айтқан есім – ескі Австриядағы атақты бір әулетті есіме түсірді… Өзі бұрындары жүйке ауруына шалдыққан адам секілді… Бет терісі тартылып, жыбыр қағып тұрады екен!..

         – Шахмат үшін мен біраз уақытымды жоғалттым!-деді ол. – Бірақ, бұл тым ерекше жағдайларда болды. Менің тарихыма қатты қызығып отырсаңыз, мүмкін, жарты сағатыңызды қиярсыз?..

         Доктор Б. көзілдірігін алып, қасына қойды да, әңгімесін бастап кетті…

         – Өзіңіз де Вена қаласынан болғандықтан, ата-тегімнен хабарлы көрінесіз… Алайда, онда заң кеңесімен айналысатын кеңсе болғанын білмейтін шығарсыз?.. Оны алғашында әкем екеуміз, соңынан өзім басқардым. Негізінен, біздер қазына – байлығы мол монастырьлардың дүние-мүлкін реттеп, олардың қызметкерлеріне заң кеңесін беріп отырдық. Император үйінің бірнеше мүшелерінің ақша-қаражатын да басқардық. Мұрагерлік шаруаларды адвокатқа тапсыру тәртібі – тұқымнан-тұқымға ауысып отырды. Біздің қызметімізге сенім артқандар ақшаның құнсызданған, тіпті, төңкеріс етек алған жылдардың өзінде де қымбат құндылықтарын түгелге жуық аман сақтап қалды! Бұл – біздің әкеміздің тазалығының, өз ісін жете білгендігінің арқасында мүмкін болды!..

         Германияны Гитлер билей бастағаннан-ақ шіркеулер мен монастырьлардың дүние-мүлкі тәркілене бастады. Әкеміз марқұм болып кетті!.. Менің соңыма гестапо түсті!.. Гитлер – Венаға да кірді. Содан, мен маңызды деген құжаттарды өртеп, шетелге байланысты қағаздарды – кір киім салынған үлкен қалтаға тығып, сенімді іс басқарушым арқылы немере туысымның үйіне жөнелттім!..

         Мен құсаған ақша-қаражат пен құнды қағаздарға тікелей қатысы бар адамдарды, әдетте, жалпы тәртіптегі лагерьлерге жібермейді. Мені де тікенек сымның арғы жағындағы, әр бөлмесінде 20 адамнан тоғытылып жататын мұз басқан барақтарға қамаған жоқ. Қонақ үйдің жылы бөлмесіне тап болдым. Өздеріне аса қажетті мәліметтерді алу үшін – олар мені ұрған да, соққан да жоқ, есесіне, бір бөлменің ішінде жападан-жалғыз қалдырды!.. Оның: есігі, үстелі, кереуеті, орындығы, қолжуғышы, торлы терезесі бар еді. Есік күндіз-түні жабық тұратын. Үстелде: кітап та, газет те, қарындаш та, қағаз да болмайтын. Терезенің қарсы бетінде – тас қабырға. Сөйтіп, менің жаным мен тәнім тұйық бір қуысқа қамалды да қалды!.. Менде мүлік дейтін де қалмады!.. Уақытты білмеуім үшін – сағатымды, жаза алмауым үшін – қарындашымды, тамырымды қимауым үшін – пышағымды алып қойды. Жазығы жоқ ермек  – темекім де алынды. Адам баласынан көретінім – жалғыз түрме бақылаушысы. Оған – менімен сөйлесуге, сұрағыма жауап қатуға тыйым салынған. Мен, тура, мұхит түбіне тасталған зерттеуші – сүңгуір секілдімін. Әйтеуір, қол-аяғым байлаулы емес!.. Бұрыштан-бұрышқа жүруге болады… Жалғыз серігің – өзіңнің ойларың. Бірақ, ойға да – тіреу керек!.. Тіреуі жоқ бос қуыстан – ой да шаршайды!.. Ештеңе өзгермейді… Сол бұрынғы қуыс… Ештеңе де өзгермейді!.. Оның ақыры – самайыңның сыздап – сырқырауына алып барады!.. Солай!.. Сен, бұрынғыша, жалғызсың!.. Жападан  – жалғызсың!..

