ҰЛТ ӘДЕБИЕТІНІҢ ҰЛЫ ОРДАСЫ

одак Тамырын тереңге жіберген алып бәйтеректер ғана мәңгіліктің хабаршысындай жайқалып тұратыны анық. Біздің әңгімеміздің «кейіпкері» – сексеннің сеңгіріне көтеріліп отырған қарашаңырақ, сол алып бәйтерегіміз – Қазақстан Жазушылар одағы.  Айтулы шығармашылық одақтың 80 жылдық ғұмырында үлкенді-кішілі оқиғалар аса көп. Адам қандай да бір тарихта ізі қалған тірлікті бағалаған кезде, ең алдымен, ол орынның қоғам алдындағы атқарған еңбегі, ел алдындағы еңбегі ең басты өлшемі болмақ. Зерттеушілердің дерегіне қарағанда, қазақ қаламгерлерін біріктіру жолындағы алғашқы қадам 1922 жылдан басталады. Яғни, қазақ ақын-жазушыларын бір ұйымға біріктіру мәселесі 1925-30 жылдары қаламгерлер арасында талас-тартысқа түскенін айтады. Ал 1935 жылы СССР әдеби қорының қазақ бөлімшесі құрылып, Қазақстан жазушылар одағы мемлекет тарапынан қаржыландырылып отырған. Осынау идеялық талас-тартыстардан кейін пайда болған Жазушылар одағы cовет өкіметімен бірге қилы кезеңдерден өтіп, тәуелсіз Қазақстанның қазіргі биігіне шыққаны айқын. Өткен жүзжылдықта ұлт ойы мен парасатының кенен көздері ашылып ұлт ғылымы қарыштап өсті, әдебиетіміз бен өнеріміз әлемдік биікке көтеріліп, ондаған классикалық шығармалар дүниеге келді, ғаламтану үлгілеріміз мойындалып, көркемдік мектептеріміздің көкжиегі кеңейді. Осы ғасырда Абай, Махамбет, Жамбыл есімдері әлемге қазақ жырының құдіретін танытты. Осы ғасырда Ахмет, Міржақып, Мағжан, Жүсіпбек, Сұлтанмахмұт, Шәкәрім, Сәкен, Ілияс, Бейімбет, Мұхтар, Сәбит, Ғабит, Ғабиден шығармаларының тұсауын кесті. Жалпақ жұрттың санасында «алтын ғасыр әдебиеті» болып бекіген тұтас бір дәуірдің көркем әдебиеті жасалды. Яғни, арыстар мен алыптар кезеңі. Омбы, Орынбор, Ташкент, Семей, Қызылорда секілді шаһарларда топтасқан қазақ қаламгерлерінің дені келе-келе ұйым құрылмай тұрып-ақ осы кезең шығармаларының сүйегін құрап, негізін айшықтады. Алғашқы ұлттық театрымыздың репертуарын құраған Әуезов, Майлин, Мұқанов, Мүсірепов пьесалары осы кезеңде өмірге келді. Солардың дені классикалық репертуарымыздың алтын қорына айналды. Ахмет, Міржақып, Мағжан, Сұлтанмахмұт, Шәкәрім дүниелері де осы кезең туындыларына жатады. Бұл кезеңде ұйым тізгінін Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Ғаббас Тоғжанов, Сәбит Мұқанов, Әбділда Тәжібаев, Мұхаметжан Қаратаев, Дихан Әбілевтер ұстады. Ал сол ғасырдың екінші кезеңі соғыс тұсындағы өмір мен өлім майданын көзімен көріп, соғыстан кейінгі қиындық атаулыны жүрегімен сезінген ұрпақ тудырған реалистік-психологиялық әдебиеттің кезеңі еді. Бұл кезең өкілдері алыптар салған жолды жалғай отырып, өздеріне дейінгі эпикалық, лирикалық үлгі нышандарды барынша байытты, көркейтті, дамытты, шығарманың көркемдік шешімін өзгеше өрді. «Қып-қызыл өрттің ішінде жүрміз, қайда екен, қайда дариға