Жайылым жерлер жойылып барады

Алтын бесік ауыл жайы көкірегінде оты бар қай қазақтың болмасын ұшқыр ойына қамшы басары анық. Нарықтың қытымыр қыспағына шыдамай тоз-тоз болған ауылда "мал бақса, бәрі оңалар еді" деген сөз жоғарыдағылардың езуінен күнара шығады. Әрине, айту оңай... Бірақ сол ауылдардың әрқайсысында мыңдаған гектар алқаптардың қурап, қу далаға айналып жатқаны ешкімді ойландырмайтын сияқты. Бір кездері қырмызы гүлдері мен жап-жасыл шалғыны белуардан келетін далада қу шөп өспейтін күйге түскен. Иті шығып, ит байласа тұрмайтын иен далаға айналған Алаштың дарқан даласының бүгінгі жайын талдамақ едік...

Шөліркеген шөл далада мал бағу да жылдар бойы қыл құйрықты ерттеп мініп, дала кезген бақташыларға да оңай соқпай тұр. Өйткені мал жайылатын жайылым жер қасқалдақтың қанынан қат болып барады. Жекеменшікке берілген жерлерін меншіктегендер жерлеріне мал түгіл, жортып жүрген аңды да жолатпайды. Жан-жағы дала болғанымен, мал жаятын жаялықтай жерден ада қалған қазақ қайтіп малдың санын көбейтпек? Бір жағынан, жылдар бойы малдың тұяғының астында қалса да, күтім көрмеген жайылымның күйі де кете бастаған. Яғни Алаштың қай қиырын алмаса да, топырақ қыртысының құнары азайғанын ғалымдар да растап отыр. Ресми деректерге жүгінсек, жеріміздің 180 миллион гектары, бұл еліміздің барлық аумағының алпыс пайызы шөлейттеніп келеді. Эрозияға ұшырап құнарлылығынан мүлде айырылған далада мал жайылатын орын қалмауы малмен айналысқан ауыл шаруаларын да тығырыққа тіреген. Тіпті қара топырағы қалың деген солтүстік облыстардың өзінде жылдан-жылға жайылым жерлердің тарылуы дендеп келеді. Бұл күні кеше осы облыстарды аралаған Елбасының ресми сапары кезінде де анық байқалды. Ақмола облысын бірқатар ірі шаруашылықтарда болған Президент бидай егумен қатар мал жайылымы үшін екпе шөп егудің де қажеттігін ескертті. Ал Қостанай облысындағы сапары кезінде Президент өңірдегі жайылым жерлердің тек жартысы ғана қолданылып жатқанын айтып, ауыл шаруашылығында осы жайға баса назар аударуды тапсырды. Аманбек ҚАЛЖАНОВ, Ақмола облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы – Өңірдегі жайылым жерлердің азая бастауы, шынымен де, мал шаруашылығын дамытудағы аса күрделі мәселе. Ал ауылдарда астық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер үшін жайылым жерлерге шөп өсіру аса тиімсіз. Дәл қазір Ақмола облысындағы жайылым жерлердің көлемі 6743 гектарды құрайды. Ал оны суландыру жүйелері күрделі жөндеуді қажет етеді. Бірқатар суаруды қажет етпейтін жерлердің өзі жыл санап тақырланып, мал азығы таусылыңқырап барады. Сондықтан Елбасы атап өткен жайлымдарға екпе шөп егу жағдайын қарастыратын боламыз. Шаруасы шатқаяқтап, егін егумен-ақ шығынға белшесінен батқан шаруашылық серіктестіктері де екпе шөп егуден ат-тондарын ала қашады. Ал жыл санап бей-берекет қолданылған жайылымның жағдайы одан сайын ушыға түскен. Ал егістік көлемін көбейтуге кіріскендер, тіпті жайылым жерлердің өзін егіс алқабына айналдырып алған. Жанатай ӘЛІМБЕРГЕНОВ, малшы: – Кез келген ауылда мал жайылымдары кеміп барады. Тіпті мал жаятын жер қалмай барады десем де қателеспеген болар едім. Егін егетін ірі шаруашылықтар ауыл маңындағы барлық жайылым мен шабындық жерлерді жыртып тастаған. Сондықтан жұрт малға шауып алар шабындық таппай қиналады. Осының кесірінен қарапайым ауыл халқы мал басын кемітуге мәжбүр. Мәселен, осыдан бес-алты жыл бұрын біздің ауылдың өзінде 2500 мың гектар тек жайылым жер болса, қазір сол аумақтың 300 гектарға жетер-жетпес бөлігі ғана мал жайылымына жарамды. Осылай жалғаса берсе, алдағы күнде мал жаятын жер қалмай қала ма деген қауіп бар... Бұл орайда шаруашылық серіктестік басшыларының да өз айтар уәжі бар екен. Өйткені топырақтың құнарсыздануын тоқтататын жаңа технологиялар жоқтың қасы. Қаражаттың жоқтығы да жомарт диқандардың қолын байлап отырған жайы бар. Яғни екпе шөптің егілуі мен топырақты құнарландыру жұмыстарының сапасы сын көтермейді. Ресми статистикалық деректерге қарасақ, еліміз бойынша 188 миллион гектар жердің тек 70 миллионы ғана мал жайылымына жарамды. Бұл дегеніңіз еліміздегі жайылым жерлердің жартысынан астамының қолданылуына дұрыс көңіл бөлінбей, бей-берекет пайдаланғандығын көрсетеді. Жексен ЖАРЫЛҒАПОВ, шаруа қожалығының иесі: – Мал шаруашылығын дамыту жөнінде жоғарыдан тапсырма келгенімен, оны орындауға біздің қаржылай да, материалдық жағынан да шамамыз келмейді. Егер жайылым жерлерді жыртпасақ, егін салар орнымыз қалмайды. Бір жағынан, екпе шөп егу де мол шығын шығаруды қажет етеді. Ал егін шаруашылығымен жүргенде екпе шөп егуге мүлде мүмкіндігіміз жетпейді. Мамандардың есептеуінше, қазіргі таңда қазақ жеріндегі 26,6 миллион гектар жайылым жер мүлдеп тозуға айналған. Бәлкім, Жайылым жерлерді қорғауға арналған арнайы заң қабылдау қажет шығар. Дәл осындай заң қырғыз елінде қабылданғанын ресми БАҚ өкілдері жарыққа шығарған. Топырақ эрозиясының салдары да бүгін барлық салаға ауыртпалығын салып отыр десек, жайылым жерлерге жақсылап қарау аса маңызды іс екені айқындала түседі. Сондықтан еліміздегі бұл мәселе одан сайын ушықпас үшін бүгіннен бастап іске кірісу қажет деген ойдамыз.

Автор: Абзал Алпысбайұлы, Ақмола облысы alashainasy.kz