Омар Қаймолдаев, педагог-ғалым: «ҰЗАҚ ЖАСАҒЫҢ КЕЛСЕ, ҰЛТЫҢДЫ СҮЙ!»

Жүз жастан асқан қария өле-өлгенше, елім деп өтті

1 Омар

Қаламгер қоржынында игерілмеген дүниелердің жата беретіні заңды нәрсе. Кейбір материалдың түрлі жағдайларға байланысты ысырылып, біртіндеп қалып қоятын жағдайлары кездесіп тұрады. Осыдан тура он жыл бұрын белгілі педагог-ғалым, қарт мәдениет зерттеушісі Омар Қаймолдаевпен сұхбаттасқаным бар еді. Сол сәт жүз бір жасқа толып отырған тірі шежіре қарияның білімдарлығы қайран қалдырмай қоймады. Жастайынан оқыған-тоқығаны мол, қисынды уәждері мірдің оғындай келетін Омекеңнің кей пікірінің санаға сыймастай қайшылықты болып қалатыны да таңырқатты. Мысалы, ол өзін жиырма бес жылға соттап, жер аударып, аяулы жастық шағын қор қылған Сталинге шаң жуытпады... Баяғы Алматы һәм өзінің сотталуы туралы – Біз 31-32-ші жылғы ашаршылықта дала кезіп өлік қойған адамдармыз. Сол кездегі Жоғарғы Кеңестің жауапты хатшысы Абдолла Асылбеков Сталиннің тікелей нұсқауымен төтенше комиссия құрып біздей студенттерді өлілерді жинап, тірілердің тізімін алуға шығарған. Қазақ даласындағы әр төбенің басында өлік жатты. Алматыда да әр ағаштың түбінде отбасымен қырылып, үйме-жүйме болып жатқан жұрт... Қаланың сол кездегі Бас бағынан бері қарай бір үй болмайтын. Мұның бәрі сірескен алма бағы болатын. Онда Алматының бар болғаны 60 мың... кейін 120 мың ғана тұрғыны болған. Бүгінгідей тақтайдай сайраған көше де жоқ, айнала жаяу жүретін сүрлеу... Көк шалғын белуардан келеді. Үйлер бүгінгідей биік емес, ылғи жатаған ағаш үйлер. Төңірек сыңсыған алма... өрік... Жеміс-жидектен аяқ алып жүру қиын... Біз анда-санда бас қоссақ, қазіргі Панфиловшылар саябағындағы шіркеу тұрған алаңға жиналатынбыз. 1933 жылғы алғашқы Ағарту сиезі де қазіргі ҚазПИ тұрған жерде өтті ғой. Сол жиында жалындата сөйлеуге шебер ағаларымыз «Коммунизм, социализм!» деп соғып жатты әдеттерінше. О кездегі Совминнің төрағасы – Ораз Исаев. Ұзақбай Құлымбетовтер, Нығымет Сырғабековтер бар о тұста... Мәселені ашық қойдым мен. Халықты аштан қыратын мұндай коммунизм кімге керек дедім. Енді не дейін. Елің қырылып жатса... Негізінде, ол уақытта ондай сөзге бола апарып жаба салмайды. Кеңес өкіметінде отыз төртінші жылға дейін нағыз демократия болған. Кім не айтса өз еркінде. Ешкімнің аузына қақпақ қойылмайтын. Бірақ Киров жендеттің оғына ұшқаннан кейін Сталин айтты: «Бізді шетімізден атып жатыр, енді бұдан былай былшылдауды қойсақ қайтеді?!». Міне, қойғызды содан. Ұлтшылсың деді, қысқасы, мені. Өзі, мен кішкентай бала кезімнен-ақ коммунизм дегенге күдікпен қарайтын едім. Семейде оқып жүргенімде пионерге өт демей ме маған. Мен айтамын: «Не керек ол?.. Пионер деген кім өзі? Не нәрсе?» деп сұраймын ғой. Сендер білмейсіңдер, әуелде комсомолдың, пионердің билеттерін қапқа салып жүріп үлестіретін. Адам алмайтын оны... Тегінде, менің осындай «ұлтшылдығым» 1931 жылы қазіргі Ы.