"Дәрхам сарай"

Тәуелсіздік тірегінің бірі –  қазақтың төл теңгесі 

тенге Қаржы әлемінде жиырма бір жыл ғана ғұмыр кешсе де ұлт санасына орасан зор ықпал еткен, ұлттық рухты оятқан, ұлттың өз тағдырына деген сенімін оятқан қазақ ақшасы турасында осы уақытқа дейін түрлі қаржы журналдары ғана жазды және оны қаржы конъюнктурасы тарапынан ғана сараптап келді. Бүгін біз ұлттық валютаны тарих субъектісі ретінде жаңа қырынан пайымдап, қазақ ақшасының қилы тарихи тағдыры, оның ұлттық мәдениеттен алар орны жайында әңгіме өрістетпекпіз. Қазақ ақшасының тағдыры жайында толғанардан бұрын, ең әуелі жалпы ақшаның табиғаты жайында, оның адамға, мәдениетке, адамзат тарихына ететін ықпалы; ақшаның адамзат тарихынан алатын орны жайында әңгімелеген дұрыс шығар. Ежелден қаржы-қаражат, ақша­ның этикасы бір-біріне қарама-қарсы екі пікірден тұратын еді. Бірін­ші­сінде ақша адамды аздырып-тоздыру үшін әзәзілдің жарат­қан нәрсесі ретінде көрініс табады. Адам осы ауыр несібені түгендеумен жүріп, осы жолда бүкіл өмірін, қажыр-қайратын сарп етеді-мыс. Екінші пікірде ақша – бүкіл адамзат өркениетін қозғалысқа келтіретін ең негізгі тетік. Тауды да, тасты да қопаратын, өзенді бұрып, көлді көркейтетін, құла медиен далаға оты шалқыған қаланы да салатын – ақша. Мыңдаған жыл дамудың барысында осы қайшылықты екі пікір, екі таным, әрқайсысы өзіне ғана тән уәж бен дәлел жүйесін, өзіне ғана тән әдебиет кешенін қалыптастырды. Таңғажайыбы, қай пікірге жүгінсең де айтылар сөздің байыптылығы, уәжділігі сондай, қайсысы болсын нандырады. Содан басқа көзқарастың болуы мүмкін емес екеніне, жалғыз ғана ақиқат сол екеніне сенесің. Ойымызша, бұл жерде ақшаны мына дүниенің өзіндей жалған қылып көрсету, мал табудың, ақша табудың жолындағының барлығын бекер, барлығын зая қылып көрсету дағдысы жалған ілімдерден жұққан сияқты.. Мысалға, осы орайда дінге жүгінетін болсаңыз, оның ақшаны күстаналамайтынын көресіз. Дін ешқашан да дүниенің қызығын көрме, аш-жалаңаш жүр деп уағыздамайды. Егер де ол нағыз дін болса, әрине. Бұндай «философияны» тарататындар – белгілі бір догматтарды пайдаланып, өзінің әлдебір мақсаттарын іске асырғысы келетін жекелеген адамдар. Дін тек дүниенің, ақшаның құлы болма, бақиға аттанғанда оның барлығы қолдың кіріндей сыпырылып, осы фәниде қалатын нәрселер дегенді ғана айтады. Қазіргі бүкіл ментальдік кеңістікті алып, тарам-тарам болып жатқан ағымдардан аттап, алғашқы ой үлгісіне барсаңыз, көне этиканың ешқашанда байлық пен ырыздыққа, ақшаға қарсы емес екенін көресіз. Дәстүршілдік ілім (традиционализм) адамзат танымының аясын кеңейтті, бұрын тылсым, шешімін таптырмайтын жұмбақ болып келген көптеген құбылыстардың сырын ашты. Алайда, дәстүршілдік дүниетаным да қатеден ада емес. Араб дүниесіне кетіп шейх Яхья атанған француз Рене Генон өзінің «Қазіргі дүниенің дағдарысы» («Кризис современного мира») атты кітабында ақша туралы айта келе, оның (ақшаның) о баста сакральдік мағынада қолданылғанын, ал кейіннен дүние бұзылып, заман азғаннан соң тек қана санның көрсеткіші болып қалғанына меңзейді. Аталған тамаша зерттеудің ең осал тұсы да осы. Р.