АДАМ ҚҰНЫ ПӘТЕР ҚҰНЫМЕН ТЕҢ БОЛҒАН ЗАМАН!..

Анар Рахметова 27 жастағы күйеуін  мас күйде көлікпен қағып өлтірген  тәртіп сақшысының  түрмеге отыруын талап етуде. Бірақ қайғылы оқиғаға кінәлі полицей кісі өлімінің "құнын төлеп қойған" екен.

СҚО-да адам қаққан капитан марқұмның анасына пәтер сыйлаумен құтылды
Марқұмның жұбайы

Қайғылы оқиғаға кінәлі Мамлют аудандық ішкі істер бөлімі  қылмыстық іздестіру бөлімшесінің бастығы Айдос Қаңтаев марқұмның туыстарына үш бөлмелі пәтер мен 200 мың теңге ақша  беріп, кешірім сұраған еді. "Алайда баспана да, ақша да маған емес, енеме бұйырды" деген жесір әйел қазір бұрынғы капитанды нақты жазаға кесуді сұрайды деп хабарлайды КТК арнасы.

Рахметовтар отбасы 27 жастағы ұлы Русланды биыл көктемде ақырғы сапарға шығарып салды. Оны көлікке мас күйінде отырған Мамлют аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкері Айдос Қаңтаев қағып мерт қылған еді. Өлген жігіттің  артында алты жасар қызы мен бірге енді толған ұлы қалды. Балалар осы уақытқа дейін әкесін іздейді екен. Айдос Қаңтаевқа қатысты қылмыстық іс қозғалғанымен, сот оны тек үш жылға көлік айдау құқынан айырумен ғана шектелді. Мұндай жеңіл жазаға жәбірленуші жақтың кешірімі себеп болыпты. Марқұмның туыстарына ол құны 3 миллион тұратын пәтер әперіп, сосын жерлеуге деп 200 мың теңге берген.

Алайда баспана да, ақша да  марқұмның жесіріне емес, оның  енесіне бұйырған.

"Баласының қайтқаны жақсы болып тұр. Қайта оған квартира берді, өзі жағдайын дұрыстады. Баласын үйлендіріп, той жасайын деп жатыр. Менің күйеуім қайтпай тұрып, жылы болмай жатып, той жасағалы жатыр. Масқара", - деп отыр марқұмның  жесірі Анар Рахметова. Қазір  Анар екі баласымен Петропавл қаласынан мына бір бөлмелі пәтерді жалға алып тұрып жатыр екен. Жесір келіншектің бар табысы балаларына деп алатын 20 мың теңге жәрдемақы ғана. Қалған шығынын туыстары көтеріп отыр. "Маған түк тимеді" деген келіншек тәртіп сақшысынан тағы ақша алмақшы. "Қаңтаевты сотқа бердім. Көреміз отырғызса отырғызсын. Ал егер де маған көмек бере алса, мен одан бас тартпаймын", - деп отыр Анар Рахметова.

Анардың енесінің де өз уәжі бар. Айтуынша, баласы мен келіні жиі араздасып тұрған екен. Сол жолы  да ұлымның үйден кетіп, көліктің астына түсуіне кезекті ұрыс-керіс себеп болды дейді.

"Мен оған пәтерге келіп тұра бер дедім. Немерелерімнің көз алдымда өскенін қаладым. Ал ол баспананы сатып, қалаға кетпек болды. Сосын мен де жыным ұстап, оны пәтерге  кіргізбей қойдым. Қазір ол үйде кіші ұлым тұрып жатыр", - дейді марқұмның анасы Алла Қалдаманова.

Осылайша ене мен келін кісі өлімі үшін берілген құнды бөлісе алмауда. Бір-біріне айтар сөздері таусылған туыстар енді СМС арқылы ұрсысатын болыпты.

Источник: КТК арнасы