"Жабық тақырыпты" жасырып жапқанымызбен тапқан пайдамыз шамалы...  

©Алаш айнасы иллюстрациясы

©Алаш айнасы иллюстрациясы

Бұрынғының қыздары мектеп бітіргенге дейін «сүйіссе аяғы ауырлап қалады-мыс» деген қорқынышпен (әлде қараңғылық) бойжетсе, бүгінгі қатыгез қоғамның қағынған қыздары баланы капустаның арасынан тауып алмайтындығын, баланың қалай пайда болатынын бесіктен белі шықпай жатып-ақ беске біледі. Жыныстық тәрбие қазақ қоғамы үшін беріге дейін жабық тақырып болып келгені аян. Дәл осы ұятты тақырыпты қозғайтындарға біртүрлі көзқарас пайда болғаны да рас. 

Алайда қанша ұялып, бетті басып, қатты сасып қашып кеткіміз келгенімен бәрібір айналып келіп алдымыздан шыға береді. Жастардың ерте бастан жыныстық қатынасқа түсуі қоғамдық қасіретке ұласып, бұл мәселе «қайтпек керек» деп әр ойдың құйрығынан ұстай алмай жүргенде қалыпты жағдайға айналып бара жатқандай. Қазақ отбасында ұят санап, мүлде жабық жататын тақырып болған жыныстық тәрбие қазіргі кезенде мектепте мәз болатындай деңгейде оқытылып жатқан жоқ. Соған қарамастан балаларымыздың «көзі ерте ашылып жатыр». Әртүрлі акциялар ұйымдастырып, әлдебір қоғамдық қорлардың қыз балаларға «Проктр энд гембл» тауарларын шүлен таратқандай тарту етуімен аяқталады. Ғасыр індетінен сақтану жолдарын үйретеміз деп кейде тіпті соқырға таяқ ұстатқаннан да асырып жіберетініміз бар. Дәл осы «жабық тақырыпты» жылы жауып қойғысы келгендер балаларға ештеңе үйретпеу қажеттігін, олар өз кезегінде бәрін өздері үйреніп алатынын алға тартады. Бірақ осындай жасырып жақауратудан шыққан ұшпағымыз қайсы? Төріңізде тұрған тележәгіңізді «ұятты» ету мүлдем мүмкін емес. Жылтыраған журнал біткенді жалаңаш әйелсіз елестете алмайтын халге жеттік. Интернет біткеннің толы тағы да осындай «сұмдықтарын» алға тосады. Біз қанша тұсаулағанымызбен балалар өз беттерінше «үйреніп», «тәжірибе» жинақтауда. «Қоршаулы бақтың жемісі тәтті» әрине. «Қорыған жерге бала мен ит өш» екенін тағы да сіз бен біз жақсы білеміз. Нәтижесі.......Жаға ұстатарлықтай... 14-15 жасар қыздарымыздың аяғы ауырлап қалып жатыр... 7-сыныптың баласы жыныстық жолмен жұғатын инфекциялардан емделіп жатыр. Тағысын тағылар... Бұл қанша жасырып жапқанмен аяғы ашылып қала беретін ақиқат. Тіпті іші үрлеген шардай болып жасөскін қыздарымыз кешкі мектепте оқып жүр. ҰБТ-ға дайындалудың орнына бала емізіп жүргендері де жетерлік. Ақыр аяғында өзіміз тұмшалаған өтірігіміз өзімізді тұншықтырып жатқандай. Ақиқаты осы ғой. Өзі бала болса да бала «жасап шығаруды» беске білетіндер көп қазір. Психологтар жыныстық тәрбие мен отбасылық өмірге даярлау ісіне этномәдени құндылықтар арқылы ықпал ету керек деп есептейді. Бірақ қалай? Кезінде валеология пәнін мектеп бағдарламасынан алып тастау туралы мәселе көтерілгені белгілі. Көкпар тартқан көн тулақтай болған мәселе ақыры аяқсыз қалды. Бірі ары тартты, бірі бері тартты. Шешілген мәселе жоқ бірақ. Валеология пәніне арналған оқулықтың керек емес жерлерін алып тастап, ұлттық менталитетімізге сай етіп жазу керек деді біреулер. Әншейінде біреуді мақтап кітап жазғыштар ұлт болашағы үшін маңызы бар істе үнсіз қалды...Статистика жөніндегі агенттіктің берген мәліметтеріне сүйенсек, елімізде жыл сайын 15-19 жастағы 10 мыңға жуық қыз баланың аяғы ауыр болады екен. Медициналық тексеруден өткен әр 100 мың жеткіншектің 1 466-сының гинекологиялық ауруға шалдыққаны анықталған. Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталықтың мәліметіне қарағанда елімізде 14 жастағылардың жыныстық қатынасқа бару фактілері жиілеген. Өткен жылы «Амансаулық» қоғамдық қоры жұрт назарына «Әйелдер мен жастардың сексуалды және репродуктивті денсаулығын сақтау және отбасыны жоспарлау» атты баяндамасын жариялаған болатын. Таңқаларлық әрі қызықты тақырыптары жетерлік болып шықты. Елімізде дәрі-дәрмекпен үй жағдайында түсік жасатуға мүмкіндік көбейген. Өйткені осындай дәрілер қолжетімді бола бастапты. Керісінше жасөсірімдер арасындағы туу көбейген. 