Шенеуніктерге байлығын жария ету міндеттелмек

Жиған-терген дүние мүлікке есеп беру міндеттелмекші. "Нұр Отан" партиясы мемлекеттік қызметкерлерден жеке табысы мен шығынын тұрақты жариялап отыруын талап етпек деп хабарлайды КТК.

Бұдан-былай шенеуніктермен бірге әйелі, баласы, іні-қарындастары мен аға-әпкелері арнайы декларация толтырады. Онда мемлекеттік қызметкердің өзі мен оның туыстары тапқан табысын ғана емес, жыл бойғы шығынын да көрсетуі тиіс.

Яғни, атқамінердің отбасы мүшелері қымбат көлік, зәулім үйге, шекара асып, шетелде демалуға, ұлан-асыр той жасауға қанша қаржы жұмсалғанын және ол ақшаның қайдан келгенін тізіп жазып, мемлекет алдында есеп береді.

Егер ресми табыс пен шығын сәйкес келмесе, ең алдымен таяқ жейтін шенеунік, әрине одан кейін оның бірінші басшысы да жауап бермек.

"Нұр Отан" партиясы осылайша жемқор мемлекеттік қызметкерлерді қырғидай тимек. Бұл шетелдерде кеңнен пайдаланылатын әрі сәтті нәтиже көрсетіп жүрген тәжірибе екен.