Жерінен айырылған тұрғындар үкімет үйіне қайта келді!..

Астанада жерлерінің «мемлекет қажетіне» алынуына қарсы бір топ наразы тұрғын полиция бөлімшесінде бірнеше сағат отырып шыққан соң қайтадан үкімет үйі алдына келді. Бұл туралы Азаттық тілшісіне олардың бірі Алтын Червалиева хабарлады.

Оның айтуынша, сәрсенбі күні кешкі сағат сегізде өздерін үкімет үйінен шығарып жіберген соң наразылар балаларымен бірге ғимарат алдында түнді өткізуге қалған.

«Түнгі сағат 12 кезінде полицейлер барлығымызды бала-шағамызбен көлікке салып Есіл аудандық полиция бөліміне апарды. Сол жерде сағат үшке дейін ұстады, босатқан соң қайтадан үкімет кеңсесіне келіп, талабымыздың орындалуын күтіп тұрмыз» деді ол. Есіл аудандық полиция бөлімі бұл оқиғаға байланысты Азаттық тілшісіне түсініктеме бермеді.

Астанада бірнеше тұрғын 23 шілде күні Қазақстан президенті әкімшілігінің жетекшісі Нұрлан Нығматулинге жолықтыруды талап етіп, бала-шағасымен үкімет үйіне келген еді. Олар пайдалануындағы жер телімдерін «мемлекет қажетіне» деген уәжбен алған қала билігінің берген өтемақысына көңілдері толмайтынын, бұл даулы мәселе бойынша сот шығарған шешіммен келіспейтіндерін айтады. Бұған дейін бас прокуратура саяжай телімдерін мемлекет иелігіне алу «заңнама талаптарына қайшы келмейтінін» мәлімдеген еді.

Астанада жер телімдерін жергілікті билік «мемлекет қажетіне» алғанына наразы тұрғындар бұған дейін де бірнеше рет наразылық акцияларын өткізген. Полиция оларды бірнеше мәрте балаларымен қоса ұстап әкетіп, кейбірін әкімшілік жауапқа тартқан еді.

Азаттық