         Осылайша екі апта өтті. Мен толыққанды өмір сүрмедім! Тек, тірлік кештім! Уақыт пен әлемнен бөлініп қалдым!..

         Ақыры, жауап алу басталды… Кенеттен шақырады!.. Күн бе, түн бе – білмеймін!.. Бөлмеден шыққанда – қайда баратынымды, барғасын – қайда отырғанымды білмеймін!.. Ақырында, артында – әскери киінген екі адамы бар үстелдің алдында отырдым!.. Оның үстінде маған жұмбақ бума-бума құжат-қағаздар жатты. Сосын, бас айналдыратын сандаған сұрақ! Олардың: қажеттісі мен қажетсізі, турасы мен жанамасы, перделісі мен алдампазы бар!.. Мен әлдебір монастырь үшін – қандай құнды қағаздар сатып алыппын?.. Қандай банкілермен іскерлік байланыс орнатыппын?.. Мен әлдебір маңызды тұлғаны танимын ба, танымаймын ба?.. Менің Швейцариямен нақты байланысым бар ма?.. Болса, оның қай жерімен байланыстамын?.. Менің әр жауабымның артында – ажал сығалап тұрды!..

Бірте-бірте мен бос қуыс пен тергеулердің жүйкеме тие бастағанын сездім. Өзімнің – өзіме деген бақылауымды жоғалтпау керектігін түсіндім!.. Ол үшін қалайда бірдеңемен айналысуым қажеттігін ұқтым!.. Мен өзім бұрыннан білетін барлық өлеңдерді, Гомердің гимназияда өтілген ұзақ жылдарын, «Азаттық ережелердің» негізгі баптарын – осылардың бәрін ерінбей – жалықпай еске түсірдім!.. Сосын, оларды, аузым көпіргенше – жатқа айта бердім!.. Айта бердім!.. Сосын, арифметикалық сансыз есептерді шығардым!.. Сан түрлі сандарды: қостым, алдым, көбейттім, бөлдім!.. Өзіме-өзім орнатқан мұндай «тәртіп» – төрт айға созылды!.. Әрине, мені – бұл да құтқарып қала алмады!..

         Құдайдың құтты күні жалғыз кісі үн жоқ-түн жоқ келеді де тұрады. Тамағыңды есіктің тесігінен тыға салады!.. Бақылаушының дағдысы осы!.. Бұл да жалықтырып болды!.. Тамақты бір әкелгенінде – шыдамадым!.. Безгек соққандай қалтырап-дірілдеп, артынан айқайладым! Мен сонда:

         – Мені тергеушіге апар!.. Мен бәрін мойындаймын!.. Мен білетін барлық құпияны айтам!..-деп айқайладым!.. Бірақ, бағыма қарай, бақылаушы менің не дегенімді естімеді, әлде, естігісі келмеді!.. Бұл күні тергеушілер – өз есігінің алдында ұза-а-қ күттірді!.. Сағаттар екі рет қоңырау соқты!.. Екі сағат өтті!.. Кірер бөлме!.. Бітпейтін күтіс!.. Маған отыруға болмайды!.. Аяқтарым – ағаш секілді!.. Жансыз секілді!.. Күтіп тұрып, жанымды жеп тұрып, бөлменің ішіне көз салдым!.. Менікінен үлкендеу. Шағын екі терезелі. Есігінің түсі басқа. Сол жағымда – қағаз салатын шағын шкаф. Оның жанында – менің азаптаушыларымның су-су шинельдері салбыраған киімілгіш. Мен сол шинельдерге, олардың тігістеріне шейін мұқият қарадым. Тіпті, бір шинельдің жағасына қонып қалған жаңбыр тамшысын да байқадым… Сосын, демімді ішіме алып тұрып, әлгі тамшыны бақыладым!.. Ол ұзамады – еденге тамды да кетті!.. Қарап тұрмай, енді шинельдердің ілгектерін санай бастадым!.. Олардың біреуінде – сегіз, екіншісінде де соншама, ал үшіншісінде – он ілгек болып шықты!.. Сөйтіп тұрғанымда – мен нені көрдім десеңші!.. Мен бір шинельдің қаптал – қалтасының аздап томпайып тұрғанын көрдім!.. Оған жақын келдім. Оның қырлары қалтаның сыртынан-ақ білініп тұр еді!.. Қуанғаннан тізем дірілдеп кетті!.. Бұл – кітап қой!.. Кітап!.. Қолыма кітап ұстамағаныма төрт ай болыпты!.. Сиқырланып қалғандай, шинельдің томпайып тұрған қалтасынан көзімді алар емеспін!.. Оған, одан сайын, жақындай түстім… «Осы кітапты ұрлап ала алсам, шіркін!.. Бұл ойым жүзеге асса – оны жүз қайтара оқыр едім!..» Құлағым шулап, жүрегім бұлқынды!.. Мұздаған саусақтарым еркіме бағынбады!.. Мен бірте-бірте шинельге жанастым!.. Сосын, бақылаушыдан көзімді айырмай тұрып, артыма ұстаған қолдарыммен кітапты қалтадан шығаруға тырыстым!.. «Жоғары!.. Жоғары!.. Одан да жоғары!..» Сосын, оны жайлап жұлқып кеп қалғанымда – кішкене кітапша алқанымда жатты!.. Жалма-жан оны белдігімнің арт жағына сүңгітіп жібердім!.. Тергеуде, сұрақтарға жауап беруден гөрі, кітаптың жайын, оны түсіріп алмаудың қамын көбірек ойладым!.. Сол үшін, өп-өтірік жөтелген болып, қайта-қайта бүгілдім!.. Кітапты бөлмеме жеткізгенімде – менен бақытты жан жоқ еді!.. Енді мен жалғыз емеспін!.. Кітабы бар адам – жалғыз болмайды!..

