Суррогат ана болуға шариғат не дейді?

435835_nastroeniya_rebenok_deti_noga_nozhka_mladenec_maly_1680x1050_(www.GdeFon.ru)Мен 20 жыл бойы бала көтере алмаған әпкеме суррогат ана болуға келісім бердім. Олардан ешқандай ақша талап етпеймін. Тек әпкемнің бақытты болуын қалаймын. Өзімнің үш балам бар, жолдасымды да көндірдім. Бірақ ислам діні мұны құптай ма, бұл шариғатқа қайшы емес пе? Осыны білгім келеді... Бұл сұраққа Астанадағы Әзірет Сұлтан мешітінің бас имамы Қайрат Жолдыбайұлы жан-жақты жауап береді:  – Қазір осыған қатысты сұрақтар бізге жиі қойылатын болды. Сондықтан мен ЭКО мен құрсақ аналықтың (суррогат ананың) қай түрі шариғатқа сай екендігін түсіндіріп өтейін. Ислам ғұламалары ұйымы ұйымдастырған фиқһ (ислам құқығы) мәжілісінің VIII кезекті отырысында жоғарыда айтылған қолдан ұрықтандырудың барлық түрлері мен жолдарын зерттеп мынандай пәтуалар шығарған: Ерлі-зайыптылардың спермасы мен жұмыртқа клеткалары табиғи түрде ұрықтана алмаған жағдайда, оларды қолдан ұрықтандыруға шариғат рұқсат етеді. Яғни, жүкті болуға қажетті «сперма, әйелдің жұмыртқа клеткасы және жатыр» бәрі бірдей бір ерлі-зайыптылардікі болған жағдайда ғана қолдан ұрықтандыруға рұқсат. Рұқсат етілген бұл жолдың өзінде де мынандай шарттар орындалуы тиіс: 1.Әурет жерін көрсетуге тыйым салынғандықтан, әйелдің жұмыртқасын алу немесе ұрықтанған зиготаны жатырына қайта салу істерін мүмкіндігінше сенімді мұсылман әйел дәрігер яки басқа әйел адам, әйтпесе, мұсылман ер дәрігер, ол да мүмкін болмаған жағдайда басқа кез-келген сенімді ер дәрігер атқарады. Бірақ, жанында басқа туысқандары бірге болуы керек. 2.Ұрықтардың ауысып, шатастырылмайтындығына нақты көз жеткізілуі керек. 3.Қолдан ұрықтандыру күйеуінің көзі тірісінде жасалуы керек. Өлгеннен кейін рұқсат жоқ. 4.Ерлі-зайыптылардың бұл іске бірдей рұқсаты болуы керек. Ал қолдан ұрықтандырудың қалған барлық түрі шариғат бойынша – харам. Бұл жолдардың кез-келгені зинаның бір түріне жатады. Өйткені, бұл тәсілдерде сперма мен жұмыртқа бірдей ерлі-зайыптыға тиесілі емес яки тиесілі болған күннің өзінде жатыр оларға еш қатысы жоқ бөтен біреудікі. Мұндай жолдар ата-тектің шатасуына, көптеген келеңсіз жайттардың етек алуына әкеп соғары сөзсіз. Аталмыш тәсілдердің ішіндегі кең тараған суррогаттық (құрсақ ана) тәсілмен балалы болуға оң көзбен қарайтын адамдар да кездесіп жатады. Алайда, оның да өзіндік қауіп-қатері мен кері нәтижелері болатындығын ескермей болмайды. Айталық, олардың кейбірі: • Батыста туылған сәбиді құрсақ ананың зигота иелеріне қайтармау оқиғасы жиі кездеседі. Расында да, ұрық басқа біреудікі болғанмен өз қанымен қоректендіріп, тоғыз ай бойы қиналып көтерген, жан алып-жан берісіп барып толғатып дүниеге әкелген бауыр еті баласын кім басқа біреуге көзі қиып бере салсын? Қайтарған күннің өзінде бұл жағдайдың ананың ішкі жан дүниесіне, психологиясына қалай әсер ететінін дүниеге сәби әкелген аналар жақсы түсінер. Ана баласын табыстағаннан кейін өмір бойы оны санасынан өшіре алмасы анық. Ғұмыр бойы рухани күйзеліске түседі. Бала мен ана арасында өзара рухани тығыз байланыс болатындығын ешкім де жоққа шығара алмайды. Себебі, жаратылысының негізгі кезеңдерін бала ананың жатырында тәмамдайды. Рухы ананың жатырында беріледі. Құранда былай делінеді: «Расында, біз адамды нағыз (сүзілген) балшықтан жараттық. Сосын оны шәуеттің бір тамшысы күйінде мықты жерге орналастырдық. Сосын ол тамшыны алақаға (жабысқақ ұрықтанған клеткаға), сосын оны мудғаға (бір тістем ет бейнесіндегі жаратылысқа), сосын мудғаны сүйектерге айналдырдық, сосын