Алтынсарин атындағы Академия ашылып, этнокартографияны жасаған кезімде-ақ тіркеліп қойылған екен. Содан қойшы, айдалып кете бардық қой жиырма бес жылға кесіліп. Мен «итжеккенге» 37-ші жылы кетіп, 56-шы жылы келдім елге. Сталин мен соның заманы төңірегінде – Сөйтіп жүріп тұтас халықпен бірге өзіңізді де сорлатқан Сталиннің төбесінен құс ұшырғыңыз келмейтіні қалай осы?! – Бізді ұстатып жіберу үшін бір орыс келген жоқ қой ауылға... Сталин емес қой бізді тұтқындаған! Өзіміздің белсенділер ғой түбімізге жеткен! Ал Сталин мемлекетті қабылдап алған кезде СССР аумағында жөні түзу арба да жоқ еді. Басқа техниканы былай қойғанда... Не істеу керек сонда? «Сталин мемлекетті жер жыртатын соқамен қабылдап алып, атом бомбасымен қалдырды» деген сөзді естулерің бар ма? Әне, сол рас сөз! Сталин жасырын мемлекет құрған. Оның аты – Лагерь болатын. Ол жердің асты-үстіне құрылыс жасатқан. Ірге бекіту керек-тін. Кеңес үкіметі дүниежүзіндегі жалғыз социалистік мемлекет. Бүкіл әлем қарсы бұған. Шығыс та, Батыс та. Көк тиын ақша, не басқа дәулет жоқ... Сұр шекпеннен басқа. Демек, еңсе көтеріп ел қатарына қосылу үшін адам күшін пайдалану қажет. Ал ол үшін не істеу керек – мобилизация жасау керек. Алды-артына қарамайтын. Иосиф Виссарионович сөйтіп 70 млн. мүшесі бар мемлекет құрды. Бүкіл орыстың, қазақтың, басқа ұлттардың оқымыстылары – сонда. Соларға нешетүрлі құпия құрал-жабдықтар жасатуға кірісті. Қысқа мерзімде әскерді де сақадай сай қылып алды. Германия қырық жылға дейін соғыс ашпаймыз деген келісімге қол қойған. Сталин оның шіп-шикі өтірік екенін білді, бірақ сыр берген жоқ. Жасырын түрде «Катюша» сияқты керемет қаруларын жасата берді. Атом бомбасы әуелде КСРО-да жасалған. Сутегі бомбасы... Сөйтті де опасыз, қанішер Гитлер секілді алыпты алып ұрды. Әне! Рузвельт пен Черчиль өздері келді Тегеранға. Ойбай, келісейік деп. Сталин лагерь құрмағанда, Германия талқанымызды шығарып басып алатын еді... Жалғыз ол емес, бәрі жабылды келіп. «Көк ит бір жақ, көп ит бір жақ» дейтін – осы. Арланға көп ит жабылады. Арлан алғызбайды. Міне, Сталин сол көк ит еді. Алғызбады. Таңын жыртқызбады. Оның 37-ші жылғы әрекеті нағыз көрегендік болатын. Одан соң, әрине, ел ішінде халық жауларының да көп болғаны анық қой... Темірдей тәртіп керек қашанда... – Өзіңізді он тоғыз жыл бойы салпақтатқан сол айдаудан қайта оралғаннан кейін Алматыға көп тұрақтамай бірталай жылға ауылға кетіп қалыпсыз ғой? – Ауылға кету себебім – мұнда арақ ішіп жатыр елдің бәрі. Алматы жынның ұясына айналып кеткен. Баяғы Алматы жоқ... Інімнің үйіне түскенмін ғой. Жора-жолдастарымен қосылып алып «Сенің денсаулығың үшін, менің денсаулығым үшін» деп, езулеріне қыстырған бір-бір темекі, стақан соғыстырып сілтеп отыр... Ләйліп... Содан кеттім де қалдым түңіліп... Мен көрген қала емес, сұмдық қой мынау деп... Қазақтың астанасы, қазақтың бас қаласы жынның ордасына айналған екен, енді қалай ел болар екен бұл қазақ деп... – Қазіргі астанамыз туралы көзқарасыңыз қалай? – Ақмола атам замандарда Қырарқа деп аталған. Тегінде, дөңгелек жердің шеңберін білу керек. «Шеңбердің арғы жағындағы кімдер осы күні? Бергі жағындағы кім?» деп. Белдеуді не ұстап тұр? Жердің белдеуі дегеніміз не өзі? Оқыдыңдар ғой! Атаң қазақ бәрін анықтап, мағыналап білген. Тіліміздің бай болу себебі – аспан кеңістігін, домалақ жерді көшіп жүріп зерттегендігінде қазақтың. «Атың барда жер таны желіп жүріп» дейтіні осыдан. Ал бір замандарда дөңгеленген дүниедегі жалғыз құрлық қазіргі астанамыз орналасқан Қырарқа болатын. Сол аймақ жеті жұрт мемлекет жойылып кеткен небір