Нидерландылық азамат қызының өлімі үшін Путинге алғыс айтты...

"Нидерланды тұрғыны Ханс де Борст Украинада малайзиялық Boeing-777 ұшағының апатқа ұшырауы салдарынан қайтыс болған 17 жастағы жалғыз да сүйікті қызы Элсемик де Борсттың өлімі үшін Путинге, сепаратистер жетекшілеріне және Украина билігіне, ұшақ апатына қатысы барлардың бәріне алғыс айтты. Хатттың көшірмесі жексенбі күні еуропалық БАҚ-тарда жарияланған деп хабарлайды Tengrinews.kz УНИАН ақпарат құралына сілтеме жасап.

Нидерландылық азамат қызының өлімі үшін Путинге алғыс айтты
Украинада апатқа ұшыраған ұшақта опат болған Элсемик де Борст. Сурет nieuwsmeldingen.nl сайтынан алынған
 

"Владимир Путин, сепаратистер жетекшілері және Украина билігі! Жалғыз да сүйікті қызым Элсемик де Борстті өлтіргендеріңіз үшін сіздерге көптен-көп рахмет. Ол бар болғаны 17 жаста еді. Ол сәулетші болуды армандайтын. Аталған мырзалар, жас өмірді өшіргендеріңізге мақтанатын шығарсыздар. Ертең қысылмай айнаға қарайсыздар. Мен осы хаттың сіздерге ағылшын тілінде болса да жететініне сенемін. Интеллектуальді адамсыздар, сіздер оны оқи аласыздар. Тағы да рахмет айтамын. Ізгі ниетпен өмірі өксіген, Элсемиктің әкесі, Ханс де Борст" деп жазады де Борст.

Нидерландылықтың үндеуі әлеуметтік желіде үлкен толқыныс тудырды. Желі пайдаланушылардың бірі "Маған қызық, егер сепаратистер Форсзотенде тұратын (Гаага іргесінде) оның қызын өлтірсе, Путин оларға да осындай сүйіспеншілікпен қарар ма екен?" деп жазады.

Апатқа ұшыраған ұшақ бортында болған Элсемик анасы, інісі және өгей әкесімен демалысқа бара жатқан. Естеріңізге сала кетсек, малайзиялық Boeing-777 жолаушылар ұшағының апатынан 298 адам: 283 жолаушы және 15 экипаж мүшесі қаза тапқан еді. Олардың көпшілігі нидерландылықтар. Кейбір деректерге қарағанда қаза болғандар арасында 80 бала болған.

Дүйсенбі күні Ресей президенті Украинада апатқа ұшыраған жолаушылар ұшағына қатысты арнайы мәлімдеме жасады. Оның мәлімдемесі "Россия-24" телеарнасынан берілді. "Донецкі әуесінде орын алған қайғылы жағдайға қатысты мынаны айтқым келеді: Ресей бүгін Украинада болып жатқан жағдайға алаңдаулы. Біз бірнеше рет тараптарды қақтығысты, қан төгісті тоқтатып, бейбіт келісімге келуге шақырдық" деп мәлімдеді Путин.

Сонымен қоса, ол, "егер 28 маусымда әскери іс-қимылдар қайта жалғаспағанда ешқандай ұшақ апаты болмас еді" деп мәлімдеді. "Ешкім де бұл қайғылы жағдайды өз саяси мақсаттарына жету үшін пайдаланбауы тиіс. Мұндай жағдай адамдарды ажыратпай, керісінше біріктіруі тиіс" деп атап өтті Ресей президенті.

Сондай-ақ Путин, Ресей шиеленісті ретке келтіру үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтынын жеткізді. "Украинаның шығысындағы шиеленіс әскери фазадан дипломатиялық күштерді пайдаланып, келісім фазасына өтуі үшін Ресей өз тарапынан қолдан келгеннің бәрін жасайтын болады" дейді Путин.

Ресей президенті тараптарды апат салдарын тексеру үшін барлық жағдайды жасауға шақырды. Ол, апат орынында жұмыс істеп жатқан халықаралық сарапшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет екенін атап өтті. "Бүгінгі таңда ол жерде Донбас, Донецкі өкілдері, Украина ТЖМ өкілдері, малаизиялық сарапшылар жұмыс істеп жатыр. Десе де бұл жеткіліксіз" дейді Путин. Оның пайымдауынша, апат орнында Халықаралық азаматтық авиация ұйымының сарапшылары, халықаралық комиссия жұмыс атқаруы тиіс.

 http://kaz.tengrinews.kz/world_news/niderlandyilyik-azamat-kyizyinyin-olm-ushn-putinge-algyis-ayttyi-255492/