Генон дүниенің бір орнында тұрмай үнемі қозғалыс үстінде болатынын, заманның барған сайын кемелденетінін, осыған сәйкес ақша қатынасының да күрделенетінін есепке алмайды, мойындамайды. Эсхатологиялық, ақырзамандық сананың кемшілігі осында. Осы орайда «Мың бір түн» сияқты әйгілі новеллалар жинағын тілге тиек еткенді жөн көрдік. Бұл таңғажайып туынды төңірегінде әлемдік ғылымда пікір көп. Бір топ ғалымдар «Мың бір түн» – халифат құрылғаннан кейін сарай маңындағы филологтар әміршілерге ұлағат ретінде топтастырып шығарған тәрбиелік-дидактикалық жинақ дегенді айтады. Көзіқарақты адам басқа да толып жатқан қайшылықты пікірлерді табар еді. Бұл жерде біз тағы да традиционалист ғалымдардың көне ілімдер, алхимия жайлы пікіріне сүйенеміз. Пайымдауымызша, «Мың бір түн» – ілкі дәстүрден жеткен әфсаналардың жиынтығы. Жинақта бір ерекше хикая бар. Күнде азғантай ғана балық аулап, үйелменінің нәпақасын айырып жүрген балықшының торына күндердің күнінде су адамы ілінеді. Ұзын сөздің қысқасы, екеуі танысып, балықшы суасты еліне барады. Сонда суасты қалалары тұтас алтыннан салынған екен, көшелерінде гауһар мен лағыл, зүбәржат сияқты асыл тас біздің көшедегі жай тас сияқты шашылып жатыр екен. Сондай-ақ осы «Мың бір түн­нің» бірінші кітабының басында тұрған бірінші ертегіде де суасты елінің Самандыл деген патшасы гауһар­ды дорбасымен шашады емес пе? Ойымызша, ежелден ақшаның қадірін білген Шығыс елінің арманы осы ертегілердегі қисапсыз бай­лық­тан айна-қатесіз көрініс тапқан. Кейде шындық пенен қиял бір-бірімен сәйкес келе береді. Бірақ біздің айтайын дегеніміз бұл емес... Ойымызша, осы көне әфсаналардағы суасты қисапсыз байлық, Халиф Әбу Мерван іздеген («Мыс қала» ертегісі), құм басқан, іші алтын-күміс, гауһар мен лағылға толы қалалар – бұның бәрі шындық. Біреулер мұныма күмән келтіруі мүмкін. Әлемдік ғылымда «атланталогия» деген арнайы сала бар. Баяғы Платон айтқан Атлантиданы, дәлірек айтқанда, Атлантиданың қисапсыз байлығын әлі күнге дейін қисапсыз адам іздеп келеді. Ал әр кезде теңіз шайып әкеліп тастаған, жердегі бірде-бір ақшаның үлгісіне ұқсамайтын саф таза алтыннан, платинадан құйылған, біз үшін беймәлім мөр-символдары бар ақшаны, алтын тиындарды қайда қояр едіңіз? Осы алтын, платина ділдаларға қарап оты­рып, көне дүниенің, ілкі дәстүр дүние­сінің ақша туралы түсінігі өте жоғары болғанын пайымдау қиын емес. Дәстүрлі дүниеде ақша инфляциясы болған ба? Жоқ, болмаған! Себебі, дәстүрлі дүниенің ақшасы­ның өзі – тауар. Алтын мен платинаны осындай дәрежеде тазалау қазіргі технологияның ғана қолынан келеді. Ал таза, мінсіз, саф алтын ешқашан құнсызданбайды. Қалай ойлайсыз, құрметті оқырман, осындай кемел дамыған дүние, ақша жүйесі мінсіз қалып­тасқан дүние неліктен қираған, неліктен су астына кеткен? Ғалымдардың барлығы дерлік Атлантиданың экологиялық апаттан құрығандығын айтады. Көптеген аралары алшақ жатқан алшақ мәдениеттердің