алмағайып кезеңдерде жер әлемінің ұжмағы деп саналған. Нұрсұлтан жаңа астана орнына Қырарқаны бекерден бекер таңдаған жоқ. Ғылым, білім яки педагогикаға қатысты – Менің бір қиналатыным – көпшілігің елдің тарихын білмейсіңдер. Тарих деген нәрсе жоқ. Бұрмаланып кеткен бірдеңе осы күні. Тегінде, ғылыммен айналысқан адам ізге түсе білуі керек... Баяғы атаң қазақ жылқы жоғалса тастан ізін тауып алып, сол арқылы табатын. Сендерде ол жоқ қой! Бір нәрсені айтсаңдар, дұрыс шындықты айтып беріңдер елге. Белгілі жүйе болу керек. Әне жердегі жауырға жапсырған бір жабағы, мына жерге жапсырған бір жабағы... Сөйлеп жатыр көрінгені. Халық білмейді дейді де, соға береді өтірікті. Жалған қазіргі жазылып жүргеннің көбі. Әсіресе, кеңестік дәуірде біреулердің еңбектерін малданып кеткендер көп. Мәселен, 1933 жылы алғаш «Кенесары – Наурызбай» операсын сахнаға шығарып жіберген біз едік! Оны айтпайсыңдар. Тығып қойып отырсыңдар сол операның өзін. Көрсетпейсіңдер осы күнге шейін. Міне! Біз «Қаракөздерді» шығарып жібергенбіз! «Біреу өлмей, біреуге күн жоқ» деген аталарымыздың сөзі рас екен, қазір көптеген мұраларды өздеріңе иеленіп алдыңдар. Сендер заман деген нәрсеге, дәуір, дәурен деген ұғымға, ғасыр... шақ, уақыт деген түсініктерге мән бермейсіңдер ғой. Солардың бәрін қосып аласыңдар да, домалақтатып соға бересіңдер. Бұдан соң ел не түсінеді?! Сол сияқты, өздерің де мойындап жүрсіңдер, жаңа заманғы білім беру сапасы неге төмен, соны айтшы! Маман атанып жүргендердің кәсіби шеберліктері неге нашар? Оның себебі – оқуда кешенді бағдарлама жоқ. 1937 жылға дейін жоғары оқу орындары ғана емес, бүкіл медреселердің өзі кешенді, тұтас бағдарламамен оқытатын. Қазір немене! Тарихшылар бір бөлек, математиктер бір бөлек... Мен, мәселен, мамандығым жағынан математик, физик, химик, биолог, географ, риторик, әдебиетші әрі музыкатанушымын... Жалпы, мен білмейтін білім, ғылым саласы шамалы шығар... Неге олай деп сұрамайсың ба енді! – Иә, неге олай, Омеке? – Бізді кешенді бағдар­ламамен оқытқан. Осы күнгідей жаратылыстану ілімдері немесе техникалық ғылымдар деп бөлмеген. Тұтас оқытатын. Мәселен, кейін тарихшы боласың ба, жоқ, математика, физика салаларына кетесің бе – өз қалауың білетін. Ғұлама ғалым Қаныш Сәтпаевтар өткен мектеп бұл. Олардың ерекше білімдарлығы соған байланысты болатын. Міне, мен осындай бағытпен оқыған соңғы буынның өкілімін. Әке-шеше... Ата-бабасы жөнінде – Бірге туған көзі тірі ағайындарыңыз бар ма қазір? – Жоқ. Қаймолдадан қалған жалғыз менмін. Бес бауырым соғыста шейіт болды... Құнанбаймен алысатын Есенқара батырдың Мұсақан деген баласы сарымойнақ би, әділ би атанған кісі. Соның қызы Момсары – менің туған шешем. Жетінші атам Шақантайдың Еңке деген ойрат қызынан туған Құлбарақ батыр атам Маңғыстауда қызылбастармен соғысқан. Қазір сонда жатыр. Құлбарақтың екі әйелінен он ұл туады. Оның өзі бір старшын ауыл. Солардың арасынан шыққан би, шешен, көсемдер көп. Тоян бәйбішеден туған Шүршіт шешен бүкіл Керейді билеген екен. Шыңғыстауға Түркістанда жүрген жерінен Әуез қожаны алып келген – сол Шүршіт. Ол туралы А.