САПА СЫН КӨТЕРУІ ТИІС!

Келер жылдың 1 қаңтарынан бастап Еуразия экономикалық одағы іске кірісетіні белгілі. Жаңа экономикалық ұйымның қызметі әуел баста айқындалып қойған. Алайда оның бренді қандай болмақ? Осынау одақтың дүниесі дейтіндей қандай өнімдер өндіріледі? «Еуразия әлемі» пікір-сайыс клубында өткен жиын осы тақырыпты талқыға салды.

Шараның шымылдығын түрген саясаттанушы Эдуард Полетаев,  осынау одақтың брендін жасау әзіргі күні жаһандық экономиканың талабы екенін, бұл өз кезегінде мемлекеттің дамудың даңғыл жолына түсіп, бәсекеге қабілетті екенін айғақтайтын көрсеткіш екенін айтып өтті. Оның сөзінше сапалы брендинг осынау интеграциялық одақтың танымалдылығын арттырып, өз кезегінде аталған нарыққа инвесторлар мен туристер тартуға септеседі.  Ал Стратегиялық зерттеулер институтының ғылыми қызметкері ЛесаҚаратаева өз кезегінде мұндай брендті жасауға еркіндік берілуі қажеттігін айтты. «Осы одаққа қатысты қандай да бір брендті жасарда оған шенеуніктердің араласқанын құптамаймын. Бірақ ендігі жерде бұл туралы ойлана бастауымыз керек. Меніңше болашақта «Еуразиялық экономикалық ұйымында жасалған» деген бренді кеңінен пайдалануымызға болады» деді ол.

Экономист Айгүл Омарова мұны айтуға оңай болғанмен, шаруасы шаш етектен келер қиын іс екенін атап өтті. Оның айтуынша, ең алдымен мына мәселені назарға алу керек: «Айталық, тауар Қазақстанда жасалған болса, оған «ЕЭО бренді» деген айдар тағудың қажеті қанша? Оның үстіне бұған отандық өнім өндірушілер келісе қоя ма?». Экономистің бұл сауалына саясаттанушы Антон Морозов өз пікірін білдірді. «Әзіргі күні өндіріс те жаһанданып бара жатыр. Қалай дейсіз? Қазір техникалық тұрғыдан жасалуы қиын өнімнің бөлшектері бірнеше мемлекетте жасалады. Айталық, батыстық өнімдердің біразы негізінде Оңтүстік –Шығыс Азияда жасалған. Бұл арада өндіруші тек «бренд иесі» деген атауға ғана ие. Сайып келгенде, Еуразия экономикалық одағының өндірушілеріне де осы тәсілді пайдалануға болады» деді ол. Ал Еуразиялық франчайзинг қауымдастығының президенті Бекнұр Қисықов өз кезегінде мұндай брендтің бір күнде нәтижесі бермесін тілге тиек етті. Оның пікірінше, алдымен мұндай өнімдердің сапалы болуына назар аударған жөн. Өйтпеген жағдайда брендтің әлемге танылуы да неғайбыл. «Айталық, «Макдональдс» пен «Басин Роббинс». Біз бұларды АҚШ бренді ретінде танимыз. Ал әлемдік деңгейдегі мұндай өнімді жасап шығару әсте оңай емес» деді ол.

Ал аталған тақырыпты түйіндеген «Kaznex invest» экспорт және инвестиция бойынша ұлттық агенттік төрағасының кеңесшісі Сәуле Ахметова бұл тарапта қандай да бір өнім шығарар болсақ, оны тек одақ территориясына ғана «тығып» қоймай, алдыңғы кезекте әлемдік экспортқа шығаруды ойластыру керек екенін айтты. «Яғни, тауарды экономикалық одақтың шеңберінен шығарып, шетелге саудалаудың жолдарды іздестіру керек. Әзіргі жаһандану заманында бұл қажеттілік» деді ол.

 Есет КӨШЕБЕ