мұрагерлері болып саналатын халықтардың күнтізбелері ұқсас болып келуі, тағы басқа ұқсастықтар о баста адамзаттың бір нәсілден тарап, бір мемлекеттік жүйеге бағынғандығын дәлелдейді. Нәсілшілдік пен ұлтшылдық кейіннен, бағы асқан халықтардың басқаларды қанау үшін, біреуді жоғары, біреуді төмен қою үшін ойлап шығарған нәрселері. Яғни, қорытып айтсақ, о бастағы біртұтас жүйеде тең сауданың, адал айырбастың құралы болған ақша кейіннен байлықтың, бақ асырудың және соның нәтижесі – күштінің әлсізді жеуінің құралына айналды. Р.Генон еңбектерінің өзекті ойы да осы. Алайда сол ілкі дүниеден кейін келген мына біздің дүние, біздің тарих барысындағы ақшаның қилы тағдыры да адамды еріксіз еліктіріп әкетеді. «Мың бір түнді» былай қойғанда, кейінгі заманда қаншама жазушы осы байлық, алтын, ақша тақырыбына қалам тербеді. Алтын, ақша, жалпы қазына, байлық жолындағы қилы хикаялар әлем әдебиетінде арнайы жанр болып қалыптасқан. Қаншама роман, повесть, қаншама әңгіме, дастан. Қисап жоқ. Осының өзі озық ойлы адамдардың да алтын, байлық тақырыбына немқұрайды болмағандығын көрсетеді. Түптеп келгенде, ақша жай ғана байлық емес. Ол аса көп болғанда ғана байлық болып саналмақ. Ал шындығында ақша – күнделікті тіршіліктің өзегі. Біз «Аштық және соғыс» («Голод и война») атты мақаламызда осы тақырыпқа соғып кеткен едік. Адам туғаннан өлгенге дейін тек тіршілік соңында ғана жүреді. Өнердің, шығармашылықтың, кәсіптің барлық түрлері ақиқатында күнкө­рістің ғана амалдары. Ал өркениет – осы күнкөрістің қамы кезінде жолшыбай пайда болатын нәрсе. Мәдениетті, өркениетті деген адамның қым-қуыт тіршілігі, түптеп келгенде, трефотаксистің, нан табудың күрделенген түрі. Біз ақшаны, қазына мен байлықты неге өмірдің, тіршіліктің өзегі дейміз? Себебі, ақша – адамның күнделікті қорегінің эквиваленті. Ақша болмаса ештеңе де ала алмайсыз. Себебі адамзаттың, адамзат мәдениетінің, адамзат өркениетінің даму логикасы осылай болды және осылай бола бермек. Сұлтанмахмұт ақын айтпақшы, өмірдің, тарихтың ағымына «Қаһарман Рүстем, Әли де бұрам деп жолда тұра алмас». Барлық кертартпа танымдар байлыққа, дәулетке қарсы болған, себебі қолында ақша, байлық болса, сатып алуға болатынның барлығын сатып аласың. Аталмыш танымдар, түптеп келгенде, өмірге, тіршілік атаулыға қарсы болды, сол себепті тіршіліктің бір өзегі болып саналатын ақшаға қарсы болуға мәжбүр еді. Ақша алғашында байлықтың белгісі емес, адал айырбастың құралы болды дедік. Одан кейін, заман өткеннен соңыра, даму барысында байлық пен бақ асырудың, біреудің біреуді қанауының құралы болды дедік. Ал қазіргі заман ақшаның енді бір табиғатын – адамды еркіндікке, бостандыққа жеткізетін қасиетін ашты. Келісесіз бе, келіспейсіз бе, бірақ заманның ағымы осыған әкеп тіреп отыр. Әрине, ақшаның бұл қасиеті бұрыннан белгілі болған, тек, шамасы, ой әлемінде, көркем әдебиетте арнайы тақырыпқа айналмаған. Қарапайым ғана мысал. Сіз музыканы үйренгіңіз келеді дейік. Алайда шын мәнісіндегі терең, кемел музыканы түйсініп