Талапкерлер жоғары оқу орындарына құжат тапсыра алмай жүр!..

ҰБТ тапсырамыз деп бірнеше күн сабылған қызылордалық түлектер енді жаңа бір уайымға тап болды. Олар ел аумағындағы жоғары оқу орындарына құжат тапсыра алмай отыр деп хабарлайды Астана телеарнасы.

Талапкерлер жоғары оқу орындарына құжат тапсыра алмай жүр
Фото: Ақсұңқар Азат

Өйткені қабылдау тек Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде жүріп жатыр. Талапкерлер болса, күнұзаққа кезекке тұруға мәжбүр.

Түн ортасында аймақтағы бас университеттің бесінші корпусының алдында ине шаншар орын жоқ. Бұл студенттердің көңілді кеш-думаны емес, қабылдау комиссиясына жете алмай тұрған талапкерлер. Жоғары оқу орындарына құжат осы жерде ғана қабылданады. Таңғы сегізден түнгі сағат төртке дейін. "Таңертеңнен бері жүр осы жерде Аралдан, Қазалыдан келген кісілер бар. Үйлері жоқ, осы жерде қонады. Ешкімді кіргізбейді. Екі бөлек кезек тіркейді. Қызылорданы таңдағандарды ғана кезексіз кіргіземіз дейді. Ал Қызылорданы таңдамағандар кезекке кәдімгідей тіркелесін дейді. Мыңнан асады, біз 720 болып тіркелдік, бірақ кезек жылжымайды", - дейді кезекте тұрғандардың бірі. Кезекте тұрған талапкерлердің алды бірнеше күн бұрын тізімге жазылып қойған. Ал оны өткізіп алмау үшін, ыстыққа қарамастан осында тәулік бойы қарауылдайды. Талапкер ұл-қыздың да, ата-ананың да төзімі әбден таусылған.

Қабылдау комиссиясындағылар түсірілім тобын көре сала, қақпаларын жауып үлгерді. Ал кезекте тұрғандарды бірден ішке кіргізіп алды. Артынша жауапты өкілдер мұндай жағдайдың жыл сайын қайталанатынын жайып салды.

""Жыл сайын осылай жұмыс істейміз, әр жылы осы жағдай. Бүкіл Қазақстанда осындай жағда, - деп ақталды Қорқыт-Ата атындағы ҚМУ қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Рахат Құрманбаев. Биыл Қызылорда облысы бойынша 7 мыңнан астам түлек ҰБТ сынағынан өтті. Облыстық білім беру басқармасынын мәліметіне сай, 94 үміткер "Алтын белгі" иегері атанған. Аймақ басшысы 300 оқу грантын бөлсе, тағы 194 түлек Мәскеу мен Санкт-Петербордағы жоғары оқу орындарының грантын иеленді. Алты мыңнан астам мектеп түлектері еліміздің университеттерінде бақ сынамақ. Олардан бар болғаны 18 техникалық хатшы құжат қабылдап отыр. Бес күн ішінде екі жарым мыңдай талапкер құжат өткізді. Ал қабылдау комиссиясы тек 31 шілдеге дейін жұмыс істейді. Комиссия мүшелерінің құрамын көбейту де мәселені шеше алмайтын сияқты. Себебі уақыт өте тығыз.

Еске сала кетсек, бұған дейін NUR.KZ тура осындай жағдай Ақтөбеде де орын алғанын хабарлаған болатын. Онда да талапкерлер бірнеше күннен бері оқуға түсу үшін құжат тапсыра алмай жүрген-ді.

Сенімді дереккөздің айтуынша, бұл жалпы ел аумағындағы проблемаға айналып, тіпті, талапкерлердің тапсырған құжаттары министрліктен қайтып келіп жатыр.