Каспаров пен Илюмжиновтің сайысына Кремль кірісті

Белгілі шахматшы әрі Кремльдің қарсыласы Гарри Каспаров Дүниежүзілік шахмат федерациясының басшысы болып сайлануға әрекеттеніп жатыр. Ал Мәскеу елшіліктері арқылы өз адамын қолдауға кіріскен.

Белгілі шахматшы әрі Кремльдің қарсыласы Гарри Каспаров. Мәскеу, 24 қараша 2012 жыл.
Белгілі шахматшы әрі Кремльдің қарсыласы Гарри Каспаров.
Аты аңызға айналған ресейлік шахматшы Гарри Каспаров оншақты жыл бойы Владимир Путинге қарсы саяси күрес жүргізіп, ел ішінен және шетелден өзіне қолдау іздеп жүр. Енді Дүниежүзілік шахмат федерациясын (FIDE) басқаруға талпынып жатқан оған Кремль тосқауыл қойып әлек.
КАСПАРОВ VS. ИЛЮМЖИНОВ Тамыздың 11-інде Норвегияның Тромсё қаласында FIDE президентін сайлау рәсімі өтеді. Сол шараның қарсаңында Ресей өзінің дипломатиялық ықпалын пайдаланып, бұл орынға Кремльдің қарсыласы Каспаров өтіп кетпеуі үшін бар күшін салып жатыр. Ресей елшіліктері өздері орналасқан елдердегі шахмат федерацияларына хабарласып, Каспаровтың қарсыласы – Ресей құрамындағы Қалмақ республикасының бұрынғы басшысы Кирсан Илюмжиновтің кандидатурасын «ұсынған». Илюмжинов бұл халықаралық шахмат ұйымын 19 жылдан бері басқарып келеді. – Телефон тұтқасын көтергенімде әлдебіреу әзілдеп тұр екен деп ойладым. Хабарласқан шынымен солар екен. Олар Илюмжиновке дауыс бергендеріңіз дұрыс болар еді деп кеңес берді, – дейді Ирландия шахмат одағының төрағасы, FIDE  басшылығына Каспаров келуі керек деп санайтындардың бірі Пит Моррисс.
FIDE президенті Кирсан Илюмжинов.FIDE президенті Кирсан Илюмжинов.
x
FIDE президенті Кирсан Илюмжинов.
FIDE президенті Кирсан Илюмжинов.
Халықаралық шахмат ұйымына басшы сайлау кәдімгі саяси дода сияқты өте шиеленісті жағдайда өтіп жатыр. Илюмжинов те, Каспаров та бірін-бірі «жемқорлыққа жол берді, қолдаушыларды сатып алды және қитұрқы әрекеттерге барды» деп айыптайды. Таразының бір жағында адамзат тарихындағы ең даңқты шахматшы әрі Украинадағы саясаты үшін Батыстың кәріне іліккен Путиннің қарсыласы Гарри Каспаров тұрса, екінші басында «адамзатқа шахматты бөгде ғаламшардан келгендер сыйға тартты» деп санайтын, өзі де бір рет сондай «келімсектердің» «тұтқынында» болып келген оғаш ойлы саясаткер Кирсан Илюмжинов тұр. 181 елдің шахмат қауымдастықтары кіретін халықаралық ұйымды 20 жылға жуық басқарып келе жатқан әрі Ресей өкіметінің қолдауына ие болып отырған 52 жастағы Илюмжиновты тағынан тайдыру оңайға соқпайды дейді білетіндер. Каспаров Африка мен Азия елдерінде белсенді үгіт-насихат жүргізіп жатыр, ал Илюмжиновтың Америка құрлығында ықпалы күшті дейді британдық гроссмейстер Найджел Шорт. Каспаровтың кандидатурасын қолдайтын ол сайлауға Ағылшын шахмат федерациясының атынан делегат болып келмек. «ШАХМАТ ТАРТЫСЫ ЕМЕС, САЯСИ КҮРЕС» Ресей өкіметінің Каспаровқа неліктен шүйлігіп отырғаны түсінікті. Каспаров 2005 жылы шахматтан кете салысымен Ресей президенті Путиннің саясатына ашық қарсы шығып, оппозиция басшысына айналды. Кремльді сынаған ол Путиннің орнына президенттік болып сайлануға да талпыныс жасады. ​Ал Путин биыл маусым айында Илюмжиновпен жұрт алдында да, оңаша да кездесу өткізген. Бұл туралы Ресей баспасөзі хабарлаған.