Янушкевич жазған... Соның ұрпағымын мен. Сәкен Сейфуллин және өзге ағалары жайында – Омар аға, естуімізше, сіз Сәкен Сейфуллинді көріп қана қоймай, одан дәріс алған адамсыз. Сіздіңше қандай адам еді ол өзі? Соны айтып беріңізші. – Иә, Сәкен бізге сабақ берді әдебиеттен. Онда Алматыдағы жалғыз жоғары оқу орны – Абай атындағы пединститут (Бүгінгі АлМУ). Сәкенің де, Санжар Асфандияровың да, Әлімхан Ермековің де... Жұмахан Күдеринің де... Алашорданың барлық ғалымдары... Төл ғылым жасағандардың барлығы... бізге сабақ берген. Солардың ішіндегі Сәкен дегеніңіз жігіттің падишасы еді ғой. Оның сабағын күнде тыңдаймыз. Сәкен келе жатыр десе, алдынан жүгіріп шығамыз. Ой-бой-й, оның кескін-келбеті деген... Сымбат қой тұрған. Оған әлгі Фадеев айтқандайын, атақты Галина Серебрякова ару суретін көрген бойда-ақ бекерден-бекер ес-түссіз ғашық болып жүр дейсіз бе! Алғаш өзімен кездескен сәтте сүт пісірімдей уақыт аңырып тұрып қалыпты дейді. Сонда осы көрініске кездейсоқ сырттан келіп куә болған Фадеев: «Мынау Шығыстың сан алуан гүлінің жұпар иісі сіңген Сәкенді енді көріп, есіңіз ауып тұр ма?!» деп әзілдеген көрінеді... Қойшы, ақыр аяғында бұл кездесу үлкен сүйіспеншілікке ұласқан ғой. Кейін Серебрякова сол аяулы сезімінің залалын да тартқан... Аяғында 1937-ші жылғы зұлматта Галина да Сәкеннің ұйымында болған адам деген желеумен түрмеге жабылған. Қазірге дейін Сәкенді әркім әр саққа жүгіртеді. Сәкен әр саққа жүгірмеген адам. Өте байыпты, байызды, өте бауырмал... Ешкімді жатсынбаған, ашық мінезді, адам баласының сұңқары, сұлуы болған кісі. Оған қыз емес, еркектер ғашық болған! Әне! (Осы тұста Омекең «ә, қалай екен! Ойнамаңдар онымен!» дегендей қулана қарап қойып, кеңкілдеп, рахаттана күлді). – Сәкен ағаңдай сұлу адам дүниеде болды деп айту мүмкін емес қой!.. Біз жұдырықтайымыздан сондай атағы шыққан үлкен ағаларымызға құмартып барып, сәлем беріп, танысатынбыз. Сөйтіп інісі болып кететінбіз. Ал бүгінгі сендерде о да жоқ қой! Айтшы, бар ма ондай әдеттерің?! Біріңді-бірің танымайсың, ағаның да керегі жоқ, жағаның да керегі жоқ, қара бастарыңды асырай алмай тырбыңдап жүргендерің содан... (Омекең және күлді). Біз о кезде аты шыққан бір ағамыз болса, сонымен жүздесуге асығатынбыз. «Әй, шіркін, көрсек-ау соны!» деп. Мағжан, Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дулатов, Халел, Жанша Досмұхамедовтерді, Ермеков, Күдерин... бәрін, Смағұл Сәдуақасов, Кәрім Тоқтыбаев, Мұхтар Саматов, Әбілқайыр Досов... Кемеңгеров... Сүлеев, Ходжанов, Нұрмақов, Шоқаев сияқты ағаларымызды көргенше асығатынбыз. Осылардың бәрін де көрдім, бәрінің де бір ауыз сөзін естідім мен... – Ағаларыңызға біраз тамсандыңыз. Ал өзіңіз қандай жігіт болдыңыз, Омар аға? – Мен қандай болушы ем?! Қазақтың «обыкновенный» қара домалақ баласы болдым! Соны мақтан тұтамын. – Қыздар ғашық болды ма дегенім ғой. – Ой-бой, кім ғашық болсын бізге. Біз оқып жүргенде Алматыдан қазақтың бір қызын таппайтынсың. Оның себебі – қазақ қызын он үш-он төрт жасында ұзатып жібереді. Осындай ғұрыптың салдарынан талай ағаларымыз әйелсіз өтті өмірден. Ал біз... Жігіттер анандайдан бір қарашаш қылаңытса, көшенің екінші жағынан жүгіріп алдынан шығып көріп қалатынбыз. Солардың ішінен есімде қалғаны – кейін әйгілі болған кәдімгі Күләш Байсейітова, Шара Жиенқұловалар... Тұрлықұлова деген бір сұлу болған... Сондай-сондай төрт-бес қыз ғана екен. Олардың