үйрену үшін рухани тәртіп керек. Ал рухани тәртіпке үйрену үшін арнайы тәрбиеден өту керек. Ал ол үшін адамға уақыт керек. Адам аш болмау керек, күні-түні нан табудың әуресімен жүрмеу керек. Яғни, адамға рухани дүниеге жетілу үшін еркіндік керек. Ол еркіндікке қалай қол жеткізесіз? Тек, ақша арқылы ғана. Адамның қолында жеткілікті қаржы болса, рухани тәрбиеге уақыт та, тәрбиеші де, қысқасы, барлық мүмкіндік табылады. Сондықтан біз пақырлықты, кедейлік пен жоқшылықты уағыз­дай­тын қандай да болмасын фило­софия­ға қарсымыз. Байлыққа, дәулет­ке қарсы қандай да ілімді, түптеп келгенде, адамдық бақытқа, өнер мен мәдениетке, пенденің қысқа ғұмырындағы азғантай ғана қуаны­шына қарсы ілім деп бағалаймыз. Осы орайда ертеректе оқыған бір хикая есіме түседі. Үндінің Ауренгзеб деген патшасы ән менен күйдің жауы болыпты. Одан бұрынғы патшалар ән-күйге ыңғайын бермесе де, шаһарда ән айтылып, күйдің тартылғанына тыйым салмайды екен. Ал Ауренгзеб Делидің көшесінде ән-күй естілсе болды, музыканттың басы шабылсын деген жарлық шығарады. Әлбетте, Дели мың жылдық астана, өнер мен мәдениеттің ошағы, ондағы өнер, ән мен күй қалай тыйылсын. Ақырында бірқатар өнер адамдарының бастары шабыл­ғаннан кейін, әнші-күйші атаулы бірнеше мың адам болып патшаның сарайына келеді. Қолдарына табыт ұстаған екен. Ауренгзеб балконға шығып табытты көреді де: – Кім өлді? – деп сұрайды. – Музыка өлді, – дейді өнер­лілер. – Ал өлтірген сенсің. – Жақсы, – дейді Ауренгзеб. – Өлгені жақсы болған екен. Енді тереңірек көр қазып, ешқашан жер бетіне шыға алмайтын қылып көміп тастаңдар. Қанша өнерпаздың көз жасына сол патша иілмепті, керісінше жарлығын қатайта түсіпті. Аталған оқиға болды-болмады, әңгіме онда емес. Әңгіме – аталған антигуманистік танымдардың, бұл өмірдің қызығы мен шыжығына, қуанышы мен бақытына қарсы екендігінде. Осы күні біздің мәдениетті, өскелең деген заманда да осындай «философияның» ізі әр жерден байқалып қалып отырады. Бір музыкалық жоғары оқу орнында оқып жүрген бір топ студент «Ән мен күй – шайтанның ісі» деп бір-ақ күнде домбыраларын лақтырып, өнерден жеріп шығыпты. Біздің заманда бұндай жабайылық қалай орын алды – бұл – таңғажайып, дені дұрыс адам қабылдай алмайтын шындық... Әлбетте,с ебепсіз ештеңе болмайтыны белгілі. Бұл әңгіменің артында үлкен себеп, қат-қабат астар бар. Көне Шығыста саз өнерімен негізінен әйелдер айналысатын болған. Осы жерде айта кетейін, «жезөкше» сөзінің Батыс пен Шығыстағы мағыналары басқа-басқа, аралары жер мен көктей. Батыстағы жезөкше – тәнін сатып ақша табатын әйел. Ал Шығыстық кәнизак – білімді, өнерлі әйел. Оның үйі – поэзияның, музыканың, тағы да қаншама толып жатқан өнердің ордасы. Жапон гейшалары да өнерлі, білімді әйелдер болған. Көне Юнанда (Грекияда) «гетералар» деген әйелдер институты болған. Ескендір Зұлқарнайынға рухани тәрбие берген адамдардың бірі афиналық Таис – осындай білімді гетера. Сонымен, Шығыстың кәнизагы – ол жезөкше емес екен. Ол өнердің, білімнің ұйытқысы дедік. «Мың бір