Гарри Каспаров "Миллиондар маршы" қарсылық шарасында сөйлеп тұр. Мәскеу, 15 қыркүйек 2012 жыл.Гарри Каспаров "Миллиондар маршы" қарсылық шарасында сөйлеп тұр. Мәскеу, 15 қыркүйек 2012 жыл.
x
Гарри Каспаров "Миллиондар маршы" қарсылық шарасында сөйлеп тұр. Мәскеу, 15 қыркүйек 2012 жыл.
Гарри Каспаров "Миллиондар маршы" қарсылық шарасында сөйлеп тұр. Мәскеу, 15 қыркүйек 2012 жыл.
Ресей елшілігі Ирландияның ғана емес, басқа біраз елдердің шахмат қауымдастықтарына хабарласып, Илюмжиновтың кандидатурасын ұсынған. Чехия мен Норвегияның шахмат федерацияларының басшылары Ресей елшілігінен қоңырау шалынғанын Азаттық радиосына растады. Ослодағы Ресей елшілігі биыл наурыз айында Норвегия шахмат федерациясының президенті Джоран Аулин-Дженсонға телефон шалып, онымен елшінің өзі кездескен. Аулин-Дженсон Азаттыққа берген сұхбатында олардың «Ресей Илюмжиновті қолдап отырғанын және Норвегия да осы кандидатураға дауыс береді деп үміттенетінін хабарлағанын» айтты. FIDE басшысының сайлауына Норвегия атынан делегат болып қатысатын ол Каспаровқа көбірек жақтасады. – Ол көбірек демеуші тарта алатын адам көрінді, оның үстіне шахматты дамытуға қатысты кейбір идеялары көңілімізге қонады. Бұған қоса Илюмжинов мырзаның билікте отырғанына 19 жыл болды, біздіңше бұл – жеткілікті, – дейді Норвегия өкілі. Buzzfeed сайтының хабарлауынша, Ресей елшілігінен қоңырау түскен басқа елдер бұрыннан-ақ Илюмжиновтің кандидатурасын қолдап отыр. Бұл қатарға Кения, Мьянма, Ямайка және Сингапур кіреді.
Анатолий Карпов пен Гарри Каспаровтың ойыны. Мәскеу, 1985 жыл.Анатолий Карпов пен Гарри Каспаровтың ойыны. Мәскеу, 1985 жыл.
x
Анатолий Карпов пен Гарри Каспаровтың ойыны. Мәскеу, 1985 жыл.
Анатолий Карпов пен Гарри Каспаровтың ойыны. Мәскеу, 1985 жыл.
1985 жылы Совет басшылығының сүйікті шахматшысы Анатолий Карповты жеңіп, небәрі 22 жасында алға шыққан Гарри Каспаров Кремльдің қолдауын Кирсан Илюмжиновтің осал тұсы ретінде пайдаланып қалуға тырысып келеді. – Оларды Путин режимі толық қолдап отыр. Әлемдегі Ресей елшіліктерінің барлығы Илюмжиновге қолдау көрсетіп, оны орнында қалдыру үшін жұмылдырылды. Бұл – тек шахмат төңірегіндегі мәселе емес, нағыз саяси күрес, – деді ол осы аптада өткізген баспасөз мәслихатында. Ресей сыртқы істер министрлігі Илюмжиновтің кандидатурасын қолдауға елшіліктерді жұмылдыруына қатысты Азаттық радиосының сауалдарына жауап берген жоқ. КІМ КӨП ДЕМЕУШІ ТАБА АЛАДЫ? Каспаровты қолдаушылардың айтуынша, ол Батыстағы басты компаниялардан демеушілік қаржы жинай алады. Батыстың бизнес өкілдері кезінде Саддам Хусейнмен және Муаммар Каддафимен жақсы араласқан FIDE-нің қазіргі басшысы Илюмжиновтің байлығына секемдене қарайды.
FIDE президенті Кирсан Илюмжинов (сол жақта) Ливияның сол кездегі президенті Муаммар Каддафимен бірге отыр. Триполи, 12 маусым 2011 жыл.FIDE президенті Кирсан Илюмжинов (сол жақта) Ливияның сол кездегі президенті Муаммар Каддафимен бірге отыр. Триполи, 12 маусым 2011 жыл.
x
FIDE президенті Кирсан Илюмжинов (сол жақта) Ливияның сол кездегі президенті Муаммар Каддафимен бірге отыр. Триполи, 12 маусым 2011 жыл.
FIDE президенті Кирсан Илюмжинов (сол жақта) Ливияның сол кездегі президенті Муаммар Каддафимен бірге отыр. Триполи, 12 маусым 2011 жыл.
