Жігітті өлтіріп, денесін бөлшектеп тастаған қанышер

Шымкентте 33 жастағы жігітті өлтіріп, денесін бөлшектеп тастаған күдікті қолға түсті, деп хабарлайды Bnews.kz.

Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Қаракөзованың хабарлауынша, жақында қатігездікпен кісі өлтірді деген күдікпен қаланың 44 жастағы тұрғыны құрықталды.

 

Қанды оқиға қаладағы "Сәуле" шағын ауданында орын алған. Тұрғындар осындағы үйлердің бірінің қасынан бөлшектелген адам денесін тапқан. Оқиға орнына жеткен шұғыл-тергеу тобы марқұмның ауыр соққылар салдарынан мерт болғанын анықтаған.

"Сол күні тәртіп сақшылары осы қылмысқа қатысты деген күдікпен 44 жастағы жергілікті тұрғынды қолға түсірді. Тергеу барысында анық болғаны − сезікті сол күні арақ ішіп отырып, екінші шөлмек алу үшін көшеге шыққан. Сол жерде марқұммен кездесіп, екеуі сөзге келіп қалған. Төбелесіп, күдікті жәбірленушіні ұрып өлтірген. Содан кейін қылмысын жасыру мақсатында марқұмның денесін бөлшектеп тастаған", − дейді баспасөз қызметінің өкілі.

Қазіргі таңда бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, бірнеше сот және психикалық сараптамалар тағайындалған.

BNews