Путин малайзиялық ұшақ апатына Украинаны айыптады!

Ресей президенті Владимир Путин Донецк маңында апатқа ұшыраған Боинг-777 ұшағының тағдырына Украина жауапты деп мәлімдеді және оқиғаның мән-жайын түгел анықтауды талап етті. Путин малайзиялық ұшақ апатына Украинаны айыптады

"Апат қай елдің әуесінде болды, сол мемлекет оның тағдырына жауапты",- деді Ресей президенті экономикалық мәселелер бойынша өткізген жиын барысында.

Путиннің сөзінше, егер Украинада бейбітшілік орнаған болса, оңтүстік-шығысындағы қарулы қақтығыстар болмаған болса мұндай қайғылы оқиға да орын алмас еді.

Жиын барысында Путин ел үкіметіне апаттың неден болғанын нақты анықтауын тапсырды. "Мұны ресейліктер де, украиналықтар да, бүкіл әлем халқы да білуі керек" деді Путин. Сондай-ақ, ол елдік күштік құрылымдарына осынау қылмысты тексеруге атсалысуын бұйырды.

Естеріңізге салайық, кеше кешкісін Украина әуесімен ұшып бара жатқан малайзиялық Боинг-777 ұшағы апатқа ұшырап, оның бортында болған 298 адамның барлығы қаза тапты. Украина билігінің мәлімдеуінше, әуе кемесін оңтүстік-шығыстағы сепаратистік ұйымдар атып құлатқан.