         Кітаппен танысуым – алғашында мені опындырды да!.. Бұл, бар болғаны, шахмат ойынының оқулығы болып шықты!.. Онда шахматтың әйгілі шеберлері ойнаған жүз елу партия топтастырылған екен!.. Бұл ойынды сиректеу мен де ойнаушы едім. Бірақ, кітаптағы теориялық ережеден мен не түсінем?!. Шахматтық белгі – таңбалардың мен үшін қандай мәні болуы мүмкін?.. Дегенмен, мен бұл кітаптан сырт айналып кете де алмадым!.. Торлы жамылғым – шахмат тақтасының тап өзіндей көрінді!.. Нанның қамырынан: корольді, ферзіні, атты, ладьяны т.б. фигураларды жасап алдым!.. Мұндай ақылым – күлкімді де келтірді!.. Қамырдан жасалған ақ «тастарды» қараға айналдыру – өте қиын шаруа болды!.. Аққа жаққан қоңыр шаң – кетіп қала берді!.. Бір партияны қатесіз ойнап, аяғына дейін жеткізуіме – тұтастай алты күн қажет болды!.. Сегіз күн өткенде – фигуралардың қалай орналасқанын жатқа білетін болдым!.. Жамылғының енді қажеті болмай қалды!.. Бұдан екі апта өткенде – кітаптағы кез-келген партияны жадыма тоқып, көрмей-ақ ойнай беретін болдым!.. Көп ұзамай бұл кітапты: «Бұл – ұрлық емес, бұл – жомарт-құдайдың маған бере салған байлығы!..»-деп ұқтым. Сол кітаптың арқасында – өзімді қоршап алған бос кеңістікті толтырдым!.. Жұмысқа жегілгенім сондай, күнбе-күн: таңертең – екі, тұсқайта – екі, кешкісін – бір партияны міндетті түрде талдап отыратын болдым. Менің күндерім, бұрынғыдай жарымжан емес, толық күнге айналды!.. Мұндай мағыналы ермегім – үш айға созылды!.. Артынан, бұл ермек – мағынасыздыққа айналды!.. Себебі, жүз елу партияның әрбірін – отыз реттен қайталап шыққан екенмін!.. Содан, кітапта маған белгісіз, мені жалықтырмаған ешбір құпия қалмады!.. Енді, мен үшін – бұл тұйықтан шығудың жалғыз жолы қалды!.. Өзіме бұрыннан таныс партиялардың орнына – жаңаларын ойлап тауып, бір өзім – екі адамның рөлін ойнауым керек болды!.. – Доктор Б.төсегіне шалқайып жатты да, көзін жұмды… Біраз ойланды… Шамасы, жаңағы айтқан әңгімесінің жалғасын жадына қайта оралтса керек… Оның езуі тағы да тартылып, жыбыр-жыбыр етіп қалды!.. Сосын, қайтадан бойын тіктеп отырды. Әңгіме жалғасын тапты…