сол қыз?!» деп ақындық асқақ рухты арқалай келген Қасым Аманжолов замандастарының көпшілігі «соғыстың сұр шинелін» шешпестен, бірден Алматыға келді. Бірі окоптың жырларын дәптерге түскен қалпы гимнастерка қалтасына салып бүктеп жетсе, енді біреулері тұңғыш романдарын қолтығына қысып, алыптар тобының есігін именіп ашты. Соғыстан соңғы астананың бұлың-пұшпағын кезіп, пәтер жалдап, алғашқы повестері мен әңгімелерін жазып жатты. Бейбіт өмірдің бейғам ауасын жұтып, болашақ кейіпкерлермен қоян-қолтық араласып, «махаббат мұңын» кешіп, «махаббат қызық, мол жылдардың» қызығына батты. Ұлы Мұхаң дүниеден өтерінен сәл бұрын есімдерін бөліп айтып, әдебиет болашағын тапсырған тұлғалы, талантты қаламгерлеріміздің дені осы – екінші кезең әдебиетін жасады. Бұл кезеңдегі ұйым тізгінін ұстаған Ғабит Мүсірепов пен Ғабиден Мұстафин тәрізді әдебиеттің абыройлы ақса­қалдары одақ жұмысының түбе­гейлі жанданып, халықаралық бай­ланысқа шығуына көп күш салды. Тәржіма жұмысы жолға қойылып, әдебиет ертеңі дейтін ұғымға жауап берер өрісті дүние­лерді өзге тілдерге аударылу үрдіске айналды. Мұнан кейінгі кезең – алпысыншы жылғылар кезеңі. Бұл кезең өкілдері ғасыр зобалаңы мен тауқыметін тартқан, тоталитарлық жүйенің зардабын шеккен ондаған елдер мен ұлттардың жан-күйін, ой-арманын арқалаған, парасаты мол, дүниетанымы кең, интеллектуалды әдебиетті жасады. Алды бүгінде жетпістен асса, соңғы өкілдері алпыстың қырқасына көтеріліп отырған бұл ұрпақтың әдебиетке бергені ұшан-теңіз. Олай дейтініміз, осы тұста жалпы әлемдік әдебиетте үлкен-үлкен бетбұрыстар болып жатты. Үлкенді-кішілі ұлттар әдебиетіндегі алуан-алуан ізденістер өз жемісін берді. Батыс әдебиетіндегі интеллектуалды ағыстар жаңа көркемдік айдындарға алып шықты. Кеңестер одағының шаңырағын шайқаған, «жылымық» кезеңі әдебиет пен өнерде, ғылым мен білім саласында, жалпы, қоғамтану кеңістігінде осы өзгерістердің дендеп енуіне, қанат жаюына біраз жағдай жасады. Соның нәтижесінде қазақтың ұлттық көркемсөзі үлкен биікке көтерілді. Поэзиямыз жұлдызы жарық, тынысы кең, болмысы таза соны жырлармен, тұғыры биік тұлғалы ақындармен толықса, прозамыз баяндаудың өрісі бөлек, өркенді, кенен үлгілерін жасады. Кітап сөрелерінде ұлт өмірі мен тағдырын тереңінен толғайтын қуатты көркем проза­лық шығармалар молайды. Міне, осының бәрі бірауыз сөзбен тұжырып айтқанға оңай көрінгенімен, бүтін бір ұлттың баға жетпес қазынасын, дәуірлерге көш түзеген ұлы мұрасын тануға, талдауға жол ашты. Әди Шәріпов, Әнуар Әлімжанов, Жұбан Молдағалиев, Олжас Сүлейменовтер басшылық жасаған бұл үшінші кезеңде де ұйымның абырой-беделін көтерген шығармашылық, әлеуметтік, біраз күрмеуі қиын келелі мәселелер өз шешімін тауып, Қазақстанның халықаралық әдеби байланысын жолға қойған ірі-ірі симпозиумдар, форумдар өтті. Ал төртінші кезең – өткен ғасырдың 