"ҰЛЫ АҚЫНДАР ВАКАНСИЯСЫ ТАУСЫЛДЫ"

Пол Верленнің 1883 жылғы «Қарғыс атқан ақындар» (Проклятые поэты) атты мақаласы 1884 жылы кітап болып шықты. Кітапқа Артюр Рембо, Стефан Малларме және өзі де кірді. «Қарғыс атқан ақындардың» басында тұрған, негізінен, француз ақыны Шарль Бодлер еді. Әлқиссамызды Бодлерден бастасақ. Жапон жазушысы Акутагаваның: «Адамның өмірі Бодлердің бір шумағына да татымайды», – деуі неліктен екен? Аңдап көрелік... Сіз қарғыс атқан ақындарды әдебиетте жолы болмаған адамдар деп түсінсеңіз, әрине, қателесесіз. Буржуазия дәуіріне тап болған ақындар буржуаздарды жек көріп, тәрк етті бұл тірлікті. Бұларды бірізді, бір тынысты, шынайылықты жоғалтқан бейбақтар деп айыптады «қарғыс атқандар». Мойынбауды кигісі жоқ бұл ақындардың. Шеңберді бұзып, кеңістікке сіңіп кеткендер – бұлар. Баяндамашы да, боямашы да емес. Аялаушылар шығар, тәйірі! Бодлер дедік сөз басында. Рембо, Верлендер осы Бодлерден тәлім алған әдебиетке келгенде. Бодлер 1821-1867 жылдар аралығында өмір сүрсе, Рембо 1854-1891 жылдарда, Верлен 1844-1896 жылдары ғұмыр кешті. Шарль Бодлер жастайынан жетім қалады. Әкесі 1827 жылы дүниеден озған соң, жесір қалған анасы жарты жылдан кейін Опик есімді майормен тұрмыс құрады. Бала Бодлерге бұл оқиға оңай тимеді, әрине. Осы сәттен бастап Бодлердің әйел қауымына деген махаббаты жеккөрушілікке ойысады. Бодлер әулеті дәулетті болған. Әкесінің байлығы Шарльге тиесілі болып қалады. Ол 1839 жылы ғұмырын әдебиетке арнайтындығын айтып, Бодлерлер әулетін таң қалдырады. Ақыры өз дегеніне жетіп, Хартий мемлекеттік мектебіне оқуға түседі. Осы кезден бастап Бодлер есірткімен әуестене бастайды. Бұл зауал ақыры өліміне себеп болады. Бодлердің өмірбаянын әрі қарай тізе берудің қажеті шамалы, сірә.

