Ресей мен Қытайдың ымырасы хақында батыс ақпараттары не дейді?

   Қытай Ресей«Азат Азия»: Ресей мен Қытайдың қазіргі бал жаласуы өткен ғасырдың елу, алпысыншы жылдарындағы «Кеңес-Қытай достық дәуірін» жаңғыртуының белгісі ме?Принстон университетінің синологы: Кеңес-Қытай байланысы ушыққан кезде, Мәскеу Қытайға шабуыл жасап, Қытайдың ядролық қаруларын тып-типыл етуді жоспарлаған. «New Era» ақпраттық агенттігі: Қытай үкіметі Ресей, Қазақстан, Моңғолия, Қырғызстан және Бирма сияқты мемлекеттермен өзара шекаралық келісімдерге қол қойғанымен, алайда Қытай ұлтшылдарының «айырылып қалған Қытай территорияларын қайтарып алу» туралы айқайлары күннен күнге күшейіп келеді. Малайзиялық boeing 777 жолаушылар лайнерінің апатынан кейін Батыстың қаптаған санкцияларынан көз аша алмай қалған Ресей мен Көршілерімен ала көздігі асқына бастаған Қытайдың таяудан бергі ымырасы батыстықтарды байыз таптыра қоймады. Мамырдың аяғында Шаңхайда болып өткен Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің кезектегі саммиты кезінен бастап екі алпауыттың тіпті де жақындаса түсуі және қос державаның теңіз флотының бірлескен әскери жаттығулар өткізуі, одан кейінгі кездерде де Ресей мен Қытайдың іштесе түскендігін көбірек байқатулары АҚШ пен Еуроодақ елдерінің ішін күйдіре түскендей болды. Айдаһар мен аюдың ауыз жаласуын әлем бұқаралық ақпарат құралдары сан саққа жүгіртіп, өздерінің пайымдаулары мен сын-сараптарын жариялап жатты. Қос державаның бұл «достығының» қаншалықты баянды болары жөнінде батыс ақпараттары өз пайымдауларын жарыса паш етті. Осы тақырып хақында сараптама мақалаларға CNN де өз жаңалықтарынан орын беріпті. Сөздерінің әлқиссасында мамырдың аяқ шенінде Ресей Президенті Владимир Путин мен Қытай басшысы Си Цзиньпиннің тарихи маңызға ие табиғи газ келісіміне қол қойғандығын тілге тиек еткен CNN сарапшылары: «Бұл келісім Украинадағы ушыққан дағдарыс пен батыстың қаптаған қалың санкцияларынан кейін сыр бере бастаған Ресей экономикасына дем қосқандай болды»,- дейді. 2018 жылдан басталатын отыз жылдық табиғи газ келісімшартының жалпы құнын ашық жарияламағанымен, 456 миллиард доллар деп мөлшерленіп отырғандығы туралы айта кеткен сарапшылар, аталған келісім хақында экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ, OECD) Ресей экономикасы департаментінің басшысы, экономист  Андреас Ворготтердің(Andreas Woergoetter): « Аталмыш келісім Ресейдің энергетиканы негіз еткен бизнес модельінің жалғасы болды»,-деген сөзін мысалға келтірген. Кәрі құрлық елдерімен дәстүрлі алыс-берісінің болашағы бұлыңғырлана бастаған соң, Ресей жаңа экономикалық байланыстарды дамытуға күшін салды,-дейді аталмыш американдық ақпарат көзі Мәскеудің Бейжіңмен жақындаса түсуінің себебіне талдау жасай келіп. Еуропа елдерінің Ресейге энергетикалық тәуелділіктен құтылуға талпынып жатқандығы туралы халықаралық валюта қорының (ХВҚ, IMF) басшысы Кристин Лагардтың: «Ресей экономикасының жетістіктері негізінен оның географиялық абзалдылығының жемісі, сол географиялық абзалдылықтың негізгі табысын беріп отырған Еуропа елдері, үлкен жетіліктің (G7) энергетика министрлерінің отырысында, Ресейге энергетикалық тәуелділіктен құтылу жөніндегі ұзақ мерзімдік пландарын жария етті. Қазіргі таңда Ресей экономикасы әлсіреу үстінде, осы жылғы өсім межесі де 0,2 пайызға дейін құлдырап отыр»,-деп CNN-ге берген сұқбатындағы пікірлерін де ортаға салған. Малайзиялық boeing 777 жолаушылар лайнерінің апатқа ұшырауынан кейін Брюссельдің өзінен бет бұрып, АҚШ бастаған топтың Мәскеуді санкциялармен тұралатып тастауға күш салғанын тілге тиек еткен CNN-дықтар ендігі кезекте Мәскеудің бұл тығырықтан шығу үшін көне сүрдекті тастап, жаңа жол іздеуіне мәжбүр болғандығы хақында баяндай келіп, соның негізгі мысалы ретінде Ресейдің Қытаймен қоюлай түскен қатынасын алға тартады.  