Келімбетовтің қолы қойылған банкноттар шығарылды

Келімбетовтің қолы қойылған банкноттар шығарылды
©nationalbank.kz
ҚР Ұлттық банкі қаржы нарығының бас реттеушісі Қайрат Келімбетовтің қолы қойылған банкноттарды шығарды. Келімбетовтің қолы номиналы бес мың теңге болатын ескі үлгідегі купюраларға қойылған. Tengrinews.kz тілшісіне бұл ақпаратты Ұлттық банк өкілдері растады. "Бұл ақшалар қазір шығарылып отыр, бірақ купюралардың дизайны 2011 жылғы көне үлгіде. Олар Ұлттық банктің қазіргі басшысының қолымен шығарылды", - деді банктің баспасөз қызметі. "Қағаз ақшалар тозған кезде Ұлттық банкке түседі де, айналымнан алынады. Тиісінше, олардың орнына басқа қағаз ақшалар шығарылады", - дейді баспасөз қызметінің өкілдері. Бұрын түрлі бұқаралық ақпарат құралдары Қайрат Келімбетовтің қолы 2011 жылы шығарылған қағаз ақшаларға басылғанын хабарлаған еді. Бірақ Ұлттық банк өкілдері бұл ақпаратты теріске шығарды. "2003 жылы бекітілген банкноттар мен шақалар дизайны тұжырымдамасының 13-1 тармағына сәйкес, банкноттардың алдыңғы жағы мен теріс жағында банкноттарды шығаруды іске асыратын Қазақстанның Ұлттық банкі төрағасының қолы болуы тиіс. Ол Ұлттық банктің қазіргі басшысының қолы банкноттарды өндіру кезінде қолданыстағы дизайнда болуы тиіс дегенді білдіреді", - делінген Ұлттық банктің сайтында.
Автор: Ажар Әшірова  kaz.tengrinews.kz