Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар

кадр АСТАНА. ҚазАқпарат - Осы аптада еліміздің орталық және жергілікті атқарушы билік органдарында бірқатар кадрлық өзгерістер орын алды. Сондай-ақ Елбасы Өкімімен бұған дейін Ұлттық банк төрағасының орынбасары қызметін атқарған Д.Ақышев Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімінің меңгерушісі қызметіне кірісті. ҚазАқпарат апта ішінде орын алған осы және өзге де кадрлық ауыс-түйіске шолу жасайды. Сонымен Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Өкімімен Данияр Талғатұлы Ақышев Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалып, ҚР Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары қызметінен босатылды. 1976 жылы дүниеге келген Д.Ақышев қазақ мемлекеттік басқару академиясын бітірген. Бірқатар елдердің халықаралық қаржы ұйымдары мен институттарында курстар мен семинарлардан тәжірибе жинаған. 2007 жылдан ҚР Ұлттық банкі Төрағасының орынбасары қызметін атқарған. Мемлекет басшысының келесі Өкімдерімен ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасарлары қызметіне ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары болған Саян Қылышұлы Ахметжанов, ҚР Президенті Әкімшілігінің Құқық қорғау жүйесі бөлімінің меңгерушісі болған Алик Жатқамбайұлы Шпекбаев тағайындалды. Осы аптада ҚР Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті басшылығын таныстырды. Комитет төрағасы қызметіне осыған дейін ҚР Өңірлік даму министрінің орынбасары қызметін атқарған Серік Жұманғарин келді. Ал олардың орынбасарлары қызметіне ҚР Өңірлік даму министрлігінің жауапты хатшысы қызметін атқарған Арыстан Қабыкенов, ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаментінің директоры болған Азамат Майтиев, «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ интеграциялық саясат департаментінің директоры болған Әлия Жұмабаева, ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің жауапты хатшысы қызметін атқарған Рүстем Ахметов тағайындалды. Аталған министрліктің Құрылыс істері, ТКШ және жер ресурстарын басқару комитетінің басшылығы да белгілі болды. Ендігі уақытта комитетті бұдан бұрын ҚР Өңірлік даму министрінің орынбасары қызметін атқарған Қосман Айтмұхамбетов басқарады. Ал оның орынбасары мыналар: бұған дейін ҚР Өңірлік даму министрлігі Құрылыс істері, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық комитеті төрағасы лауазымын атқарған Владислав Галиев, бұдан бұрын ҚР Өңірлік даму министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті төрағасының орынбасары лауазымын атқарған Бауыржан Смағұлов және осыған дейін ҚР Қоршаған орта және су ресурстары министрлігінің Заң департаменті директоры болған Дина Акрачкова. ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің басшылығы да белгілі болды. Атап айтқанда, бұдан бұрын ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігі төрағасының орынбасары лауазымын атқарған Әлиақпар Мәтішев аталған комитетті басқарады. Ал комитет төрағасының орынбасары қызметіне бұдан бұрын ҚР Тұтынушылардың құқықтарын қорғау агенттігі төрағасының орынбасары лауазымын атқарған ҚР бас мемлекеттік дәрігері Жандарбек Бекшин мен ҚР Тұтынушылардың құқықтарын қорғау агенттігі төрағасының орынбасары болған  Мұрат Төлеутайұлы келді. Дәл осы ведомствоның Статистика комитеті басшылығы да белгілі болды. Комитетті  осыған дейін ҚР Статистика агенттігінің төрағасы болған Әлихан Смайылов басқарады. Ал комитет Төрағасының орынбасарлары:  осыған дейін ҚР Статистика агенттігі төрағасының орынбасарлары болған.Жасер Жарқынбаев пен Айдын Ашуев және осыған дейін ҚР Статистика агенттігінің  жауапты хатшысы болған Бақытбек Иманәлиев. ҚР Энергетика министрлігі комитеттерінің  де басшылары тағайындалды. Атап айтқанда, Экологиялық реттеу, бақылау және мұнай-газ кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы болып Момышев Талғат Амангелдіұлы, Атом және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің төрағасы қызметіне Есімханов Сұңғат Қуатұлы кірісті. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов те Білім және ғылым саласын бақылау комитеті мен Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағаларын тағайындады. Білім және ғылым саласын бақылау комитетінің төрағасы болып Нүсіпов Саят Нұрмұхаммедұлы тағайындалса, ал Оразалиева Зәбира Жандарқызы Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы болды. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығымен Су ресурстары комитетінің төрағасы болып Ислам Әлмаханұлы Әбішев, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы болып Бағдат Оразалдыұлы Азбаев  тағайындалды. Сондай-ақ «Азық-түлік келісім-шарты» ҰК» АҚ директорлар кеңесінің шешімімен Рахмет Ғазизұлы Байнақов ұлттық компанияның басқарма төрағасы болып сайланды. Алматы облысының әкімі Амандық Баталов бірнеше тағайындаулар жасады. Атап айтқанда, облыс әкімінің өкімімен Іле ауданының әкімі болып Медеуов Қыдыркелді Өміржанұлы тағайындалды. Қыдыркелді Өміржанұлы 1955 жылы Алматы облысы Шамалған ауылында дүниеге келген. Қазақ ауылшаруашылығы институтын бітірген. Шамалған ауылдық әкімшілігінің басшысы, Алматы облыстық жер ресурстары комитетінің төрағасы, Алматы облысы Қаратал ауданының, Райымбек ауданының әкімі қызметтерін атқарған. Сонымен қатар, облыс әкімінің өкімімен Сәтжан Манасұлы Қиқымов Қапшағай қаласының әкімі қызметіне тағайындалды. Ол 1958 жылы туған. Алматы темір жол транспорты инженерлер институтын, Бағалау және құрылыс академиясын бітірген. Қарасай ауданы Жандосов ауылдық округінің әкімі, Жамбыл ауданы Ұзынағаш ауылдық округінің әкімі, Қарасай ауданы әкімінің орынбасары, Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары, Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің бірінші орынбасары лауазымында болды. 2012 жылдың қазан айынан Қарасай ауданы әкімінің орынбасары қызметінде болған. Марлан Жиембай