Шымкентте саңырау және мылқау жандарға арналған такси қызметі ашылмақ

Шымкентте саңырау және мылқау адамдарға арналған такси қызметі ашылмақ. Бұл жөнінде облыстық кәсіпкерлер палатасының басшылығы мәлемдеді.

Ел аумағында алғаш рет қолға алынған осынау қызметтің түрін мылқау адамдар емін-еркін қолдана алады, тек ұялы телефондарында ғаламтор бағдарламалары болса болғаны. деп хабарлайды otyrar.kz.

"Әдетте жол бойында жүретін таксисттер 500 теңге алады ғой, бұл ұсыным да 500 теңгеден басталады. 7 км-ге дейін 500 теңге, одан кейін әр км-іне 100 теңгеден қосылып отырады", - дейді облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Мақсат Қасымбеков.

Мүгедек жандар арнайы желі арқылы таксиге тапсырыс бере алады. Тіпті оның жүргізушісіне мекен-жайды түсіндірудің де қажеті жоқ. Тұтынушының тұрған жерін арнайы GPS бағдарламасы арқылы таксистің өзі тауып алады. Ал есік алдына қоғамдық көліктің келіп тұрғанын шақыртушының ұялы телефонына арнайы дабыл белгісі хабарлайды.

Айта кетейік, бүгінде бір ғана Оңтүстік қазақстан облысында 4800 саңырау және мылқау адам тұрады. Оның 2000-ға жуығы - шымкенттік тұрғындар. Сондықтан қызмет түрін тұтынушалар табылатыны анық.

Бірақ, олардың көбі бұған дейін интернеттің қызметін қолданбағанын айтып, жаңа бағдарламаны тұтыну қиынға түсетінін жасырған жоқ.  Дильфуза Ибрагимованың пікірінше, қызметтің бағасы сәл қымбаттау, бірақ бұған қарамай, оған ұнады. Бірақ тұрғын ғаламторды бұрын қолданбағанын айтып, енді оны пайдалануды үйренуге тура келетінін жеткізді.

Otyrar-tv.kz