Депутат ақбөкен етін сатуды ұсынған министрді сөзін қайтып алуға шақырды

pic_4e22423e895c623d791b7a4d02bc0de6 Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл ақбөкеннің етін өнім ретінде базарда сату туралы Қоршаған орта мен су ресурстарын қорғау министрі Нұрлан Қаппаровтың сөзін сынға алды. "Ақбөкен кең жазира қазақ даласының еркесі, сұлуы! Сондықтан халқымыз ежелден ақбөкен мен ақ­қу­ды қастерлеп, екеуін де кие тұтқан", - дейді халық қалаулысы "Айқын" басылымына берген сұхбатында. Демек, Қор­шаған орта мен су ресурстарын қорғау министрі Нұр­лан Қаппаровтың "таяудағы жылдары ақбөкеннің етін базарға шығарып, бизнеске айналдыруға мүмкіндік туады" деуі табиғатты пір тұтатын әрбір адамның ашу-ызасын келтіретін жайт. Сондықтан мен министрдің мұндай пікірімен келіспеймін. Басқа ет таппағандай, ақбөкеннің етін базарға шы­ғарып саудалау деген тіпті ұят. Сондықтан Қаппаров мырза, сөзін қай­тып алып, керісінше, ақбөкенді сақтап қалуға, оның басын миллионға ғана емес, сан миллионға жеткізуге күш салғаны абзал. Себебі ақбөкен – қазақ даласына біткен қасиетті де киелі жануар. Оның саны қан­шалықты өссе де, бізге көптік етпейді. Ақбөкеннің етін базарға шыға­рып, пайда тауып, ешкім пәтуа таппайды. Керісінше, бұл – дала еркесіне жа­салған қиянат болар еді. "Адал" тұтынушылар қауымдастығының төрайымы Артық Сейтқалиева: Өз басым ақбөкенді сойып, оның етін базарға шы­ғару дегенді түсінбеймін. Сондықтан мұндай ұсы­ныс­қа үзілді-кесілді қарсымын. Меніңше, ақбөкеннің етін барша жұрттың ас ретінде пайдаланбайтыны бел­гілі. Оның етін тек кейбіреулер ғана тамаққа қосып пай­далануға немесе асып жеуге құмар. Бұл – дұрыс емес. Өйткені Қазақстанда құдайға шүкір, қой мен жыл­­қы, сиыр жеткілікті. Егер осы малдардың еті жетіс­пей­тін болса, оларды шетелге экспортқа шығармас едік. Таяуда сиыр етіне ай­налдырылған "доңыз (шошқа) еті Қытайдан Қазақстанға келе бастады" де­ген пікірді естідім. Мұндайға тіпті жол беруге болмайды. Өйткені Қазақ­стан – мұсылман елі! Сондықтан шеттен келетін етке және басқа да тағамдарға – ветеринарлық бақылауды күшейту қажет. Ал ақбөкеннің етін базарға шығаруға жол бермеуіміз керек. Керісінше, ақбөкенді қорғай білейік! Медицина ғылымдарының докторы, профессор Жәңгетхан Абылайұлы: Біріншіден, Алатаудан Алтайға, Алтайдан Аты­рау­ға дейін кең тараған ақбөкен біздің баға жетпес бай­лығымыз. Байлық болғанда, ол – бизнес үшін жа­ратылған жоқ. Өйткені ақбөкен – қазақ үшін киелі аң! Сондықтан ата-бабаларымыз о, бастан ақбөкенді атуға тыйым салған.Ал енді одан "бизнес жасап, пайда таба­мыз" деу үлкен қателік. Екіншіден, ақбөкен етінің адам денсаулағына қаншалықты пайдалы немесе зиян екен­дігі әлі күнге дейін ғылыми тұрғыдан зерттелмеген. Сондықтан дәл қазіргі күні "ақбөкеннің еті адамның денсаулығына соншалықты пайдалы, болмаса зиян­ды" деп айту өте қиын. Үшіншіден, ақбөкен - Қазақстанның бренді! Әзір­ге, Қазақстанда менің білетінім, мойындалған екі бренд бар. Оның бірі – көктемде жайқалатын сарғалдақтар мен қызғалдақтар, ал екіншісі – ақ­бөкен! Төртіншіден, ақбөкен Қазақстаннан басқа ешбір елде жоқ және кез­деспейді де! Сондықтан біз ақбөкенді киелі аң ретінде қастерлей біл­геніміз жөн. NUR.KZ