түндегі» Шахаризада естеріңізде болар. Әйелдің бір түн қы­зығын көріп таң ата басын шауып отыратын қаһарлы патша Шах­рабазға бір мың бір түн адамдық ізгілік жайлы мысал ерте­гілер айтып, ақырында иманға кел­тірген сол Шахаризада да – кәнизак. Ал енді ескі үнді елінде корольдер ұлдарын осы кәнизактардың тәрбиесіне береді екен. Ол жерде болашақ әмірші этикет, музыка, ізет пен әдептің салттарын үйренетін болған. Себебі, патша осының бәрін білуі керек. Алайда, кейіннен үнді елінде басқа көзқарастар үстемдік ете бастады. Енді өнердің ордасы болған кәнизактың үйі харам ордаға айналды. Адамдар кәнизактардан ғана емес, музыкадан да, өлеңнен де, жалпы өнер атаулыдан қорқып, теріс айналатын болды. Осылайша саз өнері «шайтанның ісіне», «шайтанның әуезіне» айналды. Мінеки, Ауренгзебтің ән мен күйге қарсы болатын жөні осыдан. Тура осындай болмаса да, осыған ұқсас философияны Совет идеологиясы да уағыздады. Адамның жақсы, сапалы мүлікке, әдемі киімге, байлыққа, барлыққа ұмтылуын «мещандық», «совет адамының моральдық келбетіне жараспайтын азғын қылықтар» деп табалады. Яғни, диуана сияқты қолына ілінгенін киіп, алба-жұлба болып жүру, қалтада ақша болса да қайыршының күнін кешу- биік адамдық қасиет саналды. Бірақ кейінгі мыңдаған том әшкере әдебиетті оқысаңыз, Кремльдің «пайғамбарлары» пақырлық пен қайыршылықты уағыздағанмен, өздері өте жақсы киініп, өте жақсы тамақ ішіп, шетелден алынған тұрмыстың ең соңғы аса бай мүліктерін тұтыныпты. Пақырлық идеологияда еш­қандай логика жоқ. Жоқшылықта, кіріп­тарлықта жүрген адамның кітап оқуға, саз өнеріне елтуге уақыты да болмайды. Пақырлықты уағыздау – түптеп келгенде, рухани қа­йыр­шылықты, құлдықты уағыздау. Туа біткен ақын, сазгер, суретші болатыны сияқты, туа біткен дәулет жаратушылар болады. Олардың қандай да болмасын қиыншылыққа қарамастан тақыр жерден игілік пен дәулет өндіру қабілетін ақындық немесе сазгерлік таланттан да биік таңғажайып қасиеттер дер едім. Мысалы, Америкада Генри Форд деген болған. Сіңірі шыққан кедей әулетте туған бала ақырында әлемді билеген дәулетті адам болды. Автомобиль өндіру тарихында оның аты алтын әріппен жазылып қалды. Оның бойында осы өзіміз айтып отырған, жоқтан бар жасау, материалдық байлықты өндіруге деген ерекше қасиет болған. Байлықты жарату, ақшаны жарату – өлең жазудан, сурет салудан өлшеусіз қиын жұмыс. Біз «социалистік лагерь» деп аталатын елдер өзіміздің бір ғасырға толмайтын тарихымызда Батыспен, капиталистік жүйемен күресіп келдік. Енді құлдық ұйқыдан оянып, сол капиталистік елдердің озық технологияларына тәуелді болып отырмыз. Батыс қалайша бізден озды? Өйткені олар Генри Форд сияқты адамзаттың дәулетін еселеп өсірген адамдарды дәріптеді. Ақшаны, байлықты, осыдан келіп шығатын жақсы тұрмысты дәріптеді. Соған ұмтылды. Соның арқасында байлыққа, бақытқа жетті. Ал біз бүгін солардың қалдықтарын лақтыратын елдердің қатарына еніп отырмыз. Неге? Себебі, советтік идеология байлықпен, барлықпен, жақсы тұрмыспен күресті, қайыршылық пен