– Бірнеше елден байқағаным – Каспаров халықты қызықтырып, өзіне тарта алады. Бұл – демеушілерді де көп табады деген сөз, – деді 1993 жылы Каспаровпен ойнап, одан ұтылып қалған шахматшы Найджел Шорт. ​Каспаров FIDE басшылығына келген жағдайда Ресей компаниялары ұйымға қаржы бөлуін тоқтататыны айқын. Бұл ұйымның ірі халықаралық шараларын «Газпром» сияқты мемлекет қарауындағы ірі компаниялар қаржыландырып отырғанын ескерсек, бұл әлемдік шахмат қауымдастығының қаржылық ахуалына үлкен әсер ететіні рас. – Ресейден айрылсақ та, әлемнің басқа бөлігін жұмылдыра аламыз. Бұл – ақылға қонымды шешім, – дейді Найджел Шорт. Биыл қарашада Ресейдің Сочи қаласында шахматтан әлем чемпионы, норвегиялық Магнус Карлсен мен үндістандық Вишванатан Анандтың арасындағы матч өтпек. Ойынның ұтыс қоры – 1,5 миллион АҚШ доллары. Осы аптада Каспаров FIDE-нің президенті болып сайланған жағдайда бұл ойын өтететін орынды дереу өзгертіп, ұтыс қорын ұлғайтатынын хабарлады. – Бұл матч үкіметі санкцияны құрсауына іліккен елде, күлкілі ұтыс қорымен және еш позитивті жарнамасыз өткізілмеуі тиіс. 45 күннің ішінде матчты басқа жерге көшіріп, ұтыс көлемін ұлғайтуға уәде беремін. Бұдан шахмат та пайда көреді, екі ойыншы да ләззат алады, – деді Каспаров норвегиялық Dagbladet басылымына берген сұхбатында. Ал Илюмжинов ұзақ жылдан бері корпоративті демеушілерді тартып, халықаралық шахмат ұйымын жоғары деңгейге көтергенін айтады. ШАХМАТШЫ МЕН БАСҚАРУШЫ Шахмат ойыны төңірегінде жүрген адамдардың сөзінше, FIDE президенттігіне талас барысында бұрын-соңды болмаған қитұрқы әдістер қолданылып жатыр. Каспаровтың жақтастары «дауыстарды сатып алды, қарсыласын қолдайтын делегаттарды алып тастап, өз жақтастарын қойды» деп Илюмжиновті айыптады. Мәселен, Ауғанстан шахмат федерациясының басшысы Махмуд Ханиф «Каспаровты қолдағаным үшін Илюмжинов мені заңсыз түрде орнымнан алғызып тастады» дейді. Ал Илюмжиновтің жақтастары «Ханиф қаржыны дұрыс мақсатқа пайдаланбағаны үшін қызметінен кетті» дейді. Олардың айтуынша, Каспаров тобы «осы текетіресті пайдаланып, өтірік айтып, сайлау нәтижелеріне ықпал ету үшін дауыс беру қарсаңында қолдан келгенше көп дау шығаруға тырысып бағып жатыр». Каспаров Азия-Тынық мұхиты аймағынан қолдау табу үшін Сингапурдағы FIDE өкілін сатып алған деген де ақпарат тарады.
Жұрт Каспаровтың шахматтағы шеберлігіне шүбә келтірмесе де, оның басқарушылық қабілетіне күмәнмен қарайды.
Жұрт Каспаровтың шахмат ойынындағы шеберлігіне шүбә келтірмесе де, оның басқару, ұйымдастыру қабілетіне күмәнмен қарайды. Ол 1993 жылы Шорт екеуі FIDE-ден бөлініп шығып, Кәсіби шахмат қауымдастығын құрған. Алайда бұл ұйым дұрыс жұмыс істей алмай, үш жылдың кері кеткен. Осыны қаперде ұстаған кейбір Батыс шахмат федерациялары саяси астарына қарамастан, Илюмжиновті қолдап отыр. Бұл тізімде Канада да бар. «Каспаров – шахматшы, бірақ оның басшы ретіндегі тәжірибесі соншалық сәтті емес» дейді Канада шахмат федерациясының президенті Владимир Дркулеч. FIDE-нің аты-жөнін атамауды сұраған бір гроссмейстері Каспаровтың ұйымды басқару қабілетіне күмән келтіріп қана қоймай, оның сайлану мүмкіндігінің де азайып бара жатқанын айтты. Есесіне Каспаровқа шахматтан қазіргі әлем чемпионы, 23 жастағы Магнус Карлсен қолдау білдірді. – Егер тек гроссмейстерлер дауыс беретін болса, Каспаров 9:1 есебімен жеңіске жетер еді, – дейді Найджел Шорт. Бірақ 11 тамыздағы сайлауда шахматшылар емес, әлемнің түкпір-түкпірінен келген делегаттар дауыс береді. Азаттық тілшісі Карл Шректің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей. Азаттық радиосы