Арнайы жасақ сарбазын сабаған қария!..

Қостанайда 25 жастағы арнайы жасақтың сарбазы зейнеткермен төбелескен. Бірақ артынша әкесімен жасты адамнан таяқ жедім деп сотқа шағымданыпты.

Қостанайда сот қарияны арнайы жасақ сарбазын ұрып-соқты деп тапты
Мейрам Скаков. Кадр телеканала КТК

Сот зейнеткерді айыпты деп танып, оның бостандығын бір жылға шектеді. Осылайша сот айыпты деп тапқан егде ер азамат өз кінәсін мойындамай отыр деп хабарлайды КТК арнасы.

Расында да жас әрі спортпен шұғылданатын арнайы жасақтың сарбазын аяғын сылтып басатын зейнеткердің сабап тастауы ақылға қонбайды. Сол күнгі жұдырықтасудан соң зейнеткердің өзі 3 апта ауруханада жатқан. Басы жарылып, миы шайқалып үсті-басы көкала қойдай болған екен.

Алпысты алқымдаған азаматтан таяқ жеп жапа шектім деген сарбаз Александр Попов тілшілермен тілдеспеді, тіпті бетін тұмшалап отырды. Ал зейнеткер абайсызда құлап қалып жарақаттанған дейді ол. Судья да соған сенді.

Бұл оқиға былтыр қыста болған. Ауладағы тар жолға сыймаған зейнеткер мен арнайы жасақтың сарбазы жаға жыртысқан көрінеді. Ақырында тәртіп сақшысы сотқа шағымданған. Ал айыпкер сот әділ шешім шығарған жоқ дейді.

"Бір шындық жоқ мына Қостанайдың Ішкі Істер Департаменті мен сотында, прокуратурасында. Бәрі сол Поповтың сөзін сөйледі. Оның ағасы полковник, Ішкі Істер Департаментінде отыр. Соның арқасында аман-есен қалып отыр бұл бала", - дейді қария.

Источник: КТК арнасы