пақырлықты уағыздады. Жүйеге көнбей жақсы тұрмысқа ұмтылғандарды аямай жазалады, атты, асты. Міне, советтік режимнің ең ауыр қыл­мысы осы, «гомо советикус» деген адамды, тонаушыларға қолдарын­дағы барын беріп, қорлық пен қайыршылықтың қандайына болса да төзіп отыра беретін адамзат нәсілін өсіріп шығарғандығында. Оның бойындағы еңбекке, өмірді жақсартуға деген ынтаны өлтіргендігінде. Құдайға шүкір, қазір біздің халық есін жиып, қайтадан жарыққа ұмтылып келеді. Советтік мифтер санадан ақырындап өшіп бара жатқан сияқты. Халық өзінің қабілетіне сене бастаған. Сырттан келіп ешкімнің де көмектеспейтінін, адам өз бақытын, өз байлығы мен дәулетін өз қолымен, өз еңбегімен, ақыл-ой, қажыр-қайратымен жасайтынын түсінген. «Тарих деген – қу соқпақ, аралайды талайды» дегендей, осы орайда қазақ ақшасының ескі тарихын еске түсіргіміз келіп отыр. Ежелден бері қазба жұмыстары кезінде даладағы көне обалардан табылған скифтің ( қондыгер-қаңлының) «жабайы сымбат» («скифский звериный стиль») үлгісінде жасалған мұраларының алтыны – өте жоғары сапалы алтын. Ағаштан жасалған мүсіндердің сыртындағы жұқа қабыршақ алтын – біз білетін сары алтын емес, әлдебір көкшіл нұр шашқан алтынның ерекше түрі. Кейбір ғалымдардың пікірінше, бұл кеніштен өндірілген алтын емес. Бұл – алхимиялық жолмен өндірілген алтын. Осыған қарап отырып көне бабаларымыздың алтын, қазына, байлық жайындағы түсінігі өте жоғары болғандығын пайымдау қиын емес. Мистикалық тарих тұрғысынан қарайтын болсақ, түріктердің Алтайдан шығып Еуразияның ұлы даласын жайлауы да осы, бүгінде адамзаттың санасынан өшкен әлдебір көне мұра үшін күресі болуы да мүмкін. Ол мұра ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті ме, әлде король Артурдың қазынасы сияқты бір жерде көмулі жатыр ма? Бұл сауалға әзірше ешкім жауап бере алмайды. Әрине, сакральдік (киелі) қазына бір бөлек те, адамның күнделікті тіршілігіне керекті қаржы мен ақшаның жөні бір бөлек. Ежелден сахарада моншақтай тізілген саудалы, базарлы кенттер Жібек жолының ұлы даладағы басты тіректері еді. Осы қалалардан табылатын алтын ақша, бұл жердің сауда орталығы болғанын тағы бір рет дәлелдейді. Ақшалардың мөріне қарап Отырар және тағы басқа ірі қалаларда дәрхам сарай болғанын жорамалдау қиын емес. Осы орайда оқырмандарға «дәрхам сарайдың» не екенін түсіндіре кеткенді жөн көрдік. Шығыстың ежелгі ортақ терминологиясы бойынша «дәрхам сарай» – ақша өндіретін орталық. Бұрынғы кеңес ұғымында – «Монетный двор». Совет заманында ақша «Госзнак фабрикасында» жасалса, Шығыстың көне ақшалары «дәрхам сарайда» өндірілетін болған. «Мысқал» (2 грамм) сияқты өлшемнің болғанын еске түсірсеңіз, дәрхам сарайдағы ақша жасауға қажетті қымбат металдарды шеберлер қандай дәлдікпен құйғанын көзге елестету қиын емес және өз заманына лайық үлкен өндіріс болғанға ұқсайды. Себебі, дәрхам сарай миллион халқы бар түрік қағанатына ғана емес, сыртқы саудаға да қажетті ақшаны жеткілікті көлемде өндіріп отырған сияқты. Қазақтың көне ақшасы алтын ділда, салмағы