Қазақстандағы ең толық әйел ОҚО-да тұрады

kyzylorda_polnaya_zhenshchina_31_kanalОңтүстік Қазақстан облысы, Мақтарал ауданының Атакент ауылында тұратын салмағы 170 келі тартатын 37 жастағы Гүлжан Маенбаеваға жергілікті дәрігерлер дәрменсіздік танытып отыр.

Салмағы күн санап өсіп келе жатқан ананың дертіне қатысты ақ халаттылардың аузына "ендігі жерде ем жоқ" дегеннен басқа сөз түспей тұр әзірге.

Тұрмыс құрған жылдары Гүлжан Маенбаеваның салмағы 70 келіден аспаған. Алайда соңғы 5-6 жылда екі баланың анасы түсініксіз жағдайда салмақ қосып келеді. Қазіргі жағдайы тым ауыр. Салмағы күн санап өсіп келеді.

Далаға шығуы былай тұрсын, орнынан еркін қозғалудан қалып бара жатқаны әсіресе, жанына қатты батады.

"Бұл жердегі докторлар үлкен жаққа жіберіп жатыр. Жоғарының аты жоғары ғой дейді. Менің жоғарыға шығуға қаражатым жоқ. Маған деген көмек болса деймін. Халқымнан көмек сұрап отырмын", - дейді әйел.

42 жастағы күйеуі Абдулланың да көзі жақсы көрмейді, 2-топтағы мүгедек. Баспанасы жоқ, пәтер жалдап тұрады. Жан бағу керек болғандықтан, отағасы жүк тасып, ақша тауып жүр дейді. Анасының жағдайын жасаймын деп балалары да сабақтан жиі қалатын болыпты.

Гүлжанның бүгінгі салмағы 170 келі. Орнынан өздігінен қозғала алмайды. Қолына таяқ алып, екінші қолтығынан ұлы Бекзат сүйемелдеп жүргізеді. Ал жаз айларында күннің ыстығын көтере алмайды.

Бұл кездері үйде желдеткіш үнемі қосылып тұрады. Мамандар болса науқастың емі жоқ, ендігі жерде демеп отыратын ем-доммен жүретінін ғана айтады. Салмағының тым артықтығы зерттеу аппараттарына түсіру кезінде де қиындық тудырып отырғанға ұқсайды.

Себебі біздегі медициналық орталықтардағы салмақ өлшегіш - таразы құралдары Гүлжанды көтере алмағандықтан сынып кетіп жатқанын, тиісінше ішкі құрылысын да толыққанды зерттей алмағандығын жеткізді.

"Гипертоническое ожирение 4-ой степени. Сосын легкий диабет бар. Но ол семіздіктен, легкий диабеті де бар. Давлениесі бар. Аяғынан тромбофлебит, варрикозное расширение. В общем кеселі көп. Ал Гүлжан болса, өзінің дертіне ем табылатынына сенімді. Тек білікті мамандарға қаралсам жарар еді деп армандап отыр. Сол үшін отандастарынан көмек күтеді", - дейді дәрігер-эндокринолог Гүлбарам Бекмырзаева.

31 арна