15-19 жас аралығындағы қыздардың 3 пайызы бала көтерген. Батыс Еуропа, Жапония, Австралия, Сауд Арабиясы сынды елдермен салыстырғанда екі-үш есеге көбейген. Отбасын жоспарлау қызметіндегілер үшін жүктілікке жол беруге болмайтын әйелдерге ескерту жасау басты парыздары болып саналады. Ондайлар акушер-гинекологтың қатаң бақылауында есепке алынып, жүктілікке қарсы дәрілер тегін беріледі. Алайда медициналық түсік жасатушылар саны неге азаймай отыр? Ол дәрілерді сатып алу жергілікті бюджетке арқандаулы. Жүктіліктен сақтайтын дәрілерді медмекемелер көпбалалалы аналарға, 1 жасқа дейінгі баласы барларға, ауыр науқаспен есепте тұратындарға тегін беруі тиіс. Кейде тізімдегілердің санын әлеуметтік жағынан аз қамтылғандар мен жасөспірімдер толықтыруы мүмкін. Ішкі нарықта жүктілікке қарсы дәрілер қымбат. «Марвелон» бір қорабы 5 100 теңге, «Ригевидон» 1 500, «Био-Т-образ» бір данасы 870, «Мерена» 38 – 45 000, «Левоноргестрел» 2 данасы 2 000 теңге тұрады. Бағасы қымбат болған соң оны сатып ала алмайтындар көп. Статистика агенттігінің мәліметтеріне қарағанда оңтүстік облыстарда орташа жалақы 30 мың теңгенің о жақ, бұ жағында. Мұндайда әрине артық шығын туралы сөз қайдан болсын. Зерттеулер көрсеткеніндей оңтүстік және солтүстік Қазақстан облыстарында 16-18 жастағы қыздар жыныстық қатынасқа дайын емес. Оңтүстікте қыздар тәрбиесінде олар отбасылық өмір туралы қайдан біледі деген сұраққа «жеңгемнен естідім», «мектептегі құрбыларымнан», өте сирек жағдайларда «анамнан» деп жауап берген. Психологтар әрине үлкен өмірге дайын болмау қыз бала үшін ауыр соққы екенін айтады. 2008 жылы жүргізілген сауалнамада әйелдердің төрттен бірі 15-24 аралығындағылар бірде-бір рет мүшеқап пайдаланбағандарын айтқан. Жүргізілген зерттеулерде белгілі болғанындай жастардың 20 пайызы ғана ғасыр індетінің қалай жұғатынын білетіндігін айтқан. Ал қалғандары сексуалды сауатсыз десе де болады. Жүктіліктен сақтануды білмейтіндері де бар болып шықты. Гормоналды дәрілер мен жатырға қойылатын спиралды білмейтіндер тіптен көп. Әрине мектепте жүктіліктен сақтануды үйретпейді. Дегенмен бұрынғы «қыздар жиналысын» қайта жандандыру керек сияқты. Жүктіліктен сақтануды білмесе де 15-19 жастағылар бір рет болса да төсек дәмін татып көрген. Соның салдарынан жыныстық жолмен жұғатын аурулар көбейіп кеткен. Республикалық СПИД-пен күрес орталығы жүргізген зерттеулерде жүкті әйелдердің арасында сифилис ауруымен ауыратындар 100 мың адамға шаққанда 2 300 адамнан келген. Мұндай ауруларды емдеуге қолжетімділіктің төмендігі рас. Көбісі емделмей жүре береді. Не болмаса бақсы-балгерлерге барады. Дәл осы ауруларды емдеу ескі жүйе бойынша жүргізіледі. Сифилис пен гонореяны емдеу тері –венерологиялық диспансермен шектеледі. Амбулаторлық жүйеде пациенттерді анонимді емдеу жүргізілмейді. Соның салдарынан жекеменшік емханаларда емделеді. Оларда құлан таза айығып кетеді деу тағы ағаттық. Осындай аурулардың салдарынан бедеулік, түсік тастау көбейіп барады. Елімізде тұрғындардың 17 пайызы бедеулік дертіне тұсауланған. Оның басты себебі әлгіндей жыныстық жолмен жұғатын аурулардың көптігі мен емделмеудің салдарынан сондай-ақ түсік жасатудан да. Көптеген қыздар отбасы жоспардауды білмейді. Бірінші тұрмысқа шыққан жылы бала туу міндетті деп түсінеді. Оны күйеуінің туыстары жақтайтынынын да жасырмайды. Денсаулығын күтіп, отбасыны жоспарлауды ұлды да, қызды да дүниеге әкелген соң ғана қол жеткізуі мүмкін. Әйтпесе ылғи қыз туылған отбасында қашан ұл дүниеге әкелгенше босана беру міндетті сияқты қалыптасып қалған. Оған әйелдің денсаулығы жарай ма, жарамай ма ешкімді де қызықтырмайды. Осыдан келіп ана өлімі көбеймейді дегенге ешкім де кепілдік бере алмайды. Отбасыны жоспарлаудың не екенін, жүктіліктен сақтану жолдарын білмеген бойжеткендеріміз баласын туа салып қоқысқа тастап кетіп жатыр. Бәлкім сақтанудың жолдарын білсе, ерте «үлкен өмірге» қадам басудың қиындығын түсінсе мұндайдан аулақ жүрер ме еді дейтіндер де жоқ емес. Жалпы жабық тақырыптың бетін ашатын кез келген сықылды... Гүлім Балқыбекова, психолог:  - Жабық тақырып деп мүлдем сызып тастауға тағы болмайды. Салдарынан қаншама өкінішті жәйттер орын алуда. Балаларға өз жасына сәйкес әдістемелік құралдар жазатын, кітапшалар жетіспейді. Соны там-тұмдап хабардар етіп отыру артықтық етпейді. Онсыз да қазіргі балалар ерте жетіледі емес пе? Дәрігерлер мен психологтарды қатыстыра отырып арнайы сабақтар ұйымдастырылса қаншама қасіреттердің алдын алуға болар еді.

Автор: Майра Жолдасбек

http://alashainasy.kz/