АҚШ-та тергеу барысында Тәжаяқовты 4 сағат жалаңаш ұстап, әбден қинаған

АҚШ сотында Азамат Тәжияқов ісіне қатысты процесс жалғасуда, деп хабарлайды КТК арнасы.

tazhayakov_3_12cc4de6_86bb9b88-y_e4d7229b

Тыңдалымның екінші күнінде прокурорлар жағынан келген қос куәгер қазақ студентінің Жохар Царнаевтың сыбайласы емес екенін дәлелдегендей болды. Әсіресе, Федералдық тергеу бюросының қызметкерлері бастапқы айтқандарынан айнып, әбден сасқан.

Мәселен, көпті таң қалдырғаны: істің ауқымдылығына қарамастан тергеудің ешбірі таспаға жазылмағандығы. Ал тергеушілер бастапқыда Тәжияқов жарылғыш толы сөмкені жасырғанын мойындады десе, кейін сотта сол жауаптарынан жаңылды.

Екінші куәгер ретінде Царнаевтың жатақханада бірге тұрған көршісі шақыртылған екен. Эндрю Двиннелстің сөзінше, Азаматқа емес, ол басқа біреуге есік ашқан. Сөйтіп, келген кісі бөлмеден марихуананы ғана алып кетіпті.

Осылайша екі күнде шақырылған 6 куәгер де қазақ студентінің кінәсіздігін айқақтағандай болды. Тыңдалым екі аптадан соң аяқталады деп күтілуде. Ал 8-ші қыркүйекте екінші жерлесіміздің соты басталуы тиіс.

Азамат Тәжияқовтың адвокаты Аркадий Бухтың айтуынша, тергеушілер Азаматқа қысым көрсеткен. Оны агенттің бірі мойындап қалды. 4 сағат жалаңаш ұстап, әбден қинаған. Оның үстіне, тергеушілер бастапқыда прокурорларға берген сөзінен жаңылып отыр.