– Содан, өзіме – қарсы ойнап, өзіммен бәсекелес болдым!.. Мен: біресе – өзім, біресе-өзге болып, мыңдаған партияны ойнап шықтым!.. «Мұның ақыры неге соқтырды?»-дерсіз…

         Айтпаңыз!.. Ойыннан алып жүрген әсерім – құмарлыққа айналды!.. Құмарлығым – есіруге айналды!.. Мұндай есірік күйден енді күндіз-түні құтылмайтын болдым!.. Кейде ұйқыдан қара терге түсіп оянатын болдым!.. Себебі, ойын – ұйықтап жатқанда да тоқтамайтын!.. Түсімде көрген адамдарым: ат, немесе ладья секілді, қозғалып жүреді!.. Шахмат тастары секілді, қорғанады, не, шабуылдайды!..

Тергеулерде: менің өз сөздерім мен әрекеттерім үшін жауап беру тиістілігі – есімнен шығып кететін!.. Сұрақ-жауап үстінде – партияларды жалғастырғым келіп, жанығып отыратын болдым!.. Себебі менде – ойынды тоқтататын ерік күші жоқ еді!.. Ойын дегенде, бойымды безгек қысқандай, шексіз шыдамсыздық билейді!.. Бөлмені тазалауға кететін он бес минуттың өзіне -шыдас бермеймін!.. Ойынмен отырғанда, кейде, тамағым ұмыт қалады!.. Шөлім қанбайды!.. Бөтелке толы суды – екі жұтқаннан қалдырмаймын!.. Жалынып, бақылаушыдан су сұраймын!.. Кейде, әкеледі… Бір, минуттан соң-аузым тағы құрғап қалады!.. Мұндай азапты халімді: «Психикалық жүйке ауруы, – деймін бе, әлде, – шахматтың безгегі!..»-деймін бе, өзім де білмеймін!..

         Ақыры… Бір күні мені біреу – құрдымнан құтқарып қалды!.. Мұны, «ғажайып!..» десем, артық емес!.. Есімді жисам, түсім емес, өңім!.. Ауру тапқан бөлмем емес – басқа бөлме!.. Одан әлдеқайда кең, терезесі торсыз, жарық түсіп тұрған, қабырғалары аппақ, төбесі биік бөлме!.. Терезеден таза ауа кіріп, жап-жасыл ағаштардың жапырақтарын жел тербеп тұр. Иә, түсім емес, анық өңім екен!..

         Түске таман дәрігер келді. Өзі бір келісті, жүзі жылы адам көрінеді. Менің отбасылық жағдайымды білетін болып шықты!.. Лейб – медик болып жасаған немере ағам туралы да жақсы сөздер айтты!.. Басымнан өткен азапты тірлік шыдатпай, мен де оған үн қаттым… «Осы, маған не болды?!.»-деп сұрадым. «Жүйке жүйеңіз қатты бұзылған!.. Ұзамай жазылып кетесіз!..»-деді ол. Сосын: «Олардың жұмыс әдісі белгілі ғой!.. Ондайды көрген – жалғыз сіз емес!.. Енді мазасызданбай-ақ қойыңыз!..» – деп қосып қойды. Мен өзімді құтқарушының бірі – тап осы адам екенін түсіндім!.. Жаратқанның бергеніне – шүкіршілік қылдым!..

Осы сәтте кемедегі жолаушыларды түскі тамаққа шақырған қоңырау даусы естілді. Мен доктор Б.-ға керемет әңгімесі үшін алғыс айттым. Оған келген шаруамды да ұмытпадым. Чемпионмен жекпе-жек ойын өткізуін қайталап өтіндім!.. Ол ойланып қалды… Мен тұрып жүре бердім!.. Он шақты қадам ұзағанымда  –  артымнан қуып жетті!.. Өзі қатты толқып, еріндері дір-дір қағып тұр екен!.. Тілі күрмеліңкіреп барып:

– Жолдастарыңызға айтыңыз. Мен бір-ақ партия ойнаймын!.. Денсаулық жағдайым жетсе – соған ғана жетеді!..-деді.