90 жылдарынан бергі жаһандану жағдайындағы тәуелсіздік дәуірінің әдебиеті. Бұл кезең қаламгерлер қауымына да, қаламгерлер ұйымына да оңай болды деп айта алмаймыз. Осы тұстағы ұйым жұмысына жауап беру міндеті қазақтың қаламгер-қайраткер азаматы, марқұм Қалдарбек Найманбаев пен Нұрлан Оразалиннің маңдайына жазылыпты. Мұның бес жылы Қалекеңнің еншісінде болса, қалған жылдардың салмағы Нұрлан Оразалиннің мойнында... Жиырмасыншы ғасырдың әлемтапырақ оқиғаларға, тарихи катаклизмдерге толы соңғы он жылы мен ел енді-енді ес жинай бастаған жиырма бірінші ғасырдың алғашқы он жылы бәріміздің де қаз-қалпы жадымызда. Адамзат баласының арғы-бергі тарихында өмір сүрген империялардың ішіндегі ең ірілерінің бірі тарих аренасынан кетті. Мінеки, қазақтың ұлттық ақыл-ойының кемеңгерлері саналатын жалпы, қазақ руханиятының белгілі тұлғаларының барлығы осы Жазушылар одағының жүгін көтеріп, көшін түзегенін тарих сайрап берді. Демек, Жазушылар одағы – ұлылардан қалған шаңырақ. Ал Тәуелсіздік жолында Жазушылар одағының ойып алар орны болды. Баяғы Колбиннің кезін еске алайықшы. Сол кезеңде тәуелсіздік үшін айқай салғанда ең жоғары нотадағы дауыс жазушылардікі болған! Кеңестер одағының ыдырауы Еуразия кеңістігін жайлаған елдер мен халықтар тағдырына қалай әсер етсе, сол елдердің мәдениеті мен әдебиетінің тағдырына да солай әсер етті. Жаһандану шағын ұлттарды сұрапыл мінезді замана торнадасына лақтырды. Әлемнің геосаяси кеңістігіндегі державалық елдердің арасалмағы ауысты. Өтпелі кезең ұлттардың рухани өрісін тарылтып, қуаттылардың қуатсыздарға күш көрсетуін өрістетті. Беделді-беделді деген халыаралық ұйымдардың өзі әлгіндей еларалық, құрылықаралық мәселелерді шешуде дәрменсіздік танытты. Өзінің тәуелсіздік ел ретінде даму жолын таңдаған Қазақ Елінің мемлекет болып сақталуы әлгіндей «арпалыстар додасына» түскені қалай ақиқат болса, рухани кеңістігіміз де сол жаһандану дәуірі қалыптастырған күнгей-көлеңкесі қатар келген қиындықтармен еріксіз шарпысуына тура келді. Бұл шарпысуды біз, ең әуелі, ана тіліміздің айналасынан бір көрсек, ұлттық мәдениетіміздің тағдыр-талайын анықтар тұстардан екі аңғардық... Сынның үлкені алтын арқауы тіл саналатын әдебиеттің үлесіне тиді... Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзімен айтқанда, «Дауға салса, алмастай қиған, ойға салса, қорғасындай балқыған, өмірдің кез келген орайында әрі қару, әрі қалқан болған, әрі байырғы, әрі жас, отты да ойнақы Ана тілінен артық қазақ үшін бұ дүниеде ештеңенің жоқ екенін...» жанымызбен, жүрегімізбен сезінер кезең келді... Әрине, мыңдаған жылдық тарихы бар байырғы ұлт пен дәстүрі берік үлкен әдебиетті табанға салу мүмкін емес... Ел тәуелсіздігімен жарыса келіп, өмірімізге, өмір сүру салтымызға қатар енген жаһандану, ең әуелі, өз шеңгелін ана тіліміз бен әдебиетімізге салғанын