Қазақстандағы жекешелендіру аурухана мен университетке де таяды

Үкіметтің 2014-2016 жылдарға арналған жекешелендіру жоспары тізіміне мыңнан астам ұйым енген. Олардың арасында білім беру ұйымдары мен денсаулық сақтау мекемелері де бар.

Үкіметтің түсіндіруінше, жекешелендіру – мемлекеттік мүлікті басқарудың тиімділігін арттырып, ұйымдарды бәсекелестікке бейімдейді. Бұл реформа туралы маусымда Бурабайда өткен шетелдік инвесторлармен кеңесте президент Нұрсұлтан Назарбаев та айтып, инвесторларды әлеуметтік саладағы жекешелендіруге қатысуға шақырған.

Бірақ биліктің бұл жоспарына күмән келтірушілер де бар. Олардың бірі – парламент мәжілісі депутаты Мұрат Ахмадиев. Депутат Алматыдағы үш жыл бұрын жекеменшікке өткен цирктің "әртістер штатын құртқанын, мүліктердің бәрін сатып жібергенін, ғимараттың іші кафе, кешкі клуб, магазиндерге толып кеткенін" мысал етеді. Ол ірі мәдениет орталықтарды жекешелендірудің тиімді боларына сенбейді.

Жекешелендіру жоспарының жұрт арасында көп талқыланған тұсы – білім беру ұйымдары мен денсаулық сақтау мекемелерінің мемлекет қарамағынан шығуы. Тұрғындар мұндай маңызды салаларда мемлекет үлесінің болмауы қызмет сапасын нашарлатады деп қауіптенеді.

"ЖЕКЕМЕНШІККЕ БЕРУ ҚАУІПТІ"

Әлеуметтік сала мекемелерін жекешелендіруден қауіптенетін адамдардың бірі – "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорына тиесілі техникалық университеттің аты-жөнін жарияламауды өтінген оқытушысы. Университеттің басым бөлігі қазірдің өзінде жеке адамдарға тиесілі екенін айтқан оқытушы "мемлекеттің үлесі түгел сатылса, университеттің материалдық-техникалық базасы мүлдем нашарлап кетуі мүмкін" деп болжайды.

"Меніңше, жекешелендіру гуманитарлық мамандықтарын оқытатын оқу орындарына ешбір әсерін тигізбейді. Ал техникалық мамандықтар оқытатын оқу орнын жеке адамдар ешуақытта ұстап тұра алмайды. Өйткені техникалық мамандықтарды оқыту үшін лабораториялық база керек", - дейді оқытушы.

Оқытушының ойынша, "оқу орны жеке меншікке өтсе, иелері тек табысты ғана ойлап, көп қаражатты талап ететін құрылғылармен жабдықтау жағына самарқау қарайды".

Үкіметтің бұл жолғы жекешелендіру жоспарына кейбір денсаулық сақтау мекемелерінің қызметкерлері де қарсы. Ірі ауруханалардың жекеменшікке өтуін қолдамайтын адамның бірі – денсаулық сақтау саласы қызметкерлері кәсіподағы ұйымының өкілі Михаил Айзенберг.

"Денсаулық сақтау саласы – ел қауіпсіздігі кепілінің бірі. Оны жеке қолға беру дұрыс емес. Мемлекет ең бірінші кезекте азаматтардың денсаулығын ойлауы қажет. Жеке тұлғалардың басты мақсаты – пайда табу. Пайда табу үшін олар бәріне де барады", - деді ол Азаттыққа.

Михаил Айзенберг қазір елдегі медициналық мекемелердің көпшілігі қазыналық мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын (ҚМКҚ) формасынан шаруашылық жүргізу құқығындағы ұйым (ШЖҚҰ) формасына өткенін айтады.

"ҚМКҚ-дан ерекшелігі – ШЖҚҰ мемлекеттен тәуелсіздеу, арасында мемлекеттік тапсырыстар болмаса, қаржы мәселесін өзі шешеді. Бірақ ШЖҚҰ формасының медицина қызметкерлеріне ең тиімсіз жағы – олар азаматтық статустан айрылып, әлеуметтік жеңілдіктерден қағылады", - дейді денсаулық сақтау саласы қызметкерлері кәсіподағы ұйымының өкілі.

