Еліміздегі ең қауіпсіз қала

Еліміздің Бас прокуратурасы жүргізген сараптама нәтижесіне сәйкес, Қызылорда Қазақстандағы өлтіру қылмысы ең аз орын алатын қалалардың көшін бастады.

Бұл туралы NUR.KZ Қызылорда облыстық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

Бас прокуратура 2013 жылдың статистикасына талдау жүргізіп, Қызылорда облысында азаматтардың жеке басының қауіпсіздігін сақтау тәжірибесін солтүстік-шығыстағы өңірлерге ұсынды.

Сондай-ақ ведомствоның Құқықтық статистика және арнайы есеп комитетінің мәліметіне сәйкес, облыста ағымдағы жылдың 6 айында қылмыстық оқиғалар 7,3 пайызға төмендеген.

Оның ішінде, аса ауыр қылмыстар саны 11,8 пайызға кеміген. Саны азайған қылмыстар қатарында кісі өлтіру, ауыр дене жарақаттарын салу, зорлау, қарақшылық, тонау, бұзақылық, ұрлық сынды заңбұзушылықтар бар.

Сонымен қатар, жастар қолымен жасалатын қылмыстардың да саны төмендеген.