Ел қорғаған Ер Жәнібек!

IMG-20140612-WA0001 Маусымның 17-і күні Астанада "Ел қорғаған Ер Жәнібек" атты халықаралық ақындар айтысы өтеді. "Ер Жәнібек" атындағы халықаралық қордың қолдауымен өткелі жатқан додаға 14 ақын қатысады. Атап айтсақ Ринат Зайытов, Әсем Ережеқызы, Қарлығаш Әубәкірова, Анаргүл Бәделханқызы (ҚХР), Сәтжан Тілашқан (Моңғолия) тағы басқалар. Аталмыш шара Жәнібек батырдың 300 жылдығына арналып отыр. Айтыстың өтетін орыны: Бейбітшілік және келісім сарайы. Уақыты: 17:00 ЕР ЖƏНІБЕК БЕРДƏУЛЕТҰЛЫ Жәнібек Бердәулетұлы (1714–1792) – батыр, шешен. Жоңғар шапқыншылығына қарсы соғыстарға белсене қатысқан. 1760 ж. Ж. абақ керейлерді Алтай тауының қазіргі Шыңжаң өлкесіне қарасты байырғы мекеніне апарып орналастырған. Есімі абақ керейдің ұранына айналған. Жоңғар шапқыншыларына қарсы соғысқа аттанарда нағашы атасы Қаз дауысты Қазыбек биден бата алады. Бір шайқаста мінген тұлпары болдырып қалған Абылай ханға астындағы көк дөненін түсіп беріп, Абылайды құтқарып қалады, өзі жекпе-жекке шыққан екі қалмақ батырын жеңіп, жаудың бетін қайтарады. 1731 ж. Кіші жүз ханы Әбілқайыр Ресей империясының бодандығын қабылдаған кезде Ер Жәнібек керей тайпасын бастап, Сыр бойынан үдере көшіп, Қалба тауына келіп қоныстанады. Осы арадан Алтайдың Ақтау төңірегіндегі бір асуынан жол салып асып барып, өр Алтайды шолып қайтады. Бұл асу кейін “Жәнібек асуы” деп аталып кеткен. 1760 ж. Жәнібек батыр абақ керей руын Алтай тауының қазіргі Шыңжаң өлкесіне қарасты байырғы мекеніне апарып орналастырады. Сөз бастаған шешендігімен, ел бастаған көсемдігімен, жауға шапқан батырлығымен бүкіл абақ керейдің ұранына айналған "Ер Жәнібек" сексеннің үстіне шығып қайтыс болған. Батырдың зираты Қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданы, Ортабұлақ деген жерде. Зиратының басына ескерткіш орнатылған.