Инфляциямен бірге қалыңмал да қымбаттап барады!..
2014 ж. 06 тамыз
2602
0
Бүгінде арзан деген сөз архаизмге айналып кететін түрі бар. Өйткені арзандап жатқан дүниені көрген көз жоқ, керісінше күн сайын еститініміз қымбатшылық, қымбаттап барады деген сөз деп жазады Алаш айнасы басылымы.
Азық-түлік, жанар-жағармай, дәрі-дәрмек - бәрі қымбаттады. Айналып келгенде қымбаттамаған нәрсе қалмады.
Қымбатшылықтың қоныс аудармаған бір ғана "ауылы" бар еді. Қалыңмал деген. Биыл оған да аяғы жетті. Ұлын үйлендіріп, өрісін кеңейткісі келгендердің бүгінде аузындағы әңгімесі осы. "Қымбатшылық қалыңмалға да жетіпті ғой".
"Ел арасындағы сөзге құлақ түрер болсақ, бүгінде оңтүстік өңірде қыздың қалыңмалы орташа есеппен алғанда 300-500 мың теңгеге жетті. Былтыр бұл баға – 200 мың теңгенің айналасында болатын. Араға бір жыл салмай қалыңмал қымбаттап кетті. Әрі бір облыстағы әр ауданда қалыңмал көлемі әр түрлі. Бұрынырақта қалтасы қалыңдар ғана Мақтааралдың қыздарына құда түсіп жататын. Өйткені мақталы өңір Мақтааралда ең қымбат қалыңмал болатын. Бүгінде де осы қарқын сақталған", - деп жазады басылым.
Ақ алтынды өңірде қалыңмал көлемі 300-700 мың теңгені ұстап тұр. Ал ең арзаны 250 мың теңгенің көлемі Отырар, Түркістан, Сайрам аудандарында сақталған. Арыс ауданында – 270, Төле биде – 280, Түлкібаста – 250-280 мың теңгенің көлемінде көрсетіп тұр. Бұл қатып қалған баға емес. Құда-құдағилардың "Тәтті шәйінда" келісілетін мәселе.
Әрине, әркім көрпесіне қарап көсілері анық. Десек те бәсекелестік басталған сыңайлы. Бірі екіншісінен артық қылуға тырысады. Әрі жаңаша құдалық дәстүрлерін ойлап тауып, бірінен бірі асып түсуге талпынушылық бар.
Бұрындары құда түсіп барғанда қыздың құлағына алтын сырға тағушы еді, бүгінде ол сәннен қалған. Тек бриллиант тағылатын болды бүгінде. Оның үстіне кәделердің ішіне кіретін көрпе-төсектің матасы, мақтасын да бүгінде қалыңмалға қосып беретін сән шықты.