жағынан да, сапасы жағынан да, халықаралық беделі жағынан да сол кездегі Шығыстың айтулы ақшасы – алтын динардан ешбір кем болмаған. Әрине, бұл тарапта да, мемлекетаралық ақша қатынасында небір қулық-сұмдықтар болған сияқты. Мысалға, Дешті Оғыз, Дешті Қыпшаққа келген Шығыс саудагерлері салмағы ауыр алтын ділданы өз еліне алып кетіп, сол жақта қайтадан балқытып, бір ділдадан екі немесе кейде мыс араластырып үш динар жасайды екен... Яғни, алтынының салмағы аз, ал номиналы үлкен ақша жасауға тырысқан. Әрине, кейіннен түріктің өз сауда корпорациялары қалыптасып, бұндай айла-шарғыларға тыйым салынған болуы мүмкін. Кейде «қазақтың өз қаласы болса қайда, өз ақшасы болса қайда» деп кемсіткісі келетіндер кездесіп жатады. Бұл тұрғыдан келсе Шығыстың көне ақшаларын да қазір тек музейден табасыз. Халықаралық сауда кезінде шетелге кетіп, сол жақта балқытылып басқа елдің ақшасына айналса, қазақтың ділдасы жойылмағанда қайтеді. Қазақтың өзінің ұлттық валютасын өндіретін дәрхам сарайлары 17-ғасырдың орта шеніне дейін өмір сүрген. Содан соң қалмақтың ең жойқын жорығы кезінде қазақтың Жібек жолы бойындағы барлық қалалары қиратылды. 1723 жылы «Ақтабан шұбырынды» басталғанда қалалық мәдениеттің соңғы жұрнақтары жойылды. Қазақта ақша ғана емес, қаржыландырудың, қазіргіше кредит дейміз ғой, заманына лайық түрлері болған сияқты. Мысалы, қазақта осы кейінгі уақытқа дейін өмір сүріп келген несиенің бір салты бар. Біреуге ақша керек болады. Алатын жері жоқ. Сонда әлгі мұқтаж адам өзінің танитын бір адамына барып, оның несиеге кепіл болуын өтінеді. Несиеге кепіл – өте беделді адам болуы керек. Кредитордан ақшаның сомасын сұрап алып бергеннен кейін енді ол қарыздар адам үшін, оның қарызы үшін өз малымен жауап береді. Егер де алдыңғы адам қарызын қайтара алмаса, несиенің кепілі болған адам өз малымен қарызды өтейді, бірақ енді қарызын қайтара алмаған адам бұның қарыздарына айналады. Содан кейінгі қызықты қараңыз. Арада тағы біраз уақыт, мысалы екі-үш жыл өткеннен кейін, енді «малдың өсімі» деген қарыз қосылады. Бүгінгі тілмен айтсақ, «проценттік ставка». Бұл – «қазақ ақша санай алмайды», «қазақ пұл санай алмайтын мәжуси» деген мифті теріске шығаратын дерек. «Малдың өсімі», қала мәдениетімен таныс байырғы қазақтың процентпен жұмыс істегендігін көрсетеді. Бұған Отырардағы математика ғылымының өте биік деңгейде дамығандығын қосыңыз. Осы жерде аталарымыз айтқан бір қызық дерек есімізге түсіп отыр. Мысалы, екі тұқым туыспақ болып құдалық сөйлесіп, малдарын айдап әкеп тастады дейік... Бесік құда деген болған ғой. Алайда сол қыз балиғатқа толғаннан кейін біреумен қашып кетті дейік. Содан амал жоқ, екі тұқым малдарын ажыратады. Сонда қызын баға алмай айырылған, жығынды болған ел малды неше жылғы өсімімен қайтарады екен. Осы өсім процент емей немене? Түрік-қазақ қоғамы өзінің табиғи ырғағымен дамығанда жоға­рыда аталған несие мен кепілдік жүйесі күндердің күнінде қағаз ақшаның тууына әкеліп соғатын еді. Бірақ амал бар ма. Еуразия далаларында