2008 жылы 12 миллиард долларды құраған Ресей мен Қытай арасындағы сауда, 2013 жылы 36 миллиард долларға жетіп, бес жылда үш есеге артқандығын, алайда Қытаймен саудалық байланыста Ресей негізінен импорттаушы болып келгенін, 2013 жылы Ресейдің Қытайдан импорт мөлшері 53 миллиард долларға жетіп, оның басым бөлігін жеңіл өнеркәсіп өнімдері мен технологиялық өнімдер құрағандығын ескерткен сарапшылар: «Сол себепті де, Қытайдан келетін импорттың өсуі, әрине, Ресей үшін түйткілдер туындататыны анық. Ресей сияқты ел үшін Қытай тауарларымен бәсекеге түсе алатын секторларға екпін беру тіпті қиынның қиыны болары хақ»,-деген ЭЫДҰ-ның өкілі Андреас Ворготтердің Бейжіңмен болған  Мәскеудің саудалық байланысынан туындайтын бас аурулары хақындағы пайымын алға тартады . «Дейтұрғанмен, басым көп кездерде мүдделері тоғысып жататын Ресей Федерациясы  мен Қытай Халық Респуиликасы ортақ қарсыластары мен ортақ ішкі «дерттері» есебінен ағымдағы кезеңде майдандас болмауға шарасыз, әсіресе, қос державаның БҰҰ-ның қауіпсіздік кеңесінің отырысы кездеріндегі ұстанымдарының бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай болуы мұның ең типтік мысалы»,-дейді аталған ақпараттың сарапшылары. Мәңгілік көрші болған екі алпауыттың өзара тәуелділгі хақында: «Си Цизьпиннің Қытай басшысы болып, таққа жайғаса салып, шетелдегі алғашқы сапарын Мәскеуден бастағанынан-ақ көп нәрсені аңғаруға болады»,-деп түйіндепті CNN мамандары сараптамаларының соңында. Ал Вашингтондық «Азат Азия» ақпараты да осы тақырып төңірегінде мақала жариялап, Ресей мен Қытайдың қазіргі ауыз жаласуы өткен ғасырдың елу, алпысыншы жылдарындағы «Кеңес-Қытай достық дәуірін» жаңғыртуының белгісі ме?- деген сауал төңірегіндегі сараптамаларға орын берген. Аталған ақпарат Ресей мен Қытай арасындағы атышулы табиғи газ келісімін және сонымен бір уақытта өткізілген қос державаның теңіз флотының бірлескен әскери жаттығуларын тілге тиек ете отырып, осы мәселе төңірегінде Американдық қытайтану орталығы мамандарының сын-сараптарына кезек берген. Принстон университетінің синологы, саяси сарапшы Чэнкуйдидің ойынша, Ресей мен Қытайдың ымыраластығы уақыттық және қазіргі саяси қажеттіліктен туындаған. Принстондық синологтың пайымдауынша, Ресейдің Қырымды меншіктеп, шығыс Украинада дағдарыс туғызуы мен Қытайдың шығыс және оңтүстік теңіздегі территория таласындағы өктемдік әрекеттері АҚШ пен Еуропаның қарсылығына ұшырап, ырықсыз күйде қалған екі алпауыттың ортақ халі оларды уақыттық ынтымақтасуға мәжбүр еткен. Саяси сарапшы тағы былай дейді: «АҚШ пен Еуропа елдері Қытай мен Ресейдің жақыннан бергі әрекеттерін айыптап, қарсылық ұстанымдарын паш етті. Америка мен Еуропаның айыптауы мен оқшаулауына ұшыраған олар осы ортақтық негізінде бірлесті және қазіргі ынтымақтастықтарын әйгіледі. Бұған мысал ретінде табиғи газ келісіміне қол қоюын айтуға болады. Бұл мәселеде олардың келісе алмай келе жатқанына он неше жыл болған еді. Міне, енді келісе қалды. Мен мұны ертеде-ақ күткен едім. Себебі, олар жаңағыдай жағдайға тап болды, екі мемлекет ағымдағы уақыттық ынтымақтастыққа қол жеткізгенімен, алайда олардың 1950-1960 жылдардағы идеологиялық әріптестікті негіз еткен ортақ социалистік лагер құрып, батыспен жауласу дәуірін қайталауы мүмкін емес» Чэнкуйдидің пікірінше, Ресей мен Қытайдың арасындағы тарихи айырмашылық орасан зор және күрделі, екі мемлекеттің ұзақ болашақтық мүдделері де мүлдем