«ЗҰЛЫМДЫҚ ГҮЛІ». ЖАННА ДЮВАЛЬ Оның басты шығармасы – «Зұлымдық гүлі» жалғанның жарығына 1857 жылы шығады. Бұл кітап үлкен дау тудырды. Кітап цензураға ұшырап, автор жинақтағы 6 өлеңді алып тастауға мәжбүр болған. «Зұлымдық гүлінен» Жанна Дювальды ажыратып ала алмассыз, сірә. Екеуі – бір ағза. «Түнектен сені суырып алған кім екен?» – деп есі кетеді Жаннаға. Жоғарыда айтқынымыздай, Бодлердің әйелге деген көзқарасы оң болмаған. Бірақ Дюваль оның өмірін тас-талқан етті. Оны, тіптен, Шолпанға теңеді. Бірақ Жанна өз кезегінде сезіміне жауап қатпаған деседі. Дюваль – актриса. Ішкіш, жеңілтек әйел. Бодлердің бар ақшасын қыдыруға арнаған бұл актриса. Бодлер Дювальдың бұл тіршілігінен хабардар болса да, өлгенше сезіміне адал болып, «Зұлымдық гүлін» сыйға тартты. Бодлер дүниеден өткеніне бір жыл толғанда, қайыршылық ғұмырын кешіп Жанна Дюваль дүниеден озады. Замандастарының айтуы бойынша, Дюваль аса сымбатты, сүйкімді әйел болмаған. Сонда Бодлерге Мәжнүннің күйін кешетіндей сонша не әсер етті екен? Мүмкін, Жаннаның еркіндігі шығар?.. ЕСІРТКІ – БОДЛЕР ЭКСПЕРИМЕНТІ Қарғыс атқан ақындар деп экспериментшілдерді де айтсақ болады. Дәстүрлі поэзиядан ауытқығандар немесе жаңа ағым жасаушылар дейді бұларды. Ал Бодлер – тіптен, өз өмірін эспериментке айналдырған есім. Нашақор болған. Есірткі қабылдаған адамның күйін білу үшін осы жолға барған екен. Ақын – өзі жасаған кейіпкерлердің құрбаны. Кейіпкердің басынан кешкенін ақын өткерсе, не дер едіңіз, құрметті оқырман! Ақын – жанкешті адам, қиқар. Бұл теңеу Бодлерге тән. «Есірткі клубына» тап болған Бодлер есірткіні алғаш рет 1844 жылы пайдалана бастайды. Нәтижесінде есірткі жайлы үш бірдей көлемді мақала жазып шығады. Соңынан, 1860 жылы, «Жасанды жұмақ» атты жинағы жарық көреді. Есірткінің адам өмірін құрдымға әкелетіндігіне көз жеткізеді. Тәжірибе қайғылы оқиғаға әкеп тынды ақыры. СИМВОЛИЗМНІҢ АТАСЫ Футуризм, классицизм, романтизм, сентиментализм, символизм. Тізе берсек, мұндай әдеби ағымдар жетіп артылады. Бұл ағымдар қайдан шыққан деген заңды сұрақ туындайды. Кейбір деректерге сүйенсек, шығыс әдебиеті мінберге шыққан заматта, батыс үнсіз жатқандықтан, оларға әдебиетті дамытудың бір жолын ойластыру керек болған екен. Содан батыс жазарманға «ойларыңа келгенді жаза беріңдер, қиялда шек жоқ» деген сарындағы нұсқау шығарады. Аталмыш ағымдар жазармандардың әлегі деседі. Соның ішіндегі символизмнің, турасын айтсақ, декадент символизмінің негізін қалаушы – осы Бодлер. Өлім, күнә, зұлымдық – Бодлердің негізгі тақырыбы. Бодлер туындылары – кез келген оқырманның тісі бата бермейтін құбылыс. Бодлер пейзажы – қараңғылық пен түнектің бояуы. Қорқыныш тудырады. Соңында түннің құшағына сіңіп барып, арғы жағы сұлулықтың суреті екендігіне көз жеткізесіз оқып отырып. БОДЛЕР МЕН ЭДГАР ПО Рембоның тәлімгері Бодлер десек, Бодлер пірі – Эдгар Аллан По. Бодлердің тағы бір қыры – аудармашы болған. 1848 жылдан 1867 жылға дейін, яғни өмірінің соңына дейін сүйікті жазушысы Эдгар Поның барлық туындысын ана тілінде сөйлеткен. Бодлер алғашқы рет америкалық жазушымен «Қара мысық» новелласы арқылы таныс болады. Эдгардың бүкіл шығармашылығын тәржімалауға бел буады. «Білесіз бе менің неге Эдгар Поның туындыларын аударып жүргендігімді? Өйткені біздер рухани тамырласпыз», – деген екен Бодлер. Шарль Эдгарды өзінің ұстазы ретінде қабылдаған. Бодлер Поны алғаш аударып жүрген жылдары америкалық жазушы әлі де тірі болған. По 1849 жылы 40 жасында көз жұмады. Бодлер мен Поның кездескен-кездеспегені белгісіз. Бірақ екеуі туынды арқылы кездесті. Бұл – ең бастысы. БІЗДЕ ШЕ? Қазақ оқырмандары Бодлер, Рембо, Верлен шығармашылығымен таныс па? Бұл – бір мәселе. Эдгар Поның «Алтын қоңыз», «Морг көшесіндегі қылмыс» шығармалары арқылы тануы мүмкін. Жалпы, бұл дәуірдің ақындары оқылымды ма? Аталған төртеудің барлығы да – әлемнің алпауыт, ұлы ақын-жазушысы. Ұлы ақын деген айдары бар тұлғалар оқырманға соншалықты түсінікті ме? Осы мәселе мазалайды бізді. Бұл ақындардың ғасыры туды ма? Тумаған да шығар, мүмкін?.. Қазіргі қазақ ақын-жазушылары екіге бөлінген сыңайлы. Бірі дәстүрлі (классикалық үлгі) поэзия болса, екіншісі – «түнек» қуалағандар һәм «измшілдер». Кім мықты? Уақыт көрсетеді дейміз тағы да. Бірақ екі ғасыр өтті, әлі де әлем Бодлерді түсіне алмай келеді. Не деген жайбасар еді мына оқырман? Біздің ақын-жазушыларға қанша ғасыр жазылған екен? Абай құсадан өлді, Блок жазу үстелінде «Он екі» атты поэмасын жазып отырып, жынданып өлді, Мағжанды атып өлтірсе, Рембо баз кешіп өлді, Мұқағали жүректен кетті, Есенин асылып тынды. Енді қараңыз, Абай қара өлеңнің атасы болса, Блок – символист. Мағжан – түрікшіл, Рембо да – символист. Мұқағали – анық поэзия егесі, Есенин – имажинизм өкілі. Қызық екен. «Измшілдердің» тағдырын айтамын да. Марқұм Әмірхан Балқыбек ағамның айтқаны есімі түсіп отыр. Ол: «Ұлы ақындардың вакансиясы таусылды. Енді тағдыры бар ақындар дәурен салады әлем әдебиетінде», – деп еді.

 Ерболат ҚУАТБЕК,

"Қасым" порталы