Назарбаева халықты баспанамен әдеттен тыс үміттендірмеуге шақырды

040672344 Қазақстандық шенеуніктерге халықты баспанамен қамтамасыз етуде оларды әдеттен тыс үміттендіруге болмайды. Бұл туралы бүгін "Нұр Отан" партиясының орталық аппаратында өткен "Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету жай-күйі мен перспективалары туралы" парламенттік тыңдаудың ұсыныстарын іске асыру барысы туралы" дөңгелек үстел отырысында ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары Дариға Назарбаева айтты. "Мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін баспана кезегіне биылғы 1 қаңтардың деректері бойынша 283 109 адам тіркелген. Мемлекеттің жылына 6 мың пәтер салу қажет деген жоспары бойынша кезектегі ең соңғы адам шамамен 44-45 жылдан кейін баспаналы болады деген сөз. Бұл бүгінгі күннің шындығы, сондықтан оны халыққа жасырмай айту керек. Олардың баспаналы болсам деген ойын әдеттен тыс үміттендірмеу қажет", - деді ол. Д.Назарбаеваның айтуынша, депутаттар бір жарым жыл бұрын халықты баспанамен қамтамасыз етудің қарапайым әрі тиімді тетігін ұсынған болатын, алайда жағдай жақсарған жоқ. "Біз бүгін қандай қорытынды шығара аламыз? Осы бір жарым жыл ішінде біздің ұсыныстарымыздың бір де біреуі орындалмады. Олар қағаз бетінде сол күйі қалды", - деді Мәжіліс төрағасының орынбасары. "Біз бүгінде мемлекеттік қазынаның мүмкіншілігі шектеулі екенін, белгілі бір мәселелердің бар екенін жақсы білеміз. Дей тұрғанмен, біз бұл мәселені шешетін айтарлықтай қарапайым әрі ақылға қонымды жолдарын ұсындық. Яғни, тұрмысы нашар отбасыларына арналған үшінші-төртінші деңгейдегі қымбат емес баспаналар, шағын отбасылық жатақханалар салып, типтік жобалар жасау қажет", - деді Д.Назарбаева. Оның айтуынша, бүгінде тек төрт облыс пен Астана және Алматы қалалары ғана шағын отбасылық типіндегі баспана салуды жоспарлауда. Басқа облыстар туралы ешқандай ақпарат жоқ. Айта кетейік, дөңгелек үстелге Парламент депутаттары, желгілікті және аймақтық атқарушы органдарының жауапты қызметкерлері, ҮЕҰ мен құрылыс компанияларының өкілдері қатысты. ҚазАқпарат