Жекешелендіру тізімінде санаторий, салауатты өмір салтын сақтау орталықтары, шағын колледждер мен медициналық орталықтар да бар. Азаттық тілшісі солардың бірнешеуіне хабарласқан кезде мекеме басшылары жауап беруден қашқақтап, мемлекет қарамағынан шықпайтындарына әлі де үмітті екендерін айтты.

"ЖЕКЕШЕЛЕНДІРУДЕН ҚОРҚАТЫН ЕШТЕҢЕ ЖОҚ"

Елдегі оқу орындарын жекешелендіру бастамасын қолдайтын адамдар да бар. Солардың бірі – Алматы менеджмент университеті ректоры Асылбек Қожахметов.

"Оқу орындарын жекешелендіруді қолдаймын, себебі либералдық экономика соны талап етіп отыр. Ірі ұлттық компаниялардың мемлекет иелігінен алынуын міндетті түрде қолдау керек. Үкімет экономиканың 50 пайызынан астамына иелік етуі қалыпты жағдай емес", - дейді Асылбек Қожахметов.

Ол жекешелендіру процесінің халыққа жария өтуін, оны қадағалайтын және шарттарын көпшілікке түсіндіретін комиссия құрылуын, конкурс шарттары басылымдарда жеткілікті жариялануын талап етеді. Алматы энергетика және байланыс университетінің (АЭБУ) тәрбие және әлеуметтік жұмыс бойынша проректоры Еркеш Әбдірахманов та оқу орындарының жекеменшікке өткенін қолдайды.

Ол қазірдің өзінде АЭБУ-дің 63,5 пайызы жеке тұлғаларға, қалғаны мемлекетке тиесілі екенін айта келе: "Мемлекет оқытушылардың жалақыларын ғана төлейді, ал қалған ірі шығандарды – жөндеу жұмыстарынан бастап жабдықтарға дейін – АЭБУ оқу ақысы есебінен өз-өзін қамтамасыз етеді. Акциясының басым бөлігі жеке тұлғаларға тиесілі оқу орны білім сапасы жағынан артта қалып көрген емес" дейді.

Еркеш Әбдірахманов "тек оқу орнына осы саладан хабары бар, пайданы ғана ойламайтын адамдар ие болса, бұл – оқу орнының бағы" деп біледі.

Азаттық медицина мекемелерінің жекешеленуін қолдайтын мамандармен де тілдесті. Атын айтпауды өтінген бір маман "жекешелендіру ауруханалар арасында бәсекелестікті арттырып, медициналық қызмет сапасының жақсаруына ықпал етеді" деп болжайды.

Қазақстанда оқу орындары мен денсаулық сақтау мекемелерін жекешелендіру мәселесі бұған дейін де көтерілген еді. Былтыр білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов "мемлекеттік оқу орындары мемлекет иелігінен алынады" деген кезде қоғамда түрлі наразы пікірлер айтылған.

Ақырында министрлік "оқу орындары жекешеленбейді, тек автономия статусына ие болады" деп мәлімдеме жасауға мәжбүр болған.

Министрліктің түсіндіруінше, "автономия статусына ие болған оқу орындары бұрынғыға қарағанда мемлекеттен тәуелсіздеу болады – білім сапасына және студенттерін жұмысқа орналастыру жағына өзі жауап береді, кәсіпкерлер мен қоғам да оқу орны жұмысына араласа алады, бірақ мемлекет те қаржыландыруын үзбейді".

Дәл осындай дау елдегі медициналық мекемелерді жекешелендіру туралы айтылған кезде де шыққан. Кейін денсаулық сақтау министрлігі ол ақпаратты жоққа шығарып, мәселе – медицина мекемелерінің жеке тұлғалардың сенімді басқаруына өтуі жайлы екенін мәлімдеген.

2014-2016 жылдарға арналған жекешелендіру жоспарына ілінген мекемелер негізінен аукцион, қор биржалары, коммерциялық тендер арқылы жекеменшікке беріледі.