ТОЛҒАМЫ АЙДАЙ ЗИЯТТЫ

Кали Кейде іздей қалған адам белгілі журналист, ҚР Президенті сыйлығының лауреаты Қали Сәрсенбайды үлкен теннис корттарынан табар еді. Мұндайда бар ынта-шынтасымен ойын қызығына кірген қаламгер қара терге түсіп, тор қалақты оңды-солды құлаштай сермеп жүреді.

«Ойбайдан» ән шықпас, «Гөй-гөйден» күй шықпас. Тұншығып барамын, Қарағым, түндікті аш! Ғ.ҚАЙЫРБЕКОВ

Әйтсе де, бұл жолы бізді теннисшілік қырынан гөрі, әуелден туған жердің әрбір тасы, суы мен шөбінен сыр тартып дағдыланған Қалидың тұмса табиғатқа деген құштарлығы көбірек қызықтырып еді. – Әй, біздің Тәкіталдың өзінде әлемде жоқ небір ағаш өседі-ау! – деп тамсанар еді ол атамекені туралы толғанған тұстарында. Сөйтсек, Қалекең ауылында Тәкі ныспылы ақсақал өтіпті. «Қазақ көктің қасиетін білмейді» дегенге намыстанып, екі-үш гектардай жерге үлкен бау, алып саябақ орнатқан кісі екен. Осылайша қазақтың Мичурині атанған. Ал оның бау-бағы мен тал-дарақ орны «Тәкітал» есімін иеленген. Сол Тәкең қауыны мен қарбызы, қарақаты мен бүлдіргенінен бастап, жеміс-жидектің неше атасын өсіруімен бірге емен, үйеңкі, қарағаш, қайың, қарағай мен сәмбіталдан бөлек шөл даланың падишасы тораңғыға дейін жайқалтса керек қой. Міне, болашақ публицист-жазушы жастайынан сондағы жиырмадан аса тал бұтағының түр-түрін жинаумен әуестенеді. Кейінірек Арқа даласында өсетін арша бұтасын алдыра бастайды. Ағаш атаулының айналаны тазартып, маңайға шипалы жұпар шашып тұратын қасиеті әлімсақтан мәлім. Әсіресе, төңіректі зиянды газдан арылтатын арша фитоноциді қаншама сырқатқа дәру көрінеді. Демек, ежелден-ақ арша шырпысымен тіс шұқитын қазақ бірдеңені білген... Дүниеде ластық көп. Тіпті, Өнер мен Әдебиет атын жамылған қоқыс та жеткілікті. Осындайда, әлеуметті ертеден-ақ талғампаздыққа үндеп, адалдықты дәріптеуден танбай келе жатқан Қали Сәрсенбай сынды әріптестерді ойлайсың. Мәселен, кезінде оның «Тазалық пен тартымдылық тәңіриясы. Құстан асқан әнші жоқ» аталған мақаласы бірталай серпіліс туғызғаны есімізде. («Жас Алаш». №103. 16-шілде. 1998 жыл). Мұнда автор біртіндеп жайлап бара жатқан дәлдүріштікке алаңдайды. Қа­сиетті сахнаға кездейсоқ шығып кеткен жолбикелерге налиды. Биік Елдік мұраттар мен ұрпақ тәрбиесі туралы ой толғайды. Жалпы, Қали Сәрсенбай қа­ламынан туған «Өнер – өмiр», «Сендердi са­ғынғанда», «Тұлға – тағдыр», т.б. жинақтардың бәрінде Ұлт қамы, Ел мен Жер, Тіл мұңы, Өнер келешегі мәселелері сан алуан құбылыстар сырымен нәзік үйлестіріліп, шебер өріледі. Сондықтан, замандастарын ұдайы ізгілік жолына бастап, әсемдікке шақыратын Қалидай мамандарды нағыз Сұлулық жыршысы, шын Эстет дер еді. Қали Сәрсенбайдың біз білетін тағы бір әуестігі – баспасөз бетінде жарық көрген мақалалардың қиындыларын жинауы. Әлбетте, көзге түскен дүниенің бәрі жинастырыла бермейді. Мазмұны мен пішіні, көтерген мәселесі жағынан жұрт назарын айрықша аударған тартымды материалдар іріктеледі. Бүгін қаламгер қолында сонау алпысыншы жылдардың орта тұсынан бергі мақалалар қиындысымен қатар, қайсыбір басылымдардың тұтастай нөмірлері сақталыпты... – Қиыны – бұларды не тастай алмай, не қайда сыйғызарыңды білмей дал болады екенсің. Кейбірі әлдеқашан кітапқа да шығып кеткен. Сонда да көз қимайды. Осындай бір ерекше құштарлық, ынтызарлық бар. Тастасаң, барлық қасиет осылармен бірге жойылып кететін сияқтанады, – дейді өзі. Бұл да – өмірді өнер арқылы жақсартуға ұмтылатын үлкен Үйлесім жоқшысының теңізден маржан тергендей ықтияттылығының белгісі шығар. Құлтөлеу МҰҚАШ