ҰБТ-дан 124 балл жинаған екі ақтөбелік түлекке көлік мінгізілді

altyn_belgi Ақтөбеде облыстық әкімдіктің алдында оқу жылының аяқталуына байланысты салтанатты шара өтті. Онда жыл бойы үздік оқу нәтижесін көрсеткен және ҰБТ-ны сәтті тапсырған түлектерге планшеттер мен жеңіл көліктер табыс етілді. Алаңға жиналған қауымды алдымен облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова оқу жылының аяқталуымен құттықтады. Ол өз сөзінде Ақтөбенің биылғы ҰБТ нәтижесі бойынша Алматы мен Астанадан кейін үшінші орынға ие болғанын тілге тиек етіп, осынау қуанышқа бөлеген барша ақтөбеліктердің еңбегін ерекше атап өтті. Облыс бойынша орташа балл 84-ті құрады. Одан кейін халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздарына, "Алтын белгілерін" сәтті қорғап шыққан 159 түлекке және ҰБТ-дан 123 балл жинаған 4 балаға планшеттер сыйға тартылды. Ал ҰБТ-дан 124 балл жинаған екі түлек ерекше сыйға бөленді. Оларға, яғни "Сымбат" жекеменшік мектебінің түлегі Айдана Мұратқа және дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың түлегі Жанар Болатаваға жеңіл көліктің кілттері табыс етілді. "Казинформ" ЖА