БҚО-да қоршаған ортаны ластаған кәсіпкер 1 млрд теңге төлейді

sud11 Зеленов аудандық №2 соты қоршаған ортаны қасақана ластағаны үшін "Мұнайавтотранс" ЖШС директоры Аслан Мұқановқа қатысты үкім шығарды. БҚО сотының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, кәсіпкер 2010 жылдың наурызында жер қойнауын пайдаланушы "УралОйлЭндГаз" ЖШС-мен мұнай қалдықтарын шығару және жою жөнінде келісімшартқа отырған. Алайда іс басқаша өрбіп, зиянды қалдықтар полигонға жеткізілмей, Зеленов ауданы Рубежин, Дариян ауылдары маңына төгілген. 2010-2011 жылдары шығарылған қатты қалдықтар 946 текше метр және 2867 тоннаға жеткен. Сұйық қалдықтар көлемі 3493 текше метрді құраған. Жалпы келтірілген шығын көлемі - 911778912 теңге. Сот экологиялық қылмысқа барғаны үшін Аслан Мұқановты ҚР 278-бабы 2-бөлігі, 235-бабы 3-бөлігі және 228-бабы бойынша айыпты деп танып, оған үш жыл бас бостандығынан айыру жазасын белгіледі. Алайда "ҚР мемлекеттік тәуелсіздігінің 20 жылдығына байланысты рақымшылық туралы" Заңының 4-бабын қолдана отырып, жазасын өтеуден босатты. Сонымен қатар сотталушыдан мемлекет пайдасына 911778912 теңге және 27353367 теңге мемлекеттік баж салығы өндірілді. "Казинформ" ЖА