осы кезең ішінде анық аңғардық. Егмендікпен ілесе нарықтық қатынас та ентелей жетті. Сол нарыққа дендеп кіре бастаған кезең Нұрлан Оразалиннің Жазушылар одағына бірінші хатшы болуымен тұспа-тұс келгені қалам ұстағандардың бәріне аян. Оразалинді «Жазушылар одағын нарық тұсында басқарды» деп бір ауыз сөзбен қысқа қайыру жеткіліксіз. Арыстар мен алыптар өз қолдарымен құрған әдебиетіміздің алтын төрін бұл адам тығырықтан қалай алып шықты, қалай бойын тіктеді? Міне, бұл тұрғыда біз емес, белгілі сыншы ағамыз Бақыт Сарбалаевтың пікірімен Жазушылар одағының бүгінін кестелеп, сөзімізді қорытындыласақ: «Кешегі өтпелі, өте қиын – коммунизмді көрге тығып, капита­лизм­ді қайта туғызған, халық – аш, қаламгерлер қайыршылыққа ұшыраған кезеңде қайраткер Нұрлан Оразалин Қазақстан Жазушылар одағын қорғап, қираудан аман алып қалды. Қарқарадай үйін, қайратты үнін сақтап қалды. Рас, мұнысы – өзі үшін де керек шығар. Бірақ ең бастысы – өзгелер үшін – қаламгерлер үшін. Халық үшін! Мұндағы күрес, қиындықтарды жеңу, құлап жатқан одақты қайтадан нық тұрғызу – аса қиын болғаны, үш жыл бойы күрес: отта, сотта, шотта жүрген жігерліліктен кейінгі жеңіс екені – былайғы жұртқа белгісіз болғанмен, басы-қасында жүргендерге әбден белгілі. Шынында да, бұл – Нұрланның еңбегі ғана емес ерлігі, қызметі ғана емес, қайраткерлігі. Шынында да, қайраткер Нұрлан Оразалин болмаса, біз астам ел Ресейден, пысық Өзбекстаннан, ағайын Қырғызстаннан әулие емеспіз, көптеген нарықшыл қаламгерлердің қалауына көніп, қаламгерлері қаламайтын биліктің шылауына еріп, одақты таратып, оқырманды жерге қаратып, берекесіз би-қиқымдарға айналып кетер ме едік?! Сөйтіп, кезінде кейбір жазушылардың өзі керексінбеген одақ енді елге де, Елбасына да керек болып тұр». Кәдірбек ҚҰНЫПИЯҰЛЫ,  Қызжібек БӘКІР  ТАҒДЫРЫ ХАЛЫҚПЕН БІТЕ ҚАЙНАСҚАН ҰЙЫМ Шығармашылық одақтың құрылымын түзген – Кеңестер Одағы дейтін алып империя. Бір ғасырға жуық империя жүйелі жұмыс істеді. Оның ішінде әдебиетті бағыттау мен өнерді тізгіндеу арқылы жүйе тұтас бір дәуірдің рухани ұстанымын қалыптастыруға күш салды. Бұл мақсатты жүзеге асыру үшін коммунистер тізгінді тежеумен қатар, әдебиет пен өнер иелеріне жағдай жасауды да жан-жақты ойластырды. Жазушылар одағының өмірге келуі осы бағыттағы қадам еді. Жазушылар ұйымының тағдырын халқы қабағына қарап, өнерін жоғары бағалайтын тұлғалардың қолына сеніп тапсырып жатты. Қазақстанда мұндай тарихи міндет халқымыздың ұлы перзенттері – Сәкен Сейфуллин мен Ілияс Жансүгіров бастаған шоғырдай талантты топтың үлесіне тиді... Дәуір аса күрделі болды. Отарлаушы державалық жұрттың орнында жан алысып, жан берісіп жүріп пайда болған Кеңес өкіметі өзінің айқай-сүреңі мол төңкерісшіл ұранына берік екенін әлем алдында танытты. Көнгенге қабақ байқатты, көнбегеннің басын алды. Ұлтым дегеннің