Артаевты айыптаушы бойжеткен боксшыны полиграфта тексеруді талап етуде

Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаевты өзіне жәбір көрсетті деп айыптаған Айсұлу Ыбырашова құқық қорғау органдарына істің анық-қанығын білу үшін боксшыны полиграфта тексеру керек дейді.

Бұл туралы жәбірленуші BNews.kz-ке берген сұхбатында айтты.

"Қазір Артаевтың жақтастары қорыққандарынан қолдарынан келгенді жасап отыр (Артаевтың баспасөз мәслихаты жөнінде – агенттік). Бастысы, дәлелдерім бар. енді Артаевты полиграфта тексеру керек. Мен бұл туралы құқық қорғау органдарынан сұрадым", - дейді Айсұлу Ыбырашова.

Сонымен қатар, ол өз дегенінен қайтпайтынын, өзінің әділ екендігін дәлелдейтінін айтады.

"Бүгінге дейін берген сұхбаттарымда бірде-бір рет жалған сөйлеген жоқпын. Сот медициналық сараптамалардан дер кезінде өттім. Артаев бір сұхбатында мен оның бетінен ұрып, ішінен тепкенімді айтыпты. Тексеру кезінде оның бетінен де, ішінен де соққының ізі байқалмаған. Енді олар өздерін ақтап шығу үшін қолдарынан келгенді жасап отыр. Егер де ол жанына куәгерлерін ертіп келіп, менен кешірім сұраса, оны сол кезде-ақ кешірер едім", - дейді Ыбырашова.

Естеріңізде болса, мұның алдында боксшы баспасөз мәслихатын өткізіп, жәбірленушіні алаяқ деп айыптағанын хабарлаған болатынбыз. Ал Артаевтың қорғаушысы төбелесті көрген куәгерлердің де, оқиғаны жазып алған камераның да жоқ екендігін айтады.

BNews