мың жылға созылған қырғын, болашақта өркен жайып, осы кең сахараны лықа толтырмақ өркениетті түбірімен жойып кетті. Түптеп келгенде, адамзат тарихының көптеген жұмбақта­рының шешімін іздесеңіз, осы қаржы-қаражат тарихынан табар едіңіз. Көне сауда жүйесінің өзінде аккредитив болған. Мысалға, сіз Испаниядан Қытайға немесе басқа бір Шығыс еліне барып сауда жасағыңыз келеді. Осы Испаниядағы банкке, мысалы, 20 килограмм алтын өткізіп, аккредитив аласыз. Межелі жерге барғаннан кейін аккредитивті қайтадан банкке өткізіп ақшаңызды аласыз да, саудаңызды жасайсыз. Өте ыңғайлы. Алайда 13-ғасырдың басында басталып, пәленбай ғасырға созылған қисапсыз соғыстар Көне Шығыс мәдениеттерінің барлығын тұралатты. Шығыстың күні батты. Дәулетті тұқымдар, банкирлердің әулеттері мазасыз, қанды, даулы өлкеден ауып, Батыс дүниесіне аттанды, сол жаққа қоныстанып жаңа тарихты, жаңа дүниені жаратты. Бұл жаңа дүние қалай жаратылды – ол ұзақ хикая, кейін айтылар басқа әңгіменің тақырыбы. Қазақтың ұлттық валютасы, өзінің дәрхам сарайларында тайтұяқтардан балқытып құйылған, төрт ғасыр бойы түрік қағанатының, бес ғасыр бойы Қазақ Ордасының саудасын – бүкіл экономикасын көркейткен алтын ділдасы 1723 жылы әлемдік қаржы-финанс сахнасынан кетіпті, тарихтан өшіпті. Дүниенің әр тарабына шашылған ділданың қалдықтары балқытылып, динарға, рупийге, сәбилердің кеудешесіне тағылатын тұмарға айналыпты. Қазақта сол баяғы ескі дәуреннің шежіресіндей Ділда, Теңге деген әйел есімдері, Ділдабек, Теңгебай деген ер есімдері қалыпты. Содан кейін қазақтың байы, иен сахарада еселеп қанша мал өсірсе де, сауда ісінде, қалалары бар, өзінің ақша жүйесі бар көрші отырықшы елдерге тәуелді болыпты. Сандығына сарттың күмісі мен алтынын жинапты. Кейіннен Ресей империясының теліміне түскеннен кейін орыстың рублін жинапты. Совет кезеңінде Лениннің басы салынған совет ақшасын жинапты. Ақша өзінікі болмағаннан кейін, дәулетке, байлық пен барлыққа жетіле алмай кіріптарлықта күн кешіпті. Міне, XVIII ғасырда өлген қазақ ақшасын 270 жылдан кейін тірілтуді құдай қазақтың тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың маңдайына жазған екен. Естен кетпес оқиға еді. Әлі есімде, 93-ші жылдың қараша айының бір күні болатын. Алдында ғана Президент теледидардан жаңа ақшаның үлгілерін көрсетіп, халықты ақша айырбасы кезінде сабырлы болуға шақырған. Дүкенге қапшығымен апарса да түк ала алмайтын ескі ақшаны ұлттық валютаға айырбастап, көшеге шыққанда, мен мүлдем басқа адам едім. Дүкенге келдім. Кеше ғана советтің ортақ қайыршы базарында түк те жоқ сияқты еді. Енді құстың сүтінен басқаның бәрі де тұр. Әрине, содан бері пәленбай жыл өтті, халықтың санасы ұлттық валютаға әбден төселді, көзі үйренді. Бірақ алғашқы сүйініш күндері көңіл-күйіміз осындай еді. Бүгін де солай. Ақшаның 21 жыл бұрынғы үлгілері өзгерді. Қазақ ақшасы жетілді, кемелденді, құны артты. Бүгінде қазақтың теңгесі аймақтағы жүріп тұрған төрт ақшаның бірі, «Азия доллары» деген бағаға ие болды. Таласбек Әсемқұлов