         Көптен күткен ойын да басталды!.. Сегізінші жүрісте ойын шиеленісті!.. Чентовичтің әр жүрісін ұзақ-ұзақ ойланып барып жасауы доктор Б.-ның жүйкесіне тиді!.. Оның алдағы жүрістерін есептеу жылдамдығы – чемпион мырзадан жүз есе артық көрінді!.. Чентовичтің қылар ойласы қалмады!.. Ешкім білмейтін, ешқандай атағы жоқ доктор Б. әлемдегі ең күшті ойыншыны күйрете жеңді!.. Біздің қуанышымызда шек болмады!.. Чентович болса, қабағы шарт түйіліп, үнсіз қалды!.. Сосын, қарсыласына сұп-суық қарап:

         – Тағы бір партияға қалайсыз?..-деді.

         – Болсын! Болсын! – деді доктор Б. Осы жерде оның манағы: «Тек, бір партия!..»-дегені ойыма оралды.

         – Болмайды!.. Бүгінге жетеді!.. Артық салмақты – денсаулығыңыз көтермейді! – деп қалдым… Есірік буа бастаған досымыз – алдында айтқан сөзін мүлдем есінен шығарды!..

         – Қайдағы артық салмақ?! – деді маған бұрылып… Сосын, Чентовичке қарап:

         – Жылдамдық керек!.. Жылдамдық!..-деді. – Жаңағы ойынға кеткен уақытта – мен он жеті партияны ойнап үлгеретінмін!.. Маған ең қиыны – мұндай ырғақсыз ойында ұйықтап қалмау!..

         Ал, сіз не қып тұрсыз?! Бастамайсыз ба?!. Төртінші жүрістен кейін чемпион тағы да терең ойға кетті… Доктор Б.-ның шыдамы таусылды!..

         – Сіз жүресіз бе, әлде, жүрмейсіз бе?!.

         Чентович оған жақтырмай, суық қарады!..

         -Мен келісілген он минутты толық пайдаланатын боламын!.. Он тоғызыншы жүрісте – партияда дағдарыс туды!.. Чентович жүріс жасаған бойда доктор Б.ладьясын үш торға жылжытты да: «Корольге-шах!..»-деп айқайлап жіберді!.. Чентович даусын көтеріп:

         – Мен ешқандай шахты көріп тұрған жоқпын!..-деді.

         Әңгімеге амалсыз араласқан мен доктор Б.-ға:

         – Сіз бұл ойынды дереу тоқтатыңыз. Дәрігердің айтқаны қайда?!.-дедім.

         Доктор Б.орнынан атып тұрды!.. Чентовичке қарады!..

         – Менің жаңағы айтқаным – бос сөз болды!.. Бұл партияны – сіз ұттыңыз!-деді… Сосын, назарын бізге аударды.

         – Мырзалар!.. Мен сіздерден кешірім өтінемін!.. Маған үміт артқандарың – бекер!.. Бұл – шахмат ойынына соңғы рет шыққаным!..-деді. Ол бізге басын иді!.. Сосын, біздің ортамызға қандай жұмбақты жағдайда келсе – тап сондай жұмбақ  күйде шығып кетті!.. Мұншама зерек туған адамның енді ешқашан шахматқа жоламайтынын – оның оңашада айтқан әңгімесіне ортақ болған мен ғана біліп тұрдым!..

         – Бұл, жынды емей кім?!-деді оған қайран қалғанын жасырмаған Мак Коннор. Орындықтан ең соңғы болып Мирко Чентович көтеріліп, аяқталмаған партияға тағы бір көз салды… Сөйтті де, бірінші рет кеңпейілдік танытқандай болып:

         – Өте өкінішті!.. Иә, оның ойластырған шабуылы жаман болған жоқ!.. Әуесқой адам үшін – мұның өзі аз жетістік емес!.. -деді.

Abai kz

Бөлісу:

Facebook арқылы жазылған пікірлер

Пікір немесе жауап жазу