сүйектерді етпен қаптадық, сосын оны басқа бір жаратылыс жасадық. Алла – ең керемет Жаратушы». Құранда баланың анасы ұрығын берген әйел емес, оны дүниеге әкелген жан екені айтылады: «Oлардың аналары – оларды дүниеге әкелгендер ғана». «Біз адамдарға әке-шешесіне жақсылық жасауды өсиет еттік. Анасы оны қиындықпен құрсағында көтеріп, сондай ауыртпашылықпен дүниеге әкелді...». «Әлсіреген үстіне әлсіреген күйде анасы оны көтерді». • Сәби өскеннен кейін әке-шешесіне қарсы шығып, өзін тапқан құрсақ анасына қайтамын деп қиғылық салған жағдайда не болмақ? • Бұған қоса, баланың пікірімен санаспастан оны туған анасына емес, жұмыртқа иесі әйелге тапсырылуына кім рұқсат берді. Яғни, әр сәби өзін туған анасының құшағында өсуге, ақ сүтін емуге құқылы емес пе? • Құрсақ ана алдын ала берілген қаржыны қанағат тұтып, өзгесін керек етпей ішіндегі баласын әдейі түсік қып тастаса ше? • Ал баланың түр-әлпеті ұнамаса немесе дене бітімінде бір ақау кездесе қаласа, тіпті, ешбір себепсіз балаға тапсырыс берген ұрық иелері баладан бас тартқан жағдайда баланың және құрсақ ананың жағдайы қалай болмақ? • Құрсақ ана өз өмірінде бірнеше жанұяның ұрпағын туып берсе, кейіннен ол балалары ер жете келе бір-бірімен үйленіп жатса қалай болады? Яғни, шешелері бір аға-қарындастар бір-бірімен тұрмыс құрып жатса қалай болғаны? Олай дейтініміз, құрсақ ана бәрінің бірдей анасы емес пе? • Құрсақ ана үйленбеген қыз болған жағдайда оның тұрмысқа шықпастан жүкті болғанын көрген ел не ойлайды? Бұл бәлкім діні бұзылған батыста ерсі болмағанмен, біз секілді зинаны үлкен күнә санайтын мұсылман елдерінде өте жиіркенішті қылық. • Қазір батыста табиғи жолмен өзі босануға денсаулығы жете тұрып, әйелдің баланы кестіртіп алдыруы сәнге айналды. Себебі, толғатып, қиналып туғанша кестіріп алдыра салу әлдеқайда оңайырақ. Бірақ қиналмай әкелген баланың анасына деген құрмет-ықыласының қаншалықты болары тағы белгісіз. Себебі, ана мен баланың арасында рухани байланыстың бар екені сөзсіз. Ол ғылыми зертханада білінетін нәрсе емес. Ананың аналығы да, қаһармандығы да оны тоғыз ай бойы қабырғасы қайыса көтеріп, қиналып босануында емес пе? Ал енді суррогаттық тәсілдің де бара-бара еріккендердің ермегіне айналмасына кім кепіл? Бала көтеріп қиналғысы келмейтін кей әйелдер баласын тауып беретін басқа біреуді жалдауды әдетке айналдыруы мүмкін ғой. Бұл – батыста кең етек алған ауру. Қазіргі күннің өзінде елімізде «Мен бала туып дене-бітімімді бұзғым келмейді», «жасым қырықта, баламды басқа біреу туып берсе... Өйткені, мен үшін жұмысым маңыздырақ» деп, орталыққа келетіндердің бар екендігін Қазақстандағы «Экомед» клиникасының бастығы Салтанат Берденқызы да айтуда. Сонда әйел ана болудан қашса, күйеу бөгде еркектің ұрығын өзінің әйелінің жатырына қойылуына намыстанбаса, оны ұят деп қабылдамаса, ағасының баласын қарындасы немесе анасы тағысын тағы жақын туысқандары туып беріп жатса бұл адам баласының азғындауы емес пе? • Жоғарыдағыларға қоса, сперма мен жұмыртқаны түтікшеде ұрықтандырғаннан кейін оны үшінші бір әйелдің жатырына қою жолымен дүниеге келген баланың жаратылыс, болмыс, мінез-құлық, психология, ақыл-есінің ақаусыз болатындығына ешкімнің кепілдік бере алмасы және хақ. Мұны алдағы уақыт көрсетеді. Бұл өз алдына зерттеуді қажет ететін тақырып. Қысқасы, суррогаттық тәсілмен дүниеге бала әкелу мейлі діни тұрғысынан болсын, мейлі адамгершілік жағынан болсын құптарлық іс емес екені айқын. Сондықтан Ислам ғұламалары бірауыздан қолдан ұрықтандырудың бұл тәсіліне «харам» деп анық пәтуа берген.

"Алаш айнасы"