"Нұр Отан" партиясынан бір жылда жемқорлығы үшін 25 мың адам қуылды

Ағымдағы жыл басынан бері жемқорлығы үшін "Нұр Отан" партиясының қатарынан 25 мың адам шығарылды.

Бұл туралы бүгін "Нұр Отан" партиясының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының отырысында партия Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек мәлім етті.

 

Партия төрағасының айтуынша, басқарушы партия ел болашағы үшін жауапкершілікті өз мойнына алып, жемқорлықпен күресуге құқылы болуға тиіс.

"Бізде партиялық бақылау комитеті жұмыс істейді, өңірлердегі жұмысқа да үлкен көңіл бөлініп отыр. Жалпы, "Нұр Отан" партиясы ел болашағы үшін жауапкершілікті мойнына алып, жемқорлықпен күресуге бел буса, біздің бұған моральдық құқығымыз болуы керек. Ал бұл үшін өз қатарымыздың тазалығын қамтамасыз етуіміз керек. Осындай жұмыстың нәтижесінде жыл басынан бері партия қатарынан 25 мың адам шығарылды. Осылайша, біз санға емес, сапаға мән беріп отырмыз", - деді Бауыржан Байбек.

Оның айтуынша, партия мүшелері ең бірінші кезекте, өздері жемқорлық секілді қоғамдық дерттен аулақ болуы тиіс. Өйткені, партия мүшелерінің 6 пайызы мемлекеттік қызметшілер болса, олардың көпшілігі басшылық қызметте.

Партия төрағасының пікірінше, сыбайлас жемқорлықпен тиімді күресу үшін, ең алдымен тәртіпті жақсартып, бюрокартияны қысқарту қажет.

ҚазАқпарат