Бас муфтиі Рамазан айында мұсылмандарды игі істер жасауға шақырды

Қазақстан мұсылмандары дін басқармасының төрағасы, Бас муфтий Ержан қажы Малғажыұлы Қасиетті Рамазан айында мұсылмандарды игі істер жасауға шақырды.

Фото: semey-meshet.kz
Фото: semey-meshet.kz

"Құрметті бауырлар! Мұсылман қауымы үшін аса ұлық қасиетті Рамазан айы мүбәрәк болғай! Оразаға аман-есен жеткізген Алла тағалаға сансыз шүкірлер мен мадақтар болсын!", - делінген Бас муфтидің үндеуінде.

Жаратушы Иеміздің жер бетіндегі барша адам баласын әртүрлі ұлттарға бөліп, жаратуы - Оның шексіз даналығы. Бәрімізге жер, мекен, ғаламшар, Отан ортақ. Бізді біріктіретін ортақ мақсаттар көп. Баршамыз Жаратқаннан деніміздің саулығын, болашағымыздың жарқын, өміріміздің тыныш болғанын тілейміз.

Осынау игіліктердің орындалуы бірлікке байланысты екені белгілі. Ынтымағы ыдырап, бірлігінен береке кеткен елдің болашағы да бұлыңғыр болмақ. Қаншама жұрттың жер бетінен жоғалып, тегі мен тұтастығынан айырылуының негізгі себебі - бауырмалдықтың болмауы.

Мекке мен Мәдина халқын татуластырып, бір-біріне бауырмал еткен Алла Елшісі (с.ғ.с.) мұсылмандықтың іргесін бірлікпен бекемдеген. Қадірлі ағайын! Діннің мақсаты - ізгілік, береке мен бірлік. Ислам діні мемлекетте, қоғамда тыныштық, әділдік болуын көздейді. Адамды соған тәрбиелейді.

Алла тағала адамзат баласын: "Бөлінбеңдер", - деп бауырмал болуға бұйырған. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) басшыға бағынып, бүлік шығармауды үгіттеуінде үлкен мән бар. Алла Елшісі (с.ғ.с.) өз өсиетінде қамшының сабындай қысқа өмірді рухани құндылықтарды байытуға арнау қажеттігін өсиет еткен. Ол (с.ғ.с.) қоштасу құтбасында: "Мен орталарыңнан кеткеннен кейін баяғы бітпейтін ұрыс-керіске, дау-дамайға қайта бой алдырмаңдар", - деген.

Әлхамдулилла, ата-бабамыз сан ғасырлардан бері аңсап өткен Тәуелсіздікке қол жеткізудің арқасында асыл дініміздің қайнар бұлақтарымен қайта қауыштық.

Халқымыз дербестікпен бірге дәстүрлі мәдениетіне, тілі мен дініне толыққанды ие болып, оларды заманға сай дамытуға мүмкіндік алды. Өшкеніміз жанып, ұмытқанымыз жадымызда жаңғырды. Мұның барлығы Қазақ елінің бүгінгі ұстанған бағыт-бағдарының дұрыстығын, ата-баба жолынан айнымағандығын білдіреді.