Қазақстанда екі елдің азаматтығы бар депутаттардың бар екені анықталды

Бас прокуратура Парламентте Ресейдің де азаматтары емін-еркін жұмыс істеп жүргенін мәлімдеді. Ал қос азаматтығы бар адамның мемлекеттік орындарда қызмет етуі біздің Ата заңымызды аяқ асты қылғанмен тең.

photo_28410

Сондай-ақ, Астанада өтіп жатқан халықаралық прокурорлар форумында Асхат Дауылбаев еліміздің қараусыз қалған шекара аймақтарын лаңкестер мен бүлікшілер әбден майшелпекке айналдырғанын айтып дабыл қақты деп хабарлайды КТК арнасы.

Конституциямыздың басты талабын таптап жүргендер өзге емес күнара заң жазып, ай сайын жаңа құжат қабылдайтын депутаттардың арасында екен. Еліміздің Бас прокуратурасы Қазақстан мен Ресейдің азаматтығын қосарлап алып Парламентте отырған бірқатар халық қалаулыларын анықтапты. Алайда әзірге құзырлы орган мемлекеттік құпиямызға қауіп төндіріп тұрған депутаттардың аты-жөнін жарияламайды.

Бас прокуратурасы департамент басшысының орынбасары Нұрдәулет Сүйіндіков: "Екі елдің азамттығын алып, заң бұзған азаматтардың аты-жөнін алдағы уақытта міндетті түрде жариялаймыз. Олар қазір мемлекеттік қызметте, тіпті Парламенттің қос палатасында еңбек етіп, екі елдің де жеңілдіктерін бірдей пайдаланады. Яғни екі жақты зейнетақы, жәрдемақыға қарық болып жүр",  -деді.

Ал бұл біздің Ата заңымызға мүлдем қайшы келеді. Қос азаматтығы барлардың басым бөлігінің Ресеймен байланысы бар екен. Сондықтан еліміздің прокурорлары Мәскеуге бірнеше рет хат жолдапты.

Бірақ, әзірге көршілерміз қол ұшын созуға құлықсыз. Ал мұндай азаматтар алда-жалда істі болып, іздеу жарияланса, екі елдің арасында жан сауғалап, ұстатпай кетуі әбден мүмкін.

Нұрдәулет Сүйіндіковтің айтуынша, бұл мәселені түбегейлі шешу үшін Ресейдің көмегі мен қолдауы керек. Өйткені екі елдің азаматтығын алған адамдар туралы мәліметтер мен екі мемлекеттің көші-қон саласындағы жалпы ақпаратын біріктіру керек.Ал о баста мұндай келісім болмағандықтан, көршілеріміз әзірге келіспей отыр.

NUR.KZ