КУЛАГИН ЖӘНЕ ОНЫҢ КОМАНДАСЫ

1 Кулагин Көктемгі тасқын судан зардап шеккен Атбасар қаласының тұрғындары үкімет тарапынан көмекке аса мұқтаж болып отыр. Табиғи апат салдарынан жүздеген үйдің қабырғасы қақырап, ондаған баспананың шаңырағы ортасына түскені белгілі. Жандары мұрындарының ұшына тірелгенде уәдені үйіп-төккен жергілікті әкімдіктен күдер үзген жұрт қазір құлаған үйлерін өздерінше жамап-жасқап, амалдап тұрып жатыр. Ал, басшысы жылда ауысатын ауданға жақында тағы бір судай жаңа әкім тағайындалыпты. Бірақ жұрт оған да сенімсіздікпен, үлкен күдікпен қарап отыр. Өйткені, жаңа әкім дегені болмаса, оның аты жер өртемесе де, бұл өңірге жағымсыз жағынан жақсы таныс. Алдында Көкшетау қаласы мен Степногорда әкім болып, ештеңе тындыра алмаған Андрей Никишовты тұрғындар бұрындар да орнынан кетсін деп талай рет талап еткен болатын. Көкшенің көсегесін көгертпеген, Степногорды сүмірейткен Никишов «ер кезегі үшке дейін» деді ме, енді ат басын Атбасарға тіреген түрі бар. Атбасарда 30 жылдан бері тұратын Гүлбақыт Ахметқалиева, Любовь Винкенштерн сияқты тұрғындардың айтуынша, ауданға әкім тұрақтамайтын көрінеді. Жоғарыдан жетектеп әкеліп, таққа отырғызып кеткенмен түк бітірмейді. Сол сияқты басқа жерде шөп басын сындырмаған Никишов та Атбасардың айын оңынан тудырып, алға сүйрейді дегенге сенбейді. Ал, Ақмола аймағына осымен екінші рет әкім болып келген Сергей Кулагин бұл жағдайды мүлдем басқаша түсіндіреді. «Кейде аяқ астынан осындай шешім қабылдауға тура келеді. Атбасардың жағдайы қазір қиын. Тәжірибелі адам керек. Жұмыс көп. Сондықтан Андрей Никишовты осында әкелдім» - деп атбасарлықтарға басу айтты. Көктемде қызыл су астында қалған Атбасарда жұмыс бастан астанын бәріміз де білеміз. Бірақ, жауапты жұмысты Кулагиннің өзі айтқандай «аяқ астынан тағайындалған» адамға қалай сеніп тапсыруға болады? Оның үстіне өзге орындарда оңбай, беделін бес тиын еткен, тұрғындарды өзіндік «тәжірибесімен» титықтатқан адамды әкім етіп қоюға не себеп болды екен? Бұл Кулагиннің жаңадан жасақталып жатқан командасындағы көлденеңнен келген жалғыз әкім емес. Көкшетау қаласы мен Макинскіде де бұрын өзі басқарған Қостанайдан қымбат заттай қалап алып келген «құнды кадрлар» отыр қазір. Ол аз десеңіз, тағы да бірнеше аудан әкімдерін аттан түсіріп, өз «шабандоздарына» тізгін ұстатыпты. Жергілікті жерден жұмыс істей алатын жігерлі жан табылмай қалғанға ұқсайды. Кадрлық ауысулар әлі де жүріп жатқан көрінеді. Кулагин командасын жасақтап болғанша өзінің әкімдік мерзімінің жартысы өтіп кететін болды. Алдында осы облысқа әкім болған Сергей Дьяченко сияқты қайтадан Сенатқа оралатын уақыты да көзді ашып-жұмғанша жетіп келері хақ. Сонда ол мол тәжірибесінен қашан тәлім беріп үлгермекші? Елбасымыздың командалық басқару әдісін тоқтату туралы айтқан қатаң ескертулерін біздің әкім-қаралар құлағына ілмейтін сияқты. Бас-басына би болғандар барған жерлерінде білгенін істеуге машықтанып алған. Өкінішке орай, бізде көп жерлерде кадр мәселесі дәп осылай шешіледі. Сөйте тұра, таныстық-туыстық, сыбайлас жемқорлық және басқа да қоғамға жат қылықтарға қарсы аянбай, көкесін көзіне көрсетіп күресіп жатырмыз деп айдай әлемге жар салатынымызды қайтерсіз...