1 млрд теңгені жымқырды деп айыпталған экс-вице-министр жазадан құтылып кетуі мүмкін

Білім және ғылым министрінің бұрынғы орынбасары Саят Шаяхметовке қатысты сот отырысына келген куәгерлер де сөзден тануын доғарар емес.

1 млрд теңгені жымқырды деп айыпталған экс-вице-министр жазадан құтылып кетуі мүмкін

Астанада өтіп жатқан сотта экс-шенеуніктің қарамағында жұмыс істеген қызметкерлер куәлік етті деп хабарлайды КТК арнасы. Бұрынғы басшысынан жасқанды ма, әлде судьяның мысы басты ма, әйтеуір, бұл жолғылар да алдыңғылары сияқты қатты сасқалақтады.

Бір қызығы, сот басталғалы бері экс-шенеуніктің қылмысын көзбен көрдім, білдім деп келген куәгерлердің барлығы дәл осылай шетінен сөзден сүрініп, прокурорлардың үмітін ақтамай алмауда.

Білім және ғылым министрлігіндегі департаменттің бұрынғы басшысы да алдын ала қағазға жазып алғандарын оқып ежіктеді, одан қалса бұған дейінгі айтқандарынан жаңылды. Ал мемлекеттік айыптаушы мен адвокаттар сұрағының тең жартысына: "бұған менің қатысым жоқ" немесе "оқиғаның айын, күнін ұмытып қалдым" деп бір сағат бойы сотқа қатысушыларды әбден әбігерге салды.

Бірақ ол тергеу кезінде Саят Шаяхметов пен оның сыбайластарының заңсыз әрекеттерін әшкерелейтін том-том түсінік берген екен.

Саят Шаяхметов пен қос құрылыс компаниясының басшылары Өскемендегі болашақ инженерлерді дайындайтын мектептің құрылысына бөлінген 1 миллиард теңгеден астам қазына қаржысын жымқырды деп айыпталуда. news.nur.kz