Алматы облысында тұрғындар тек байлардың ғана көшесі жөнделетініне ашуланды

Алматы облысында өркениеттен шет қалған ауыл жұрты наразылық білдірді. Ауыл деген аты болмаса, тура мегаполис іргесінде тұрған Панфилов елді-мекенінде әлі күнге жарық, су мен жол мәселесі толық шешілмеген. Салдарынан жаңбырлы күні жолымен жүру, лай суын ішу мүмкін емес деп хабарлайды КТК.

Скриншот КТК арнасынан

Сан жылдардан бері жарытып жарық, ауыз су мен жол көрмей келген халық ашулы. Жақында ауыл көшелерін жаппай жөндеу жұмыстары басталыпты. Онда да игі жақсылар тұратын көшелер ғана түзелді дейді тұрғындар.

"Мына ортада қалып тұрған көшені тастап мына жақтағы көшеге аттап кеткені қалай?! Мына ортада қалған адам адам емес пе?! Ана жағын жасап жатыр. Әділеттілік бар ма?! Бұның себебі кілең шенеуніктер тұрады. Әкімге пара тыққан, былайша айтқанда әкімнің кеңірдегі сау емес", - дейді Панфилов ауылының тұрғыны Заманбек Ысқақов. Анықталғандай жасалатын жолдардың жоспары аяқ асты өзгертіліп, бұл тұрғындардың көшесі тізім соңына көшіріліпті. Оның орнына жаңадан сатылған жер телімдеріне дейін жол төселген. Ауылдағы ауыз су мәселесі де мәз емес. Жаз келісімен шүмектен ағар су сыздықтап қалады. Ал құтыларға құйып алғанды ішу үшін тағы да күту қажет. Ал жауаптылардың сөзі қысқа. Жұмыс жоспар бойынша атқарылып, барлық жұртқа бірдей көңіл аударылуда. Ал шаруаның өрге баспай тұрғанына қаржы тапшылығы себеп екен. Панфилов ауылдық округі басшыларының сөзіне сенсек алдағы уақытта аймақтағы 137 көшенің барлығына осындай, яғни тақтайдай тас жол төселмек. Бірақ олардың кезегі қашан келетіні белгісіз. Себебі қарастырылған қаржыға облыстық маңызы бар жол жаңартылып, ауыл ішіндегі бірнешеуіне күрделі жөндеу жұмыстары жасалған екен.

Ал Құрманов немесе Талғар сияқты кішігірім көшелердің жағдайы көңіл көншітпейді. Қалыптасқан жағдайды өзгерту үшін жергілікті атқамінерлер облыс әкіміне қосымша қаржы бөлу жайлы өтініш жолдаған екен.

NUR.KZ