Мақтааралдың марқасқасы

Кенжехан-Толебаев   ТУҒАН ЖЕРІН ТҮЛЕТКЕН АЗАМАТ Кенжехан Төлебаевтың есімі оңтүстік жұртына жақсы таныс. 1954 жылдың 20-қыркүйегінде Шымкент облысы Мақтаарал ауданының Сакко-Ванцетти ауылында дүниеге келген Кенжехан Атақұлұлы өзінің туған жерін түлетуге өлшеусіз үлес қосты. Ең алғашқы еңбек жолын 1971 жылы Шымкент облысының Киров ауданындағы «ӨзКСР 40 жылдығы» атындағы кеңшардың механизаторы болып бастаған Кенжехан Төлебаев мақталы өңірдің мақта шаруашылығын дамытуға атсалысып, ел тізгінін қолға алды. Өзі туған өлкені өркендету жолында еселі еңбек еткен ер жоғары нәтижеге де қол жеткізе білді. 1998 жылы Шардара ауданының әкімі қызметін атқарып тұрған тұста Кенағамызға ҚР Парламент мәжілісінің депутаты Розақұл Халмұрадов «Шардара кеңес кезінде он мың тонна мақта өндіре алмаған, сен биыл осы көлемде мақта өндірсең, қаһарман боласың» деген екен. Дәл сол 1998 жылы Шардара он алты мың тонна мақта өндіріп, алдыңғы шептен көрініпті. «Берекені көктен тілеме, бірлігі мол көптен тіле» демекші өңір жұртшылығын бірлікке жұмылдыра отырып, еселі еңбек етуге үндеген Кенжехан Атақұлұлының іскерлігінің арқасында шағалалы Шардара өңірі ақ мақталы Шардараға айналды. Осыдан болар, өңір жұртшылығы Кенжехан Төлебаевты «Берекесі өзімен жүретін азамат» атап кеткен. Өзі туған аймақты ақ алтынымен абыройын ас­қақтатып, ел алғысына кенелген азамат қызмет жолында асқар биіктерді бағындыра бастады. Мұның өзі елінің еріне берген ақ батасының қабыл болғандығы болса керек. ЕЛ ТІЗГІНІ – ЕҢБЕКҚОР ЕРДІҢ ҚОЛЫНДА 2002 жылы ОҚО Экономика де­партаментінің бастығы тізгінін қолға алған Кенжехан Төлебаев облыстың экономикасын көтеріп, әлеуметтік жағдайының жақсаруына өзіндік үлесін қосты. Одан кейінгі жылдары ОҚО әкімінің орынбасары ретінде биік қызметтерге араласа бастады. Қандай жұмыс атқарса да, жауапкершілікті сезіне білетін азамат тек халқының мүддесі үшін туған еліне қалтқысыз қызмет етуді ғана көздеді. Сондықтан болар, Кенжехан Атақұлұлына Оңтүстік Қазақстан облысы Жұмылдыруға дайындық, азаматтық қорғаныс, авариялар мен апаттық жағдай­лардың алдын алу мен жоюды ұйым­дастыру басқармасының бастығы сынды жүгі ауыр міндеттер жүктелген. Алдын ала айтып келмейтін төтенше жағдайлар орын ала қалған сәт­тер­де­ халықтың жанынан табылып, апат сал­дарын жоюдың басы-қасында жүрді. Бүгінде асқаралы 60 жасқа толып отырған Кенжехан Төлебаев – Оңтүстік Қазақстан облыстық ауылшаруашылығы колледжінің директоры. «Ел болашағы – білімді ұрпақ» дейтін болсақ, ауыл­ша­руашылығы саласындағы білікті де, білімді мамандарды дайындауға зор үлес қосып келе жатқан Кенжехан Атақұлұлынан ұлағатты ұстаз ретінде де үлгі алуға тұрарлық жан. ЕЛЕНГЕН ЕҢБЕК «Сегіз қырлы, бір сырлы» жігіт ағасы саналы ғұмырында сан түрлі қызметті атқарып, еліміздегі бірқатар саланың дамуына мұрындық болды. Қарапайым механизатор, әкімдік қызметті атқарған білікті басшы, әскери атағы бар полковник, ел дамуына үлес қосқан экономист, білікті мамандар даярлау ісіне бел шеше кіріскен ұлағатты ұстаз, әрі білікті басшы. Айта берсек, кейіпкеріміздің атқарған істері ауқымды. Кенжехан Төлебаевтың ел үшін атқарған ерен еңбегі лайықты бағаланып келеді. Жаңа мыңжылдықтың қарсаңында әкімдер арасындағы алғашқылардың бірі болып, Елбасы жарлығымен «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Сондай-ақ, Кенжехан Атақұл­ұлы 2001 жылы «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне – 10 жыл», 2005 жылы «Қазақстан Конституциясына – 10 жыл», 2006 жылы «Қазақстан Парламентіне –10 жыл» медальдарымен және Елбасының Алғыс хаттарымен марапатталды. Сонымен қатар, «Барыс», «Құрмет» орден­дерінің иегері Кенағамыз Мақтаарал, Шардара аудандарының Құрметті азаматы. Мұның өзі елім деген ердің еңбегін туған елінің бағалағаны болса керек-ті. Өмірі өнегемен өрілген Кенжехан Төлебаев отбасында сүйікті жар, қамқор әке, ардақты ата. Бүгінде жан жары Жайсаң Айтөреева екеуінің Кеңжан, Ермек есімді ұлдары, Айнұр, Әйгерім, Меруерт атты қыздары бар. Алтын асықтай ұлдары мен қызғалдақтай құлпырған қыздарынан өрбіген немерелері өсіп келеді. Қазақстанның болашағын«Бай, халқы көп, күшті ел» ретінде дамыған мемлекеттердің алдыңғы шебінен көргісі келетін ел ағасының саяси қайраткер ретіндегі идеалы – Ұлтымыздың көшбас­шысы, ел президенті – Нұрсұлтан Назарбаев. «Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» деп мемлекет басшысы Н.Назарбаев айтқандай, Кенжехан Төлебаев өзі басқарып отырған ұжымның да «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарып бірлікте жұмыс жасауына ұйытқы болып отыр. Елбасы Жолдауын қолдайтын азамат кең байтақ Қазақ Елінің «Мәңгілік ел» тұғырынан көрінетініне сенімді. Сөз соңында Кенжехан Атақұл­ұлы: «Арыстандай айбатты,Қырандай күшті қанатты, Мен жастарға сенемін! – деген Ұлт ақыны Мағжан­ның жалынды жырлары әрбір жасқа қуат беруі тиіс. Егемен еліміздің тізгіні болашақ жастардың қолында болғандықтан, әрбір жас Мағжан артқан сенімді ақтауы тиіс. Сондық­тан да мен де жастардың саналы тәрбие, сапалы білім алуына өз үлесімді қоса білсем, онда мақсаты айқын егемен еліміздің болашағы да жарқын болмақ», – деп түйіндеді сөзін. Бүгін 60 жасқа келген ел ағасына біз де өз тарапымыздан деніңіз сау болып, бұдан да биік белестерді бағындыра беріңіз демекпіз. Гүлмира БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