сол кезге дейін қалай сақталып жүргенін бір Құдай білсін енді. – Онда қалай үйленіп жүрсіз?! – Мен айдауда жүргенде орыс қызына үйлендім ғой! Вера Никитична деген. Ярослав облысына қарасты Рыбинск қаласында туып-өскен. Ол да әлдебір желеумен жиырма бес жылға кесілген адам екен. Жақсы отбасы болдық. Бес бала тауып берді. Үлкенім Ақжол қазір Германияда тұрады. Технолог. Таяуда барып қайтамын деп хабар жіберіпті... Одан кейінгі Гүлзия, Әсет, Асығат деген балаларым о дүниелік болып кеткен. Әспетім аман-есен. Осында, Алматыда. Балалы-шағалы. Кинорежиссер. Бәйбішем Вера қайтыс болғалы да бірталай өтті. Иманды болғыр, керемет... ғажап адам еді жарықтық. Маған қосылғаннан кейін-ақ қазақшаға судай болып алған. Балалардың бәрінің атын бірдей неге қазақша қоя бересің деген жоқ қой бір... Қайтыс болғанда моллалар «бұ кісі нағыз мұсылман» деп жаназасын мұсылманша шығарып, мұсылмандар зиратына қойғызды. ҰЗАҚ ЖАСАУ СЫРЫ ХАҚЫНДА – Жүз бір жасқа келіпсіз. Түріңізге қарасақ, әрі кетсе бір... жетпіс бестегі адамдайсыз. Көз-құлағыңыз сап-сау, отыз екі тісіңіз бүп-бүтін сияқты. Көкірек сарайыңыз да сайрап, самбырлап әңгіме айтып отырсыз, міне... Соның сыры неде? Сүйегіңіз асыл-ау, Омар аға, ә?.. – Менің сүйегім асыл емес, халқымның, Қазақ атамнан бастап... Яғни, Аламан атамнан бастаған, Таң атамнан бастаған кең қолтық, мейірімді, ержүрек, алысқанмен алысқан, жұлысқанмен жұлысқан, айтысқанмен айтысқан ғажайып елдің перзентімін мен. – Сонда да екі қазақтың бірі жүзге келе бермейді ғой. – Енді, ұзақ жасау деген... Ол үшін адам байызды, шыдамды болу керек. Өзі-өзіңді ұстай білуің керек. «Қанағат қарын тойғызады» деген. Қанағатты болу керек. Біреуге сырттан ғайбат айтпау керек. Біреуді өсекке таңбау керек. Тұрақты, тұрлаулы болу керек. Адам деген мінезді болса, ауырдың астымен жүре алса, жеңілдікке құмарланбаса, өз ойымен жүрсе, жеке жүрек әміріне сыйынса, беймаза болмаса, қара суға қанағат етсе ол адам жүз жасайды. Ой-ниетіңді ісіңмен көрсет. Жаса! Ақын-жазушыларымыз... Журналистеріміз көди-сөди жазады... Ойбай, қазақты құртып жатыр деп байбайлайды. Өйткенше сондай келеңсіздікті жоюға сеп болмайсың ба өзің араласып. Үлгі көрсетпейсің бе! Мен байбайлаған жоқпын, қай әкем не айтып, не бітіріп кеткен... Соны іздедім. Бала кезімнен қазақтың тарихына құмар болып, ұлы көштің соңына түскен адаммын мен. Ине-жібіне дейін қалдырмай жинауға ұмтылдым. Қазақтың алпыс бір түрлі музыкалық аспабын жинадым. Оның көбі қазір Ықылас атындағы Ұлттық музыкалық аспаптар мұражайында тұр. Қырық томдық қолжазба жаздым. Одан соң әкеге бала тартады деген. Қасқа айғырдың баласы қасқа тумаса да төбел туады деген. Әкем жарықтық ақтармен шайқаста мерт болып кетпесе нешеге келер еді... Інілері түгелдей тоқсаннан аса қайтты өмірден. Және... Қазақ деген отызыншы жылға дейін ауру-сырқау дегенді түсінбеген ел ғой. Қыста ақ қар, көк мұзға оранып, өз-өзін ширатады. Алты ай жазда гүлге оранады. Қымыз ішеді, қазы-қарта жейді. Денсаулық деген сол емес пе!.. Әне, сондай өмір салтын ұмытпау керек... – Қазір өзіңізді қалай сезінесіз? – Мен өзімді бір ғасырды лақтырып тастап, сәбилік шақты қайта бастаған адамдай сезінемін. P.S. Омекең осы сұхбаттан кейін де бес-алты жыл өмір сүрді. Құлтөлеу МҰҚАШ