Алматы іргесіндегі Боралдай кенті су астында қалуы мүмкін

Шыжыған ыстық болса да, мұнда жерасты суы көтеріліп жатыр. Қазірдің өзінде бау-бақшаларды басып қалыпты. Жұрт бұған өзен бойындағы күре жолдың атүсті жөнделуі мен жаңадан салынып жатқан кәсіпкерлік нысан әсер етті дейді.

Яғни осы құрылыс кесірінен су арнасы бұрылып кеткен деп хабарлайды КТК арнасы. Салынып жатқан ғимарат иесін жергілікті шенділер да таба алмай жүр екен. Алматы мен Шамалғанды жалғастыратын күре жолдың жөнделуі қуаныштан гөрі ашу тудырғандай. Осы құрылыс кесірінен Боралдай кенті арқылы өтетін өзен аңғары бітеліп, суы айналаға жайылыпты. Жұрт бұған су өткізгіштерді салақ салған құрылысшыларды кінәлауда.

"Бұл жерде балалар футбол ойнайтын. Қазір қамыс қаулап кетті", - дейді олар. Ол аздай, сол өзен жолын бөгеп, біреулер кәсіпкерлік нысанды салып, жағдайды одан әрмен ушықтырып жіберген. Су өзге жол таба алмай маңдағы тұрғын үйлерге қарай ағыпты. "Судың ішінде отырмыз. Үй іші құлап жатыр. Қанша жөндеу жасасақ, сыпырылып түсіп қалады. Қанша ақша кетті, жүйкемізді тоздырды", - дейді Боралдай кентінің тұрғыны Бақытжан Құсайынов.

Жерасты суы белгілі бір уақыт аралығында көтеріліп-түсіп отырады. Қазір оның деңгейі өзінің шегіне жетті деп санаймыз.

Әзірге судың деңгейі екі бірдей көшеде көтеріліпті. Жанын шүберекке түйген жұрт қайда барарын білмей дал. Боралдайлықтар кем дегенде 40 үй су астында қалуы мүмкін деп отыр. Қазірдің өзінде су бау-бақшаларды басып қалыпты. Жұрт үшін көкөніс атаулыны баптау тұрмақ, егудің өзі мұң болған. Ал әкімдіктегілер бұған таң қалып отырған жоқ. Судың көтерілуіне жолдың да, құрылыстың да қатысы жоқ дейді. "Жерасты суы белгілі бір уақыт аралығында көтеріліп-түсіп отырады. Қазір оның деңгейі өзінің шегіне жетті деп санаймыз. Бұған таңданудың қажеті жоқ, Боралдай түгелімен жерасты суының үстінде тұр", - дейді Боралдай кентінің әкімі Еркебұлан Сұлтаев.

Құрылыстың қатысы болмаса да, әкімдіктегілер оны уақытша тоқтаттық деп отыр. Тұрғындар болса, жауаптылар қозғалғанша, бақша тұрмақ, жалғыз баспанадан да қағыламыз ба деген үрейде.

КТК арнасы