басқа. Қазіргі Ресей коммунистік ел емес, оған қоса, саяси, географиялық мүдделері де сай келмейді. «Әрине, олар уақыттық мүдделері есебінен АҚШ пен Еуропа елдерінің қысымына бірге тізе қосқанымен, алайда нағыз болашақтық мақсаттары сәйкеспейді»,-деп түсінік жасаған қытайтанушы маман бұл хақында тарихи фактілерді арқау етіп былай деп тарқатады: «Ең бірінші, тарихта Қытайдың ең көп территориясын басып алған ел - Ресей, оған қоса, сыртқы Моңғол мәселесі бар. Қытай ұлтшылдары сыртқы Моңғол мен Қытайдағы ішкі Моңғолды біріктіріп, тұтастай Қытайдікі деп санайды. Олар Моңғолия Қытайдан Ресейдің зорлығымен бөліп әкетілген деп есептейді. Оның үстіне, Кеңес-Қытай байланысы ушыққан кезде, Мәскеу Қытайға шабуыл жасап, Қытайдың ядролық қаруларын тып-типыл етуді жоспарлаған. Бірақ, бұл Американың қарсылығына ұшыраған, сонымен аталмыш жағдай Қытайдың АҚШ-пен ынтымақтастықты бастап, Кеңес одағына бірге төтеп беруіне себеп болған. Сол үшін де Қытай мен Ресейдің қазіргі жағдайын уақыттық саяси мүдделердің тоғысуы деп қана түсінуге болады»,-деп өз тұжырымын білдіреді Принстондық маман. Ал бұл тақырып жайында «New Era» ақпараттық сайты да өз сын-сараптарын жаиялапты. «New Era» ақпараттық сайтында жарық көрген Нью-Делидегі шетелдік саясатты зерттеу орталығының профессоры Брахма Челланидың «доссыз Қытай» атты мақаласында Қытай билігі әлемдегі көптеген елдермен дипломатиялық байланыстар орнатқанымен, территория кеңейту мен территориялық талас себебінен көршілес мемлекеттерімен қарулы қақтығыстары тынбай жалғасып келгендігін баяндай келіп, «кезекте Жапония, Үндістан, Вьетнам және Филиппин сияқты елдермен территориялық дауы өршіген Қытай болашақта Малайзия, Оңтүстік Корея, Бутан және Индонезия сияқты елдермен территориялық талас себебінен тағы да қарулы қақтығыстарға баруы мүмкін. Қытай үкіметі Ресей, Қазақстан, Моңғолия, Қырғызстан және Бирма сияқты мемлекеттермен өзара шекаралық келісімдерге қол қойғанымен, алайда Қытай ұлтшылдарының «айырылып қалған Қытай территорияларын қайтарып алу» туралы айқайлары күннен күнге күшейіп келеді, сол себепті де Қытай сияқты империялық пиғылдағы ел үшін ешқашан да баянды достықтың болуы мүмкін емес»,-деген пікірлерді көтереді. Ал «Вашингтон Таймста» жарияланған «Бейжіңнің досы жоқ» атты мақалада Қытай коммунисік билігінің әдебиет, өнер, кино-телевизия, білім және мәдениет сияқты барлық саланы жұмылдырып, өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы Жапониямен болған соғыстарды нәсиқаттап, сол соғыстар арқылы халқының Жапонияға болған өшпенділігін күшейтуге тырысқандығын, бірақ бұл әрекеттерінің еш жәрдемі болмайтындығын, екі ел арасындғы территориялық таластың себебі бұл соғыстар емес, қайта Қытайдың соғыстан кейінгі ғаламдық стратегиясының себебінен туғандығын, аймақтағы жағдайды Жапония емес, қайта Қытайдың ушықтырып жатқандығы туралы айта келіп, Қытайдың кезектегі оқшауланып қалған ырықсыз халден құтылу үшін, Ресейді өзімен бірге Жапонияға қарсы сапқа тартуға күш салып жатқанын, алайда, Украинамен болған дағдарыс салдарынан батыстың экономикалық санкцияларына ұшырап жатқан Ресей Қытайдың талаптарына тойтарыс жасағанын айта келіп: «Қытайдың қарсыластары болған Вьетнам, Үндістан және Жапониялармен достық қатынасын сақтауға тырысқан Ресей, айдаһардыңмүддесі үшін ол елдермен араздасуды қаламайды»,-деген пайымдауларды білдіріп, Қытай мен Ресей қаншалықты жақындасқанымен,  ол ымыраластықарының өз мүдделерінен аса алмай, жеме-жемге келгенде желі шығып кететіндігін алға тартады. CNN, Азат Азия, New Era және Вашингтон Таймс газетінің мақалаларына шолу жасаған: Талғар ДӘЛЕЛҒАЗЫ.