ұрты тілінді, халқым дегеннің жұрты бүлінді. Соның нәтижесінде «кәмпескенің» тұсындағы «сапалық тазалау», таптық тұрғыдан жазалау жүргізілді. Бірінің үстінен бірі «сөзтасу» мен бірі туралы бірі «ашыла сайрайтын» кез келді. Қазақстанда да осы саясат қанатын кең жайды. «Тұрымтай – тұсына, балапан – басына...» дейтін күн туды. Қазақ өз жерінде өзі қашқын атанып, өз жерінен өзі үркіп, үдере көшті. Ен даланы еркін кезіп, ен жайлаған елдің еркін өмірі ертегіге айналды. Міне... Ұлт басына қиын-қыстау күн туған өткен ғасырдың отызыншы жылдарында, дәлірек айтқанда, қазақ ұлты сандық, сапалық тұрғыдан тізерлеп, шөккен 1934 жылы Қазақстан Жазушылар одағы өмірге келді... Ұйым құлағында тұрған ұлы тұлғалар ұлтты сақтап қалудың бірден-бір жолы тілді сақтау екенін, тілді сақтау үшін халқымыздың ғажайып қазынасы – cөз өнерін, көркем әдебиетті сақтау керегін бар болмысымен түсінді. Ұйым құлағында тұрған Сәкен, Ілияс, Бейімбет айналасына топтасқан Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин тәрізді ұлт көркемсөзінің сол тұстағы ірі өкілдері Жазушылар одағын үлкен әдебиетке алып барар бірден-бір ұлт руханиятының киелі төріне, сөз өнерін шыңдаудың шынайы мектебіне айналдыра білді. Осынау қаламгерлер ұйымының өмірге келуі баспа ісіне де жан бітірген кез болатын. Иә, дәл сол жылдары араға аз ғана уақыт салып барып, ұйым қасынан бірінші болып «Қазақ әдебиеті» газеті жарық көрді. Кейіннен «Жазушы» баспасы аталған Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасы құрылды, оның соңын ала бере бірінен соң бірі «Жұлдыз», «Простор» журналдары тұсауын кесті. Сол бір тарихи кезеңнен бастап ұйым құрылтайшылығындағы әдеби басылымдар Жазушылар одағымен бірге жасасып келеді. Өтпелі кезеңнің ауыртпалығы жалғыз Жазушылар одағының иығына түскен жоқ. Көрсек те, көтерсек те ел қатарлы көрдік, ел қатарлы көтердік. Жасырмаймыз, қиналған кездеріміз де болды. Уақыт – төреші. Бәрін орнына қойды. Бүгінде одақ жанынан құрылған «Қаламгер-Медиа» орталығының үйлестіруімен әдеби басылымдар қарашаңырақтың астында өз міндетін қалтқысыз атқарып келеді. Ал, Жазушылар одағы жанындағы «Ан-Арыс» баспасы да біршама игі шараның бастамашысы болып, жемісті еңбек етуде. «Мәдени мұра» бағдарламасымен жүзеге асып отырған арғы-бергімізді талдауға, тануға, түгендеуге арналған алуан-алуан сериялық басылымдардың өмірге келуі осы айтқанымыздың дәлелі. Сондықтан, ұлт әдебиетінің қағбасындай болған қасиетті қарашаңырағымыздың мерейтойы барша қазақтың тойы дегеніміз дұрыс-ақ. Нұрлан ОРАЗАЛИН, Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР Парламенті Сенатының депутаты   ҚАЗАҚ РУХАНИЯТЫНЫҢ ҚАРАШАҢЫРАҒЫ Кешегі Кеңеспен кетіскен елдердің ешқайсысында Қазақстан Жазушылар одағы сияқты бір шаңырақтың астында ұйып отырған ұйым жоқ. Мысалы, Ресейдің Жазушылар одағы төрт-беске бөлініп