Өскеменде атышулы ескерткіш қайта орнатылмақ

Өскеменде Абай мен Михаэлиске арналған аты шулы ескерткіш қайта орнатылмақ. Бұл ақпарды қала әкімі Темірбек Қасымжанов Астана арнасына берген сұхбатында растады.

Өскеменде атышулы ескерткіш қайта орнатылмақ

Еске салайық, аталмыш ескерткіш маусым айында орнатылып, бір күннен кейін алынып тасталған болатын. Абай Құнанбаев пен Евгений Михаэлистің мазаққа айналған мүсінін көргендер ғаламтордағы әлеуметтік желілерде наразылық білдірген.

Айта кетейік, ескерткіш жоспар бойынша тамыздың 30-ы, қала күніне орайластырылып қойылуы керек болған. Алайда Елбасының шығысқа сапарына байланысты қалалық әкімдік өкілдері мүсіншілерге 20 күн уақыт берген екен.

Бірақ бұл мерзім аздық етті ме, әлде шеберліктері жетпеді ме, әйтеуір, Владимир Самойлов пен Евгений Непьянов мүсінді дұрыс жасамаған. Бүгінде ескерткіштің орны бос тұр.

Осы күзде орнатылмақ болған жаңа мүсіннің қандай және авторы кім болатындығы әлі жарияланбауда.

"Қазіргі таңда байқау жарияланды. Барлығы соған сәйкес жасалады. Ескерткіш қайта жөндеуден өткізілмек. Бүгінде бізге Астана, Алматы қалаларының мүсіншілері хабарласып, жұмысты аяқтауға ниеттерін білдіріп жатыр. Барлығы да заң жүзінде жасалатын болады", - деді Өскемен қаласының әкімі Темірбек Қасымжанов.