ӨЗГЕГЕ ОР ҚАЗБА, ӨЗІҢ ТҮСЕСІҢ...

Рахат

«Рахат өмір бар да, Рахаттың өмірі бар» 

...Бәрі қуанып кетті... ...Қазақстанның Австриядағы бұрынғы елшісі, Қазақстан Президентінің бұрынғы күйеубаласы,  2007 жылдан бері шетелде жасырынып жүрген Рахат ӘЛИЕВ Австрия астанасы Вена қаласында 5-маусым күні кешке тұтқындалыпты. Бұл хабарды естіген біраз адам иығынан ауыр жүк түскендей «уһ» деп терең тыныс алды... Бұған дейін Қазақстан соты Рахат Әлиев пен Ұлттық қауіпсіздік қызметінің бұрынғы төрағасы, «Әлиевтің сыбайласы» деп сипатталатын Әлнұр МҰСАЕВты ««Нұрбанк» топ-менеджерлері ЖолдасТЕМІРӘЛИЕВ пен Айбар ХАСЕНОВты ұрлаған және тағы бірнеше қылмыс жасаған» деп айыптап, екеуін ұзақ мерзімге соттау туралы сырттай үкім (жиыны 40 жыл) шығарған болатын. Қазақстан билігі Рахат Әлиевке «адам өлтіру және кісі ұрлаудан» бөлек, «қылмыстық топ құрып басқарды, мемлекеттік төңкеріс жасауға тырысты, мемлекетке сатқындық жасады» деген де айыптар тақты. Австрияда да Әлиевке қарсы тергеу басталғанына бірнеше жыл болғаны белгілі. Рахат Әлиевтің адвокаты бұдан бұрын «Әлиевтің Австрия билігіне өз еркімен берілгісі келетінін, тергеуге көмектесу ниеті барын» айтып үлгерген еді... 6 маусымда Қазақстан бас прокуратурасы да Рахат Әлиевтің Вена қаласында тұтқындалғанын растады. Қазақстан бас прокуратурасы «Әлиевті ұстауға «Нұрбанк» топ-менеджерлері Ж.Темірәлиев пен А.Хасеновті ұрлау және өлтіру фактісі бойынша тергеу материалдары негіз болғанын» айтты. Ол-ол ма, 2013 жылы 20 жел­тоқсан күні Қазақстанның Бас прокуратурасы: «оппозициялық саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтіруге тапсырысты Рахат Әлиев берген» деп мәлімдеді. 2014 жылы қаңтарда Қазақстан прокуратурасы Рахат Әлиев пен Әлнұр Мұсаевтың үстінен олардың оппозициялық саясаткер Алтынбек Сәрсенбаев пен оның екі серігінің өліміне қатысы бар-жоғын анықтау мақсатында қылмыстық іс қозғауға өтініш түсіріп, Рахат Әлиев Алтынбек Сәрсенбайұлы өліміне қатысты істе күдікті деп танылды. Әйткенмен, Рахат Әлиев жақын арада Қазақстанға қайтарылмайтын секілді. Еліміздің Бас прокуратурасы “тергеу жұмыстарын Австрияның құзыретті органдары жүргізуде” деп мәлімдеді. Яғни, Рахат Әлиевті Қазақстанға экстрадициялаудың ұзынсонарға айналары анық. ...“Бәрі қуанып кетті” дегеннен шығады, өз басым бұл ақпарға селт еткенім жоқ:  қуанбадым да, мұңаймадым да... Қуанайын десем: мұным мұсылманшылыққа жатпайды. Мұңаяйын десем: бұл адамның жасаған қиянатын естігенде, төбе шашың тік тұрады... «Өзгеге ор қазба, өзің түсесің...» дейтін нақылды санамызға жастайымыздан сіңіріп өстік, Әлиев ұсталды екен деп, әкем тіріліп келгендей қуанбаймын... Журналист Серік АБАС-ШАХ: «Рахат өмір бар да, Рахаттың өмірі бар» деп жазыпты ғой, осы сөз-ақ, әркім өз талайынан көрсін... Мені мазалайтыны: бұл ақпардың өзі халықтың назарын басқаға аударып, қазақтың мүддесін саудалау болып жүрмесін... Әйтпесе, «Оңып жатқан Оспан жоқ» деп бір атамыз айтпақшы, Рахат кеткелі де қарық болып жатқанымыз шамалы. Соңғы бір жарым жылдың ішінде Қаржы полициясы 300-ден астам ірі шенеунікке қатысты 10 мыңнан астам қылмыстық іс қозғап, халық қазынасынан 300 миллиард теңгенің ұрланғанын анықтап отыр... Не деген арсыз ұрлық-қарлық! Неткен ысырап!!! Қажымұқан ҒАБДОЛЛА www.qazaquni.kz