кетті. Дай-дай болып, бір-бірімен айтысып жатыр. Қырғыз ағайындардың одағы жабылып қалды. Қазір олардың есігінде дәу қара құлып ілініп тұр. Басқа елдерде де осы тектес жағдай орын алған. Жалпы, шығармашылық қауымның арасында өкпе-наз күнделікті өмірде бола береді. Ондай жағдай ана кезеңде де болған. Мәселен, одақты Әнуар Әлімжанов ағамыз басқарған кезде қаламгер қауым «Жазушылар одағын журналистке басқартқаны несі? Бір жазушы табылмады ма?» деген. Олжас басқарған кезде оған орыстілді деп қарсы шыққан. Мұндай жел сөздер әр заманда болған. Десек те, осы азаматтардың қай-қайсысы да болмасын ұлт үшін үлкен жұмыс істеді. Қысқасы, Қалдарбек Найманбаев ағамызға дейін Жазушылар одағын басқарған азаматтардың барлығы қазақтың марқасқа ұлдары еді. Жазушылар одағы үлкен қиын-қыстау кезеңді басынан өткерді. Одақ ата-бабаларымыз аманаттап кеткен, қаламгер қауымына ортақ Шығармашылық үйден, «Қаламгер» кафесінен, тағы да басқа дүниелерден айырылып қалған уақыт та болды. Оны қайтару ұзақ процеске айналды. Тіпті іс сотқа дейін барып, төрелікке жүгінуге тура келді. Төрт-бес жыл табанымыздан тозып жүгірдік. Ақыры, сол дүниелердің барлығын Жазушылар одағының иелігіне қайтарып алдық. Бұл арада Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалиннің қайраткерлігін, табандылығын, адалдығын айтпай кетуге болмайды. Қазақстан Жазушылар одағы – қазір қоғамдық ұйым. Мемлекеттен бір тиын қаражат алып отырған мекеме емес. Десек те, Жазушылар одағы өз бетінше өмір сүріп, нарық заңдарына бейімделіп, түрлі іс-шараларды өткізуге мұрындық болып келеді. Мемлекеттік маңызы бар, қазаққа қауіп төнетін сәттерде ақын-жазушының барлығы бір сапқа тұрады. Өз басым жазушылардың маңызды дүниелерге келгенде барлық көзқарас алшақтығын тастап, бірауызды болғанын талай көрдім. Мәселен, осы одақтың өзін бөлу туралы әңгімелер болған шақта жазушылардың 100 пайызына жуығы Жазушылар одағын сақтап қалу жағына шықты. Бұл да – ақын-жазушылардың біріге алатынына бір дәлел.

Ғалым  ЖАЙЛЫБАЙ, Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының Бірінші орынбасары

 ҚАСЫМ САЛҒАН ҚАСҚА ЖОЛДАН ТАЙМАЙМЫЗ «Қазақ әдебиетінің» кір жуып, кіндік кескен отаны – Қазақстан Жазушылар одағы. Құтты мекеннің алдағы күзде мерейтойы. 80 жылдығы! «Қазақ әдебиетінің» ең алғашқы Бас редакторы Ғабит Мүсіреповтің еске алуына қарағанда, көп уақыт газетті басқаратын адамды іздеуге кетіп қалса керек. Демек, бұл қызметке ұмтылмаудың бір себебі, қорқыныш. 1934 жылы ашылып, айналасы алты жылдың ішінде 1940 жылы жабылып тынуы «қызыл террордың» басталып, аяқталу аралығын қамтиды. Араға он бес жыл салып, 1955 жылдың 14-қаңтарында жарық көрген «Қазақ әдебиеті» газетінің басына көрнекті ақын Сырбай Мәуленов келді. Сырбай Мәуленовтің кісілігі мен басқарудағы әдісін көп адам ауыздарынан әлі күнге дейін тастамайды. Ал одан кейінгі Әзілхан Нұршайықов, Жұмағали Ысмағұлов, Қапан Сатыбалдин, Нығмет Ғабдуллин, Сайын Мұратбеков секілді айтулы атпал азаматтардың басқаруындағы «Қазақ әдебиеті» дәстүрін байытып, халыққа жақындаудың қадамын нақты жасады. 1980 жылдардың басында Шерхан Мұртазаның дәуірі келгенге дейін дауыл алдындағы тыныштық орнағандай әсер береді. Ол басқарған басылым біткен халықты өзіне баурап әкетіп, таралымы өсе жөнелетін әдеті. Бұдан соң Төлен Әбдіков, Ахат Жақсыбаев, Жұмабек Кенжалин, Жүсіпбек Қорғасбек, Ұлықбек Есдәулет басшылық жасаған мезгілдегі қолтаңбалар айқын аңғарылады. Басылым дәстүріне нұқсан келтірмеген олар ұлттың жіберген есесінің орнын толтырып, жоғын түгендеді. Қаламгерлер арасындағы танымдық пікірталасты өршітіп, далалық демокртаияға тән кісіліктің әдебін қатаң сақтады. Қазақ баспасөзінде билікке арнайы тоқталып, даталы күнге арналған тоқтамын жасқанбай да жалтармай айта алатын Оралхан Бөкейдің редакторлық қысқа дәуірі жұртшылықтың есінде. Шерхан Мұртаза шапанының шалғайынан шыққан ол қазақ журналистикасында сыршылдық сарынды тереңдете түсті. Журналистиканың бүгінгі беталысында «Қазақ әдебиетінің» ұстанған бағыты «Қасым салған қасқа жолдан» таймауға тырысады. Өйткені, «Қазақ «әдебиеті» «Қазақ» газетінің тікелей мұрагері. Ендеше, «Қазақ әдебиеті» көтеретін мәселе де шаш-етектен. Жұмабай ШАШТАЙҰЛЫ, «Қазақ әдебиеті» газетінің Бас редакторы  «ЖҰЛДЫЗ» – ҰЛТ МҮДДЕСІНДЕ «Жұлдыз» журналы о баста алғаш 1928 жылы Қазақтың пролетар жазушылары ассоциациясының (ҚазАПП) журналы ретінде «Жаңа әдебиет» деген атпен ашылған. Алғашқы редакторы қызыл сұңқар ақын С.Сейфуллин, жауапты хатшысы батрак жазушы С.Мұқанов болған. 1932 жылы «Әдебиет майданы» болып өзгеріп, 1934 жылы Қазақстан Жазушылар одағы құрылғанда соның органына айналған. Одан беріде 1939 жылдан бастап аты «Әдебиет және искусство» деп өзгеріп шығып, Ұлы Отан соғысы басталғанда үш жылдай жабылып қалған. Содан 1944 жылдан бастап «Майдан» деген атпен қайта ашылып, қағаздың жетіспеуінен үш айда бір рет альманах ретінде жарық көріп тұрыпты. Соғы біткенде 1945 жылдан қайтадан «Әдебиет және искусство» деп аталды. Журнал 1957 жылдың басынан бері қазіргі «Жұлдыз» деген атқа ие болды. Бұрын журнал «1928 жылы шыға бастады» деп жазылып келсе, 2002 жылдан бастап «1922 жылдан шығып келеді» деп өзгертілді. Кейінгі энциклопедияларға да осылай кірген. Қазақ әдебиетінің ең аруақты, арқалы ақындары мен ең қабырғалы прозаиктері, ең азулы сыншылары түгелге жуық «Жұлдыздың» беттерінде қалам қатайтып келеді. Бұрын да солай болған, қазір де солай. Қысқасы, бүгінгі «Жұлдыз» журналы – ұлт мүддесінде. Алаш мұратына адалдығынан айныған жоқ.  Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ,  